«БИС Групп»-тың жұмысы жүре ме?

«БИС Групп»-тың жұмысы жүре ме?

Қызылордада қыруар қаржыға салынған мия тамырын өңдейтін зауыт әлі қаңтарылып тұр. Кезінде Жалағаш ауданының халқы бұл бастаманың болашағынан көп үміт күткенімен, өндіріс жұмысы нәтиже бермей отыр.

Жалағаш ауданыңда «БИС Групп» ЖШС құны 2 млрд тең­ге­ге жуықтайтын зауыт салып, шы­ғарылатын өнім толық экс­порт­қа бағытталатын болған-ды. Зауыт басшылығы өндіріс орны қызыл мия тамырының ерітін­дісінен бөлек түрлі медициналық препараттарға қажетті шикізат дайындайтынын айтқан еді. Мұны естіген жұрт зауыт бола­шағынан зор үміт күтті, бірақ ел сенімі ақталмады. Нақтырақ айтсақ, 7-8 жыл бұрын іргетасын қалаған зауыт құрылысында бастапқыда кідіріс болған жоқ. Келесі жылы-ақ ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Бұл өндіріс орны толық іске қосылса, 156 адамды тұрақты және 500 адамды маусымдық жұ­мыспен қамтитын болған. Мұнда жылына 6 мың тонна мия тамыры өңделіп, мия өсімдігінің экстрак­ты, кремі, глициризин қыш­қылының ұнтағы, полисахарид, флавоноид секілді 5 түрлі ком­по­нент алынады делінген еді. Өн­діріс орны ашылған жылы жоба иелері мия тамырын өсіру бо­йын­ша бірқатар шаруашылықпен келісім жасады. Сондықтан жалпы 80 мың гектар алқаптық қызыл мия қоры бар өңірде жаңа кә­сіп бірден өркендеп сала бе­рердей көрінді. Бірақ жұрт күт­кендей зауыт қарқынды жұмыс істеген жоқ. Осыдан бірер жыл бұрын об­лыстық Индустриялық-инно­вация­лық даму басқармасы өт­кізген брифингте осы зауыт тө­ңірегіндегі бірқатар мәселе айтылды. Анығы қазақстандық «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Бо­ри­хунда» компаниясы бір­лесіп іске қосқан зауыт жұмысы тоқтап тұруына екі компания арасындағы пайыздық мөлшер­лемеге қатысты келіспеушілік себеп болған сыңайлы. Алайда араға бірер жыл салып, яғни 2017 жылы «Бис Групп» ЖШС мен қытайлық «Борихунда» ком­паниясы арасындағы келісім негізінде зауыт жұмысы қайта қолға алынды. Алғашқы 20 тонна өнім Қытай еліне жөнелтілді. Бірақ көп ұзамай зауыт жұмысы тағы да тоқтап, жұмысшылар нәпақасынан айырылды. – «БИС Групп» ЖШС-нің «Қызыл мия тамырын өңдеу зауыты» 2014 жылы іске қосылған болатын. Алайда бүгінге дейін түрлі себеппен зауыт жұмысы тоқтап тұр. 2020 жылы зауытқа инвестордың жеке қаражаты есебінен газ желісі тартылып, қазір Қытай Халық Республика­сынан зауытқа қажетті құрал-жабдық алу жұмыстары жүргізіліп отыр. Биыл зауыт жұмысын қайта бастайтын болады, – дейді Жалағаш аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Ғабит Жанашев. Бірақ ол зауыттың нақты қай айда іске қосылатынын айтпады. Ал 2021 жылдың алғашқы айы да өте шыққанын ескерсек, алдағы 11 айдың бірінде іске қосылатын шығар деп үміттенеміз. Әкімдіктегілердің сөзінше, тұралаған жұмысты жүргізу үшін нақты шаралар қолға алынып жатқан көрінеді. Зауыт жұмыс­шылары әлі де болса өндіріс ор­ны іске қосылатынына үмітті. Бү­гін құрылтайшы өз қаражатына зауытқа газ тарту жұмысын жүр­гі­зіп қойғаны болмаса, әзірге өн­діріс орнында тіршіліктің лебі ес­пейді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ, Қызылорда облысы