Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы УЕФА түзген рейтингте 4-орын иеленді. Ал футбол құрамасы 2019 жылды ФИФА рейтингінде 118-орынмен аяқтады. Орын санын анықтауға ЕУРО-2020 іріктеу кезеңі мен осы жылы өткен түрлі турнир әсер етті.
Әр сала жылды қорытындылап, есеп беріп жатыр. Түрлі рейтинг түзіліп, жеңіс пен жеңілістің себеп-салдары сарапталды. Осыған байланысты УЕФА мен ФИФА рейтинг жаңартып, 2019 жылдың үздік құрамаларын анықтады. Футзалдан Қазақстан құрамасы маусымды рейтинг бойынша 4-орынмен аяқтады. Жаңартылған рейтинг көрсеткендей, футзалдан құрама 2 074 ұпай жинап, өткен жылға қарағанда бір сатыға жоғарылады. 2018 жылы ұлттық құрама 2 674 ұпаймен 5-орынға тұрақтаған.
Испания құрамасы УЕФА рейтингінде 2 112 ұпай еншілеп, көш бастады. Ал 2 099 ұпай жинаған Ресей екінші орыннан көрінді. 2018 жылы көршілеріміз 2 765 ұпаймен 3-орынға табан тіреген еді. Биыл 2 088 ұпаймен Португалия құрама командасы үздік үштікті түйіндеді
Михал Билек баптайтын футболдан Қазақстан құрамасы 2019 жылдың ЕУРО-2020 іріктеу турнирінде өнер көрсетті. I тобында өнер көрсеткен ұлттық құрама 10 ойында 10 ұпай жинады. Әрине, мұндай көрсеткішпен үздік 100 құраманың қатарына кіру мүмкін емес. ФИФА рейтингінде Қазақстан 1 155 ұпаймен 118 орын алды. «Кемедегінің жаны бір» демекші, I тобында Қазақстан құрамасымен бірге доп тепкен Ресейге 1 470 ұпаймен 38-орын берілді. Шотландия 1 422 ұпаймен – 50-орын, Кипр 1 251 ұпаймен – 95-орын, ал Сан-Мариноға 824 ұпаймен 209-орын бұйырды.
ФИФА түзілімі бойынша 1 765 ұпай жиған Бельгия үздік атанды. 1 733 ұпай алған Франция 2 орын алса, Бразилия 1 712 ұпай жинады. 2016 жылғы Еуропа чемпионы – Португалия құрамасы 1 639 ұпаймен 7-орыннан көрінді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері болған Хорватия 1 642 ұпаймен 6-орында тұр. Латын Америкасының үздіктері – Аргентина, Уругвай мен Колумбия үздік ондыққа кірді.
Жоғарыдағы рейтинг көрсеткендей, футзалдан алда болсақ та, футбол көшінде ілініп-салынып жүрміз. Іргедегі қырғыз елі түзілімде 96-орында тұрса, Өзбекстан 85-орынға жайғасты. Түбі бір түркіміз деген Түркия (29) мен Әзірбайжан (114) да доп тебуден құр алақан емесін көрсетті. Футболды дамытуға ден қойып, қаржы бөлінсе де, аяқ допшыларымыз Еуропа «шыңын» бағындыра алмай жүр. 2020 жылдың жазында ЕУРО-2020 турнирі өтеді. Рейтингте 38-орын алған Ресей турнирдің топтық кезеңінде бақ сынайды. Ал біз футболдан кезекті турнирді теледидардан тамашалаймыз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