Биыл елдің мәдени өмірінде айрықша оқиғалар болды. Мәдениет пен өнердің, спорт пен киноның елдің дамуына қосар үлесі зор. Сондықтан 2019 жыл Нью-Йорк қазақша ән шырқап, жапондар көк Туды ұстаған жыл ретінде есте қалды. Ән қоржынымыз есті әндермен толығып, әлем қазақ спортының дамып жатқанына куә болды. Кинематографияға келсек, «Томирис» тарихи фильмі мен бірқатар туынды жарық көрді. Алғаш рет балалар «Евровидениесінен» жүлделі орын алдық. Димаш Әміреден кейінгі қазақтың үні екенін, Ержан дауысымен ел мен жердің арасында алтын көпір салуға боларын дәлелдеді. Биыл спортта Бекзат Нұрдәулетов жарқ етті. Тәуелсіз елдің ұланы Ла Круздай ерге төтеп бере алатынын дәлелдедік. Елдос Сметов болып талай сында топ жардық. Өнер мен қазақтың рухы үйлесім табатынын, спортты серік еткен көшпелі елдің жігері жасымайтынын көрсеттік.
2019 жыл қазақ спорты үшін табысты болды. Әлемдік додада айбарымызды көрсетіп, бәсекеге қабілетті екенімізді дәлелдедік. Бокстан әлем чемпионатында әр қарсыласты бағалау қажетін еске салдық. Бекзат Нұрдәулетов тәрізді боксшымыз төрткүл дүниеде жас пен тактиканың әлі де үстемдік құратынын дәлелдеді. Рух пен жүректің, айбын мен жігердің бокстан 4 дүркін Әлем чемпионын құлата алатынын көрсетті. Сөйтіп, рейтингіміздегі «Жыл спортшысы» атағын еншіледі.
Элизабет Тұрсынбаеваны «Жылдың үздік спортшы қызы» дегенді жөн көрдік. Өйткені талантты мәнерлеп сырғанаушы биыл тарихтағы ресми жарыста төрт сальхов секірген алғашқы ару атанды. Тутберидзе шәкірті Сайтамада өткен әлем чемпионатында, Анахаймда төрт континенттің басын қосқан бәсекеде және Красноярскіде өткен Универсиадада күміс медальге ие болды. 2019 жыл Тұрсынбаеваға табысты жыл болғаны сөзсіз.
«Жыл жүлдесін» алған Юлия Галышева түзілімнің 3-сатысына жайғасты. Галышеваның Пченчхан қысқы Олимпиадасында құраманы алға сүйрегені есте болар. Биыл да талантты спортшы үшін жемісті жыл болды. Галышева АҚШ-та фристайлдан өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тақты. Фристайлшының бұл әлем чемпионатындағы алғашқы алтыны. Қазақстан спорт тарихындағы ерекше жүлде рейтингке орналасуға ықпал етті.
Ал Елдос Сметов дзюдодан өткен әлем чемпионатында ел қоржынына қола медаль салды. Сметовке Будапеште өткен Гран-при сайысында алтын медаль бұйырды. Қандай жағдай болмасын соңына дейін барын салатынын, дзюдодан әлемнің үздік спортшыларының қатарында екенін көрсетті.
Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында Әлішер Ерғали жасындай жарқ етті. 97 келі салмақта күрескен ол олимпиадаға жолдама алып, «Жыл жаңалығы» атанды. 20 жастағы Әлішер еркін күресте еркін елдің баласы барын сала белдесетінін дәлелдеді.
«Жылдың ең жас спортшысы» – Әбілмансұр Батырғали. 17 жастағы спортшы Чилиде өткен каратэден жастар арасындағы әлем чемпионатынан алтын медаль алды. «Жыл командасы» атанған «Сарыарқа» Жоғарғы Хоккей лигасын сәтсіз бастады. Біріншілікте 3 бапкер ауыстырып, лиганы 10-орынмен аяқтады. Алайда «Петров» кубогында сценарий өзгерді. Спорт сарапшылары турнир басталарда «Сарыарқаны» аутсайдер қатарына қосқан. Бірақ олар командалық ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз болды.
1. «Жыл спортшысы» – Бекзат Нұрдәулетов
2. «Жылдың үздік спортшы қызы» – Элизабет Тұрсынбаева
3. «Жыл жүлдесі» – Юлия Галышева
4. «Жыл жігері» – Елдос Сметов
5. «Жыл жаңалығы» – Әлішер Ерғали
6. «Жылдың ең жас спортшысы» – Әбілмансұр Батырғали
7. «Жыл командасы» – «Сарыарқа» хоккей командасы
Ақан Сатаев түсірген «Томирис» фильмі рейтингте «Жыл киносы» аталымына ие болды. Тарихи негізде түсірілген фильмді көрермен жылы қабылдады.
