Жаңа жыл Таяу Шығыста жаңа дүрбелеңмен басталды. Онсыз да соңғы ширек ғасырда түрлі деңгейдегі қақтығыстардан көз ашпаған өңірде жағдай ушығып тұр. Қырық жыл бойы бір-біріне тіс қайрап келген АҚШ пен Иран 3 қаңтардан бері тіптен ерегісіп отырған жайы бар. Өйткені АҚШ Иран әскері қолбасшыларының бірін өлтірді.
3 қаңтарда АҚШ-тың Парсы шығанағы төңірегіндегі әскери базаларының бірінен ұшып шыққан ұшқышсыз аппарат Бағдат әуежайында Иранның ислам революциясын қорғау корпусы «әл-Құдыс» күштерінің командирі, генерал Касем Сулейманиді өлтірді. Оның қасында ирактық «Хашди Шаби» тобы жетекшісінің орынбасары Әбу Мәхди әл-Мухандис болған. Шабуыл кезінде аталған тұлғалардан бөлек тағы біршама адам көз жұмды. Бұл оқиға Таяу Шығыстағы жағдайды шиеленістіріп жіберді. Әзірге текетіреске түскен тараптар ашық айқасқа шыға қойған жоқ, бірақ басшы-қосшының түрлі мәлімдемелері, дөңайбат көрсету, ақпараттық майдан ашу анық байқалып тұр. Дегенмен дін атын жамылған түрлі топтар Африка мен Таяу Шығыста бірқатар АҚШ нысандарына шабуыл жасаған. Ал жаһан жұртын оқиға қалай өрбитіні алаңдататын тәрізді.
Парсылар «кек қайтарамыз» дейді
Касем Сулеймани өлтірілген соң парсылар кек қайтаруға мықтап бекінгенін жариялады. Бірқатар ақпарат құралдары Иран әскери әуе күштері өз ұшақтарын Иракпен шекараға топтастырып, қолдарындағы барлық зымыранды даяр етіп қойғаны жайлы хабар таратты. Сонымен қатар кек қайтқанша түсірілмейтін қызыл туды Джамкеран мешітіне тігіп, ел тұрғындарын майданға шақырған жайы бар. Түрлі радикал топтарды қазірдің өзінде астыртын қолдап, Иракта, Африканың бірқатар елдерінде шабуылдар ұйымдастырған сыңайлы. Кениядағы америкалық Симба әскери базасына шабуыл жасаған әл-Шабаб тобы АҚШ-тың үш азаматының өліміне себеп болды. Олардың арасында генерал Стивен Таунзенд те бар деген дерек тарады. Бірақ ресми Вашингтон генерал жайлы ештеңе демеді. Ал тағы бірқатар қарулы топтар Ирактағы АҚШ елшілігін, осы елдің Мосул қаласындағы әскери базаны атқылаған. Бірақ ресми Тегеран бұл шабуылдарға қандай да бір қатысы бар-жоғын мәлімдеген емес. Әзірге тек масс-медиа арқылы айбат шегуде. Осынау мәлімдемелердің ішінде «Израиль мен Хайфа қаласын жоқ қыламыз» деген «уәде» де бар.
Ал Ирак билігі Сулейманидің өлтірілуіне байланысты АҚШ әскерлерін елден шығару мәселесін көтерді. Оған Дональд Трамп «біздің Ирактағы барлық шығындарымызды өтеп берсеңдер, елден шығамыз» деген мағынадағы жауап қайтарды. Вашингтон аймаққа қосымша әскер жіберуге бекініп отыр. Дегенмен ирандық генералдың өлімі аймақтағы діни алауыздықты үдетіп жіберуі мүмкін екенін жоққа шығармаймыз. Өйткені 2003 жылы АҚШ әскеріне айрықша қарсылық көрсеткен ирактық шиит дінбасы Муктада ас-Садр өз жақтастарын қарулануға шақырды.
АҚШ: 52 нысананы жоқ қыламыз
Дональд Трамп парсы мемлекеті АҚШ нысандарына шабуыл жасаған жағдайда 52 нысанды жоқ қылуға әзір екенін мәлімдеген. Шамасы бұл нысандарды алдын ала белгілеп қойғанға ұқсайды. Осы тұста атап өтетін бір мәселе, АҚШ пен одақтастары ДАИШ-қа қарсы ұрыс жүргізген кезде сөз басында айтқан «Хашди Шаби» тобымен де ымыраласқаны бар. Исламның шииттің бағытын ұстанатын азаматтардан құралған бұл топты Сирия мен Ирактағы террористерді жою мақсатында пайдаланған. Кейін бұл топты террористердің тізіміне қоса салды. Ал Сулейманиді Таяу Шығыстағы АҚШ мүддесіне қарсы жұмыс істеген тұлға ретінде бағалайды. Ол Йемендегі, Ирак пен Сириядағы, Ливандағы қарулы топтардың «үйлестірушісі» болғанға ұқсайды. Батыс масс-медиасының пікірі осындай. АҚШ-тың НАТО-дағы одақтастарының біразы Вашингтонды қолдауға әзір екенін байқатып отыр. Ұлыбритания қазірдің өзінде ұрысқа кірісуге даяр екенін білдірді. Бірақ кейбір стратегиялық одақтастар «ойыннан тыс қалуды» құп көрген тәрізді. Атап айтқанда, Пәкістан өңірде қандай да бір әскери операция басталса өзінің әуе кеңістігі мен әскери базаларын АҚШ әскерлерінің қолдануына рұқсат бермейтінін мәлімдеді.
