Ғылымның мазмұны маңызды

Ғылымның мазмұны маңызды

2020 жылғы «Жаһандық инно­вациялық индекс» рейтингісінде Қазақстан 77-орынға ие болды. Дамыған елдер туралы айт­пағанда, біз Ресей мен Беларусьтен айтарлықтай артта қалып, Арме­ния­дан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да төменгі орынға түстік.

Ал өзіміздің статистикалық дерек­терімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған, осы көрсеткіш бойынша біз Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып отырмыз. Неге бұлай? Басты себеп – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі. Соны­мен бірге, біздің шетелдік әріптестеріміз былай дейді: «Сіздер үнемі ғылыми зерт­теулерді ұйымдастыру нысанын өзгер­тумен айналысасыздар, ал дұрысында, жүйенің мазмұнын өзгерту қажет. Өз­герістерді ғылыми зерттеулердің жаңа әдістерін меңгерген заманауи ғылыми кадрларды даярлаудан бастау керек. Егер сіздер бұған қол жеткізсеңіздер, өте тиімді ғылыми әзірлемелерге ие боласыздар. Сол уақытта бизнестің өзі оларды коммер­цияландыруға кезекке тұрады». Бұл бағытта біз не тындырдық? Біз ғалымдарды дайындаудың ескі кеңестік жүйесін жойдық, бірақ оның орнына жетілдірілген жаңаша жүйені құра алма­дық. Технологиялық тұрғыдан дамыған елдер, оның ішінде Қытай, инно­вация­ларды құрудың және заманауи ғылыми кадрларды даярлаудың ең қысқа жолы зерттеу университетінің моделі болып сана­латынын дәлелдеді және бүгінде көршілеріміздің қандай ғылыми серпіліс жасағанын көріп отырмыз. Аталған елдің университеттерінде, негізінен, эко­номи­ка­ның неғұрлым өзекті мәселелерін шешу­ге бағытталған ірі пәнаралық ғылы­ми бағдарламалар жүзеге асырылады. Өзіндік ғылыми мектебі қалыптаспаған зерт­теулердің бағыттары бойынша жо­баларға жетекші шетелдік ғалымдар тар­тылады. Нәтижесінде, мульти­пликативті нәтижелерге, яғни өндіріске қажет инно­вацияларға, жаңа білім транс­фертіне, заманауи зерттеу әдістерін мең­герген жас ғалымдарды даярлауға, ЖОО үшін жаңа білім беру бағдарламаларына қол жет­кізіледі.

Шын мәнінде, біз бүгінге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұ­мыс істеу мазмұны емес, тек маңдай­шасындағы жазуы өзгерді.

Ал біз өзіміздің көптеген рефор­маларымызбен ғылым мен жоғары білім беруде, осындай басты жүйелі өзгерістерді іс жүзінде қалыптастыра алмадық. Шын мәнінде, біз бүгінгі күнге дейін әлемдік ғылыми және білім беру кеңістігімен біріге алмадық. Бізде құрылған бірнеше ғылыми-зерттеу университеттерінің жұ­мыс істеу мазмұны емес, тек маңдай­шасындағы жазуы өзгерді. Ал салалық министрліктер, тіпті басқа жолмен жүр. Олар өзіне бағынышты университет­тердің ғылыми әлеуетін нығайтудың орнына, олардың үстінен неше түрлі әкім­шілік құрылымдарды ойлап тапты. Мұн­дай жүйе ешбір дамыған елде жоқ. Осыдан-ақ Қазақстанның Жаһандық инновациялық рейтингте артта қалуының және еліміздегі инновациялық өндіріс­тердің төменгі үлесінің себебі мен сал­дарын түсінуге болады. Бұл көрсеткіш ғылым­ның бүгінгі жай-күйін ашық көр­сетіп тұр. Аталған маңызды саланы басқарудың енжарлығына қарағанда, жақын арада технологиялық серпіліс жасап, кәсіп­орын­дарымыздағы еңбек өнімділігін едәуір арттыра алатынымызға үлкен күмән бар. Сондықтан экономикамызды ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жүйелі өзгерістер жүргізу қажеті анық. Ең бастысы, ғылым саласын  басқаруда менеджер ғана емес, әлемде жинақталған үздік тәжірибені пайдалана алатын, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заман­ауи жүйесін біздің жағдайымызға бейім­дей алатын, елде са­палы ғылыми әлеуетті қалыптастыруды қамтамасыз ете­тін танымал ғалымның болуы да маңыз­ды.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, Парламент Сенатының депутаты