Актерлік құрамды таңдау мен түсірілім жұмыстарына ерекше мән берген Ақан Сатаевты «Жыл режиссері» дегеніміз жөн болар. Туындыны әр қырынан бақылап, соғыс бейнеленген кадрға байыппен қарағаны байқалып тұр.
Ал көрерменге рух беріп, жігерді жаныған кинокартина – «Қазақ хандығы. Алтын тақ». Сондықтан Рүстем Әбдіраш таспалаған туынды «Жыл рухы» атанды. Тақ пен тағдырдың, хан жолының, қазақ тарихының бейнесін көрсеткен фильмге жоғары баға берілді. Актерлік құрамның шеберлігі, сценарийдің құрылымы үйлескен көркем фильм көптің көңілінен шықты.
Елімізде комедия жанрында түсірілген кино көп. Прокаттағы қазақ киноларының көп бөлігін комедия жанрындағы фильмдер құрайды. Сондықтан біреуін таңдау қиынға соқты. Бірінің берерінен күлдіргі тұсы көп болса, екінші фильмнің мәнін ұқпай жаттық. Десе де, прокатқа шыққанына көп уақыт болмаса да, «Ва банк» комедиясы миссиясын орындады. Әзілдің астарында зіл барын, күлкі де ой саларын мойындатты. Құралай Әнуарбекованың продюсерлігімен жарыққа шыққан кезекті туынды нысанасын дәл көздеді.
Рейтингтің «Жыл сценарийі» аталымын «Айна» фильміне беруді ұйғардық. Сценарийдің ұтымды тұсы көрерменге әр нәрсенің себебі бар екенін түсіндіре алуында. Қоғамның шынайы бейнесін айна қатесіз суреттеуінде. Фильм сценарийі Денис Теннің өліміне себепші болған айна біреудің өміріне қажет екені, күйбең тіршіліктің қамы қайғылы жағдайға себеп болатынын түсіндірді.
Үздік продюсерге келсек, Нұрлан Қоянбаев бірнеше жыл қатарынан сәтті еңбек етіп келеді. Оның бастамасымен шыққан фильмдер прокатта «сарсаңға» түскен емес. Көрермені бар, ойы бар, Қоянбаев сияқты «Жыл продюсері» бар фильмнің сүрінбесі анық.
Әрине, рейтингте «Жыл балалар фильміне» де орын бар. Талғамға талас жоқ. Биыл балалар мен жасөспірімдер «Каникулы OFF-line» картинасын қызыға тамашалады. Ауылдағы лагерь өмірін комедияға арқау еткен фильм касса жинай алды. Талантты балаларды елге танытып, біразының жұлдызын жақты.
1. «Жыл киносы» – «Томирис»
2. «Жыл рухы» – «Қазақ хандығы. Алтын тақ»
3. «Жыл комедиясы» – «Ва банк»
4. «Жыл сценарийі» – «Айна» фильмі
5. «Жыл режиссері» – Ақан Сатаев
6. «Жыл продюсері» – Нұрлан Қоянбаев
7. «Жыл балалар фильмі» – «Каникулы OFF-line»
«Айқын» рейтингіндегі «Жыл әншісі» аталымы Димаш Құдайбергенге бұйырды. Биыл Димаш үшін жыл стадион толы концертпен басталып, Нью-Йорктегі ерекше шоумен аяқталды. «Арнау» деп ат береген ән-керуен әлемді шарлап жүр. «Айқын» газеті мен қалың қазақ Димаштың көмейіндегі үн мен көкірегіндегі күй тоқтамағанын қалайды.
«Жыл үміті» атанған Ержан Максим балалар «Евровидениесінде» бақ сынап, ел тарихындағы тұңғыш жүлдені алды. Қазылар алқасы жас таланттың қабілетін жоғары бағалап 1-орын бергенімен, көрермен дауысы нәтижесінде жарысты 2-орынмен аяқтады. Десе де, Ержан талғамы мен талантының арқасында көптің қошеметіне ие болды.
Шымкенттік Назима, сөзсіз, «Жылдың ән-елшісі». Black Star құрамындағы қазақ қызы рэп оқумен қатар, милизмге толы лирикалық әндерімен әйгілі. Оған Ресейдің атақты әншісі Валериямен айтқан дуэті дәлел. Назима биыл алыс-жақын шетелдерге концерт беріп қайтты. Елге келді, түрлі шараға қатысты, Ресейдегі маңызды кештерде өнер көрсетті. Ал Данэлия Тулешова рейтингте «Жыл жаңғырығы» аталымына иелік етті. Жас әнші 2019 жылы Халықаралық Еуразиялық жүлдеге ие болды. Клип түсіріп, фильм саундтрегін орындады. Ол орындаған танымал Stone Gold әні YouTobe-те 45 миллионнан астам қаралым жинады.