Әрине, мұндайда конспирологияға құмар болған жақсы емес. Алайда Таяу Шығыс елдерінің бірқатар масс-медиасы «даудың басы» болған Сулейманидің америкалық әскерилермен бірге жүрген фотосын да жариялады. Түсініп көріңіз енді.
Иран бүлінсе Тұран не болмақ?
Әрине, көптеген сарапшылар Иран мен АҚШ ашық соғысқа бара қоймайтынын айтады. Өйткені Парсы шығанағының айналасындағы елдердің біразынан онсыз да береке қашқан. Ал аймақтағы қуатты ел Иран мен әлемдік супердержава АҚШ ашық майданға кіріссе оның зардабы Таяу Шығыстан асып, Еуропаға, Орталық Азияға дейін тиюі мүмкін. Иранның тәуелсіз түркі мемлекеттерінің үшеуімен құрлықта, бізбен Каспий арқылы шекараласатынын ескерсек, соғыстың зардабы бізге де белгілі мөлшерде тиюі мүмкін. Одан ары Каспий теңізіндегі парсы флотының кемелері орта қашықтықтағы зымырандар пайдаланар болса, жауап та кешікпейді. Онда бұл аймақтың экологиясы мен экономикасына айтарлықтай зиян келеді. Ірі көлемдегі ұрыс бола қалған жағдайда босқындар мәселесі тағы туындайды. Түркиядағы АНКАСАМ зерттеу орталығы Еуразия бөлімінің басшысы Дінмұхамет Әметбектің айтуынша, бұл текетірестің түрлі астары бар.
«Мәселені Түркі әлемі тұрғысынан сараптайтын болсақ, бұл дағдарыс ең алдымен Түркия мен Әзірбайжан, сондай-ақ Қазақстан және Тұранның өзге де республикалары үшін бір жағынан қауіп-қатер төндірсе, екінші бір жағынан мүмкіншіліктер де ұсынып тұр. Қауіп-қатерден бастайтын болсақ, Иранның бүлінуі бүкіл аймақтың тұрақсыздануы деген сөз. Ең алдымен Түркия мен Әзірбайжанға жаңа бір босқын легінің келуіне апарып соғады. Иран лаңкестердің жаңа ұясына айналуы ықтимал. Бұл жағдайда Хазар теңізі (Каспий) мен Кавказ аймағының тыныштығы бұзылуы мүмкін. Мұндай қауіп-қатер Ресейдің аймақтағы ықпалын арттыра түседі. Әзірбайжан мен Түркіменстанды Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымына мүше болуға итермелеуі мүмкін. Яғни, Түркіменстан бейтараптық мәртебесін қайта қарауы ғажап емес.
Экономикалық тұрғыдан Қазақстанның Иран арқылы Парсы шығанағына шығу бағытына қауіп төнеді. Алматы-Бандар Аббас теміржолы желісі тоқтайды. Әзірбайжан тұрғысынан «Солтүстік-Оңтүстік тасымал коридоры» да үзіліп қалады. Бұл жағдай Бакудың соңғы жылдары Ресей мен Иран қатынасын күшейту арқылы Арменияны тығырыққа тіреу саясатына нұқсан келтіреді.
Мүмкіншіліктерге келетін болсақ, Иранның әлсіреуі Тегеранның Ирак пен Сириядағы ықпалының азаюы деген сөз. Бұл жағдайда Түркияның аймақтағы ықпалы күшейе түседі. Экономикалық тұрғыдан қарағанда Иранның тұрақсыздануы Әзірбайжан, Түркіменстан мен Қазақстан секілді мұнай мен газ өндіретін түркі елдерінің мүддесіне жарайды. Ираннан өтетін «Орта Азия-Батыс Азия коридорының» іске аспауына немесе кешеуілдеуіне байланысты Түркі кеңесі елдерінің дамытып жатқан орта коридоры Қытай тұрғысынан маңыздылығын арттырады», – деді сарапшы.
Амангелді ҚҰРМЕТ