Шымкентте педофилге химиялық кастрация арнайы дәрінің болмауынан жасалмай отыр, – деп хабарлайды AstanaTV. Телеарнаның жазуынша, антиандрогендік дәрі қорда жоқ. Шымкент қаласы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің сотталғандарды медицинамен қамтамасыз тобының бас маманы Рано Улходжаева дәрі-дәрмек уақтылы алынбағанын алға тартып отыр.
«Денсаулық сақтау басқармасымен 2019 жылға аталған дәрілік зат сатып алынбауына байланысты химиялық кастрация бүгінгі күнде жүргізілмей жатыр. Антиандрогендік дәрілік заттарды 2020 жылы сатып алғаннан соң емдеуді бастау жоспарлануда. Ал екінші сотталған химиялық кастрция жүргізуге денсаулығы жарайтын болса ем басталады, ал жарамайтын болса, сотталған мекеменің емдеу бөлімінде диспансерлік бақылауда болады», – дейді Рано Улходжаева.Сондай-ақ Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы өткен жылы сотта кәмелет жасына толмағандарға зорлық-зомбылық сипаттағы 14 қылмыстық іс қаралғанын айтты. Оның екеуі сот шешімімен педофил деп танылған. 15 жылдан жаза арқалаған екеуі де – Шымкенттің жұмыссыз тұрғыны. Тергеу анықтағанындай, біреуі 8 және 12 жасар қызды зорламақ болған. Екіншісі азаматтық некедегі әйелінің ұлына сексуалдық сипаттағы әрекет жасаған.