Астанадан баспана алатындар үшін жеңілдік жасалатын болды

Астанадан баспана алатындар үшін жеңілдік жасалатын болды

Қала әкімі Алтай Көлгінов «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы бойынша тұрғын үй сертификатын алушылар  санатын кеңейту туралы бастама көтерді.

Егер, бұрын тізімге тек әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағылардың үшеуі ғана кірсе, енді оған барлық тоғыз санат та кіретін болды.

«Тұрғын үй мәселесі – ең маңызды бағыттың бірі. Тұрғын үй сертификатына қоса «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы (Қазақстандық ипотекалық компания)» АҚ-пен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бағдарламаға да өзгеріс енгізілді. Мұнда біз әлеуметтік пәтер алушылар санатын кеңейттік. Бұл әлеуметтік пәтерлерді тек медицина қызметкерлері мен мұғалімдер ғана емес, сонымен бірге, өрт сөндірушілер, әлеуметтік мамандар, мәдениет және спорт қайраткерлері, Полиция департаментінің қызметкерлері де алуға мүмкіндігі бар. Бұл – бағдарлама бойынша бастапқы жарна пәтер құнының 1 пайызы. Тұрғын үйді алдағы уақытта жекешелендіріп алуға болады», – деді әкім Алтай Көлгінов.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді баспана көлемінің құрылысы артты. Егер 2018 жылы 1 100, 2019 жылы 2 900, 2020 жылы 7 мыңнан аса әлеуметтік пәтер берілсе, биыл бұл сан 10 мыңға көбейеді.

Мұның бір бөлігі тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, тағы бір бөлігі – «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы кезекте тұрғандарға беріледі.