Түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарының сақталуына мониторинг жүргізді.
Павлодар облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, халық қалаулылары қаламыздың халықпен тікелей жұмыс істейтін, соның ішінде жолаушы тасымалдайтын мекемелерге ат басын бұрды. Бұл жолы мониторинг тобының құрамында облыстық мәслихат депутаттары Жарқынбек Амантай, Ирина Чидунчи, Серік Сәдуақасов, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Елена Яровенко және Павлодар аудандық мәслихатының депутаты Дмитрий Корепанов болды. Депутаттардан құрылған топ мүшелері «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ-да және «№1 автобус паркі» ЖШС-інде болып, қызметкерлердің қызмет көрсету сапасы мен тіліне назар аударып, көрнекі ақпараттардың жағдайымен танысты. Мекемелердің бірінші басшыларымен жолығып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. – Бүгін соңғы бір айдың ішінде үшінші мәрте мониторингке шығып отырмын. Бұл – қоғам үшін аса маңызды жұмыс. Оның негізгі мақсаты – халыққа қызмет көрсету орындарында сапалы екі тілде қызмет көрсету, мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерде орналасқан тіл заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін жарнама өнімдері мен көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі қателерге және олардың сауатсыз орналасуына жол бермеу. Жолаушы тасымалдайтын мекемелерде болып, ондағы жағдаймен таныстық, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жарқынбек Амантай.Әбілмансұр ЖАСАН