Қазақстандықтар екі күн ішінде көп балалы отбасыға 3 млн теңге жинап берген.
Абай мен Нағима Нұрбековтар төрт баласымен бірге Арқалықтағы ата-анасына бара жатқан. Алайда Bek Air ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан отағасы қаза тауып, анасы мен балалары жансақтау бөлімінде жатыр. Көп балалы отбасына көмек көрсету үшін қазақстандықтар 2 күн ішінде 3 млн теңге жинады,
"Қазақстан халқы! Мен таңғалып тұрмын..Түнде Каспий банк және Сбербанк карточкаларыма жалпы сомасы 2 млн теңгеден астам 542 жаңа аударым жасалды! 500 теңгеден бастап 300 мың теңгеге дейін ақша аударғандар бар! Жалпы, 3 млн теңгеден астам қаржы жиналды", - деп жазды Haq қозғалысын құрудың бастамашысы Тоғжан Қожалиева Facebook-тегі парақшасында.
Қоғам белсендісі қайғылы жағдайға бей-жай қарамаған қазақстандықтарға алғыс білдірді:
"Нұрбековтер отбасының қайғы-қасіретін жеңілдетуге атсалысқандарыңызға көп рахмет. Бүгін мен Абай марқұмның жаназасына барамын.
Бұл ақша оның әйелі мен олардың 4 баласына үлкен көмек болады. Қаражатты кім қайда жұмсайтыны туралы сұрақтар туындамас үшін біз Нағима Нұрбекованың беті бері қарағанын күтеміз. Ол не істе десе соны жасаймыз. Өйткені әкесіз төрт баланы тәрбиелеп өсіретін Нағима. Бұған дейін барлық қаражат менің екі картамда болады".
Естеріңізге сала кетейік, "Bek air" әуекомпаниясының Fokker 100 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан Нұрбековтардың отбасы зардап шекті. Төрт кәмелетке толмаған баланың әкесі-Абай Нұрбеков қаза тапты. Оның әйелі мен балалары жан сақтау бөлімінде.