Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясының мүшелері Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев іссапармен облыс орталығынан шалғай жатқан Талас ауданына барды. Мәжіліс депутаттары және аудан әкімі Бақыт Қазанбасов бастаған сала басшылары алдымен жылына 300 мың тонна цемент өндіруге қауқарлы «Жамбыл-Недр» ЖШС-де болды.
Кәсіпорын өткен жылы 18 500 тонна цемент пен 7 200 тонна күйдірілген кірпіш өндірген. Қазіргі таңда 164 адам жұмыс істейтін серіктестік алдағы уақытта 500 мың тоннаға дейін әк тасын және бетон өндіретін зауыттың құрылысын қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл туралы «Жамбыл-Недр» ЖШС бас директоры Болатбек Батырбеков баяндады.
Сондай-ақ халық қалаулылары TalasinvestCompany ЖШС-нің жұмысымен танысты. Кәсіпорын былтыр 11 001,33 миллион теңгенің өнімін өндірген. Серіктестік еліміздегі бірден-бір кәсіпорын болғандықтан келешекте зауыттың екінші желісін іске қоспақшы. Ондай жағдайда мекеменің өндіріс қуаты артып, өнім көлемі 30 мың тоннаға жетеді.
Кездесу барысында TalastinvestCompany ЖШС тарапынан туындап отырған мәселелерді назарға алатынын жеткізген Қожахан Жабағиев кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Одан кейінгі бағыт «ҚаратауПро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды.
Сапар соңында Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев пен Қожахан Жабағиев Nur Otan партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында тұрғындардың ұсыныс-тілектері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Кездесуде қабылдауға жазылушылар тарапынан Қаратау-Ақкөл бағытындағы көлік жолына, «Жартас» көлінің жағдайы мен қалаішілік жолдардың құрылысына, құжаттарын заңдастыра алмай отырған үй иелеріне қатысты мәселелер көтерілді. Туындап отырған түйткілдерді зейін қойып тыңдаған халық қалаулылары ұсыныстардың ескерусіз қалмайтынын айтты.
Жамбыл облысы