YouTobe демекші, Ерке Есмаханның «Қайда» әніне түсірген клипін серверде 103 миллионнан астам адам тамашалаған. Әншінің биыл шығарған «1001 күн» әні Ақтөбелік полицей Шалқар Құдайбергеновке арналды. Полицей суға секірмек болған жас қызды құтқару үшін өмірін құрбан етті. Артынша Құдайбергеновтің биыл шаңырақ көтермек болғаны, сүйіктісінің бар екені мәлім болды. Елге танымал Ерке ержүрек полицей мен сүйіктісінің махаббат хикаясын арқау етіп, ән жаздырып, клип түсірді.
«Жыл жаңалығы» атанған Әділхан Макин «Славян базары 2019» байқауында топ жарды. Ол Витебск қаласында өткен сында Игорь Николаевтың «Озеро надежды» әнін орындады. Ән орындау мәнеріне, болмысына тәнті болған төрешілер Әділханға 178 балл қойды. Әлемнің 16 елінен келген үздіктер бақ сынаған байқауда отандасымыз Гран-при иеленді.
2019 жылы мөлдір сезім мен сағынышқа толы «Сүйікті етші» әнін естімеген тыңдарман жоқ шығар. Әні мен әуені үйлесім тапқан композицияны Мейрамбек Беспаев пен Қанат Үмбетов орындайды. Жыл ринтгонына айналған әнді жүрекке жеткізген қос әншіге рейтингтен «Жыл дуэті» аталымын бердік.
1. «Жыл әншісі» – Димаш Құдайберген
2. «Жыл үміті» – Ержан Максим
3. «Жыл ән-елшісі» – Назима
4. «Жыл жаңғырығы» – Данэлия Тулешова
5. «Жыл жұлдызы» – Ерке Есмахан
6. «Жыл жаңалығы» – Әділхан Макин
7. «Жыл дуэті» – Мейрамбек Беспаев пен Қанат Үмбетов («Сүйікті етші»)
«Айқын» газеті Дәурен Серғазиннің сомдаған рөлдері мен актерлік шеберлігіне тәнті болды. Сондықтан оған «Жыл актеры» атағын берді. Талантты актер 2019 жылы екі бірдей фильмде басты рөлді сомдады. Серғазин биыл «Брат или брак 2» мен «Қазбат» көркем фильміне түсті. Екі түрлі жанрда ойнап әрі рөлін көрерменге жеткізе алғаны Дәуреннің жыл үздігі екенінің айғағы.
Ал «Жыл актрисасы» және «Жыл жаңалығы» аталымын Альмира Тұрсынға беруді ұйғардық. Өйткені психологтан актриса шығару оңай емес. Ал жолын жаңа бастаған актрисаның Томирис бейнесіне ене алуы тіпті керемет. Альмира Тұрсын Томирис тағдырын көзімен, ханшаның алған бетінен қайтпайтын жігерін болмысымен үйлестірді. Киген киімі де, жүріс-тұрысы да, өктем естілген дауысы да Тұмар ханымның образын ашты.
Рейтингтегі «Жыл театр актеры» аталымы Қ.Қуанышбаев театрының актері Нұрлан Өтеуіловке бұйырды. Біраз рөлімен елге танымал дарынды актер биыл «Абай» спектаклінде ақын образына жаңа тыныс берді.
Ал Назгүл Қарабалина «Жыл театр актрисасы» атанды. «Анна Каренина», «Фариза» және тағы басқа қойылымда басты рөлді сомадаған актриса өз ісінің шебері екенін көрсетті. Қарабалинаның ызаға, өкінішке толы жанары Анна Каренинаны, жігерлі дауысы мен таланты Фаризаны дүниеге әкелуге көмегі тиді. Алматыда, Нұр-Сұлтанда және Мәскеуде қойылған «Фариза» спектаклі талайды тәнті етіп, көрерменнен жоғары бағасын алды.
Сондай-ақ жоғарыдағы «Қазақ хандығы. Алтын тақ» және «Каникулы OFF-line» фильміне түсіп, басты рөлді сомдаған Мейірғат Амангелдин «Жылдың үздік жас актеры» атанды. Өзіне сенетін және өз рөліне сендіре алатын талантты жас актерлерді көргенде сүйсінесің. Қазақ кинематографиясының ертеңіне үмітпен қарайсың. Мейірғат Амангелдин өзін театрда, драмада, тарихи кино мен комедияда сынап жүрген дарынды жас.
1. «Жыл актері» – Дәурен Серғазин
2. «Жыл актрисасы» – Альмира Тұрсын
3. «Жыл театр актеры» – Нұркен Өтеуілов
4. «Жыл театр актрисасы» – Назгүл Қарабалина
5. «Жыл жаңалығы» – Альмира Тұрсын
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