Желтоқсан айының 20-шы жұлдызында Біріктірілген газ-химиялық кешені (І кезең – полипропилен өндірісі) жобасының жүзеге асырылу деңгейі 51,73% құрады. Келесі жылдың аяғына дейін Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС компаниясы жобаны 53%-ға аяқтауды көздеп отыр. Бұл көрсеткіш жобалау, жабдық пен материалдарды жеткізу, құрылыс секілді жұмыстардан құралады.
Қазіргі уақытта жобалау мен құрылыстың жылдамдығын әрі сапасын арттыруға мүмкіндік беретін, сондай-ақ кәсіпорынды қолдануды оңтайландыратын зауыттың цифрлық 3D үлгісінің дайындығы толығымен аяқталды.
Жобаны жүзеге асырудың қарқыны жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізу, еңбек және техникалық ресурстарды жұмылдыру арқылы қамтамасыз етілді. Жабдықты тасымалдау және жеткізу кестеге сәйкес іске асырылуда. Жалпы, жобаға 39 компания тартылды. Оның ішінде қазақстандық – 36, шетелдік – 3.
Айта кетейік, қарашаның аяғында құрылыс алаңына қазақстандық компания жасаған ректификациялық бағана (пропан/полипролиненнің сплиттері) жеткізілді. Бағананың салмағы 1 100 тонна (қызмет көрсету алаңдары және үйлестіру құрылғыларымен қоса алғанда 1 500 тонна), ұзындығы – 105 метр, диаметрі 8 метрден астам, ал көлемі – 5 132 м.
Жақын арада құрылыс алаңына салқындатқыш блок пен салмағы 248 тоннаны құрайтын екі трансформатор жеткізілуі тиіс. Бұған қоса, зауыттың аумағында тасымалдау, темір жол және жүк тиеу-түсіру инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. ЖШС 2008 жылы құрылған болатын. Ол «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорындағы» компаниялар тобының құрамына кіреді. 2018 жылғы 28 маусымда «Самұрық-Қазына» қоры компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ сенімгерлік басқаруға тапсырды. Зауыттың құрылысын 2021 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Бұл жоба жылына жылына 500 мың тоннаға дейін полипропиленді өндіруге мүмкіндік береді.
Серік ӘЛІМЖАНОВ,
Атырау