Ұлыбританияда зейнеткер 8 жылда 116 баланың әкесі атанып отыр

Ұлыбританияда зейнеткер 8 жылда 116 баланың әкесі атанып отыр

Ұлыбританияда зейнетке шыққан математика пәнінің мұғалімі бүгінде 116 баланың әкесі атанып отыр. Бұл жайында Daily Mail басылымы жариялады.

Англияның Дерби қаласының 65 жастағы тұрғыны Клайв Джонс донор болып қызмет етеді. Өз әйелінен үш баласы бар. Ал сегіз жыл ішінде донор болуының арқасында 116 баланың әкесі атанды.

Басылымның мәліметінше, пандемияға байланысты енгізілген шектеулер мен елдегі клиникалардың жабылуы донорлардың жетіспеушілігіне әкелген. Сондықтан интернет пен әлеуметтік желілерде түрлі қауымдастықтар пайда болған. Онда ер адамдар донор ретінде қызметін ұсына бастады. Міне, Клайв та осындай қауымдастықтың арқасында бірталай әйелге донор болғанын жасырмады. Зейнеткер клиникаларда донор болуға жасы 45-тен аспағандарға ғана рұқсат ететініне қынжылуда.

Ол өзінің қызметі әлеуметтік желілерде күтпеген жерден жоғары сұранысқа ие болғанын алға тартты. Ер адам бұл әрекетін бала сүйгісі келетін әйелдерге көмектесу ниетімен жасап жүргенін айтты. Алайда оның бұл қылығын жан жары құптай қоймаған. Сол себепті де олар ажырасып кеткен екен. Бірақ бұрынғы ерлі-зайыптылар достық қарым-қатынасын сақтап қалған. Зейнеткер қызметі үшін әр әйелден 30 фунт стерлинг алады. Клайв донорлықтың арқасында дүниеге келген он баласымен танысып та көріпті.