2020 жылы Қазақстанда өзіне қол жұмсағандардың саны 8,2%-ке азайды. Былтыр Бас прокуратура есебіне енген суицид саны 3515 болса, 2019 жылы 3805 болған. Aikyn.kz 2020 жылы өзіне қол жұмсағандардың статистикасына шолу жасап, суицидке жиі баратын адамдар тобының портретін құрастырды. Былтыр өзіне қол жұмсағандардың 78,6%-і ер адам (2765) болған. Олардың ішінде 35-44 жастағы 667, 45-54 жастағы 515 ер азамат өзінің өмірін қиған. 2019 жылы да Қазақстанда өзін өлімге қиған ер адамдар үлесі 78,5% болған. Әйел азаматтар арасында да 35-44 жастағылар көп суицид жасаған.
Қазақстандағы тәулік бойы психологиялық көмек беретін 111 сенім телефоны қызметінде жетекшілік еткен Алтыншаш Макаеваның ерлердің мұндай қадамға неге жиі баратынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл мәселе адамның бала кезінен бері отбасынан алған тәрбиесіне тікелей байланысты. "Қыз бала эмоцияға көп беріледі, қажет болса жылап алады, анасымен, құрбысымен сырласады. Ал ер азамат бәрін ішінде сақтайды. Иә, бұл туралы жиі естиміз. Бірақ біздің қоғамда бала тәрбиесіне бейжай қарайтын ата-аналар кездеседі. Ер балаға кішкентайынын "жылама, сен жігітсің" деп сезімін ішінде сақтауды үйретеміз. Сөйтіп бала жастайынан бәрін өзіне қабылдайды. Адамда сана, бейсана болады. Мысалы, салыстырмалы түрде адамның ішкі жан дүниесін мұхит деп алайық. Оның тереңдігін ешкім білмейді. Адам шырылдап дүниеге келісімен әртүрлі жағдайды басынан өткізеді, анасы айқайлауы, ұруы, әкесінің ішіп келгені - бәрі санасына сақтала береді. Бала өседі, балабақшаға барады, мектепке барады, адамдармен араласа бастаған сайын түрлі қиындықты басынан өткеріп, бәрі ішінде тас сияқты жинала береді. Тұлға болып қалыптасқанда ішінде біраз тас жиналып қалып, бір кішкене қиындыққа сынып кетуі мүмкін. Мұны психологияда эмоционалдық тұрғысынан жүйкенің тозуы деп атайды. Осы кезде адамда өмірге құлшыныс азайып, жағымсыз әрекетке баруды шешеді. Мұндайға дейін жетпеу үшін адам айналасындағы адамдармен тілдесіп, кейде психологпен кеңескені жөн", – дейді психолог. Былтыр өзін өлтіргендің 76,4%-і сау (мас емес) болған. Ал 20%-і мас күйінде болса, 3%-інің психикасы бұзылған, 0,1%-і есірткі қабылдаған кезінде жасаған. Алтыншаш Макаева тәжірибесінде болған мас күйінде сенім телефонына хабарласқан ер азамат туралы айтып берді. "Орта жастағы ер азамат әйелі көзіне шөп салғанын және өзін қазір өртейін деп жатқанын айтып хабарласты. Әрең дегенде мекенжайын алып, полиция мен жедел жәрдемді жібердім. Сөйтсе, ер адам буткада қасына бинзин, шырпы, ішімдігін қойып, өзін өртейін деп жатқан екен. Дер кезінде құтқардық", – дейді психолог. Бас прокуратураның мәліметінше, былтыр тіркелген суицид фактілерінің 28%-інің негізгі себебі анықталмаған. 57%-і "басқалар" деп жазылған. Бізге белгілі суицид фактілеріне адамның жалғызсырауы, қоғамнан шеттетілуі, материалдық жағдайлар мен отбасыдағы кикілжіңдер жатқызылады.«40 жастағылардың кризисі»
Бас прокуратура жариялаған суицид статистикасы бойынша, өзіне қол жұмсамақшы болғандар саны - 4849. Мұнда да 35-44 жастағы ер азаматтар саны көп. Психолог Амангелді Мейрамбекұлының айтуынша, орта жасқа келгенде адамдарды экзистенциялық сұрақтар мазалайды. Оның жауабын таппаған адам күйзеліске ұшырайды екен. "Данияның философы Серен Кьеркегор «Адамның бақытты болуы өмірдің ең маңызды сұрақтарына жауап бергеніне байланысты болады» дейді. «Өмірдің мәні не?», «Құдай бізді не үшін жаратты?», «Тағдыр деген не?», «Өмірге келгендегі миссиям қандай» деген сұрақтарға неғұрлым дұрыс жауап берсе, соғұрлым бақытты болады. Мұны ғылымда «экзистенциялық сұрақтар» деп атайды. Осы сұрақтарға дұрыс жауап берсе, басына қандай қиындық түсіп жатса да мойымай, ешқандай депрессия, суицидке түспей өмір сүріп кете береді. Маған келетін суицид стадиясындағы адамдардың көбі өмірге көзқарасы дұрыс қалыптаспай, оқыған білімінің ішінде адасып кеткендер. Мысалы, үш жыл бұрын Чехияда алты жыл оқып келген 23 жастағы жігітті анасы алып келді. «Кейінгі кезде суицид туралы айтып жүр» деп. Сөйлесу барысында интернеттен нешетүрліні оқып алған, жоғарыда айтқан экзистенциялық сұрақтарға жауап таппағаны белігі болды. Сол қате білімі оның өмір сүруіне кедергі келтіріп тұр. Менімен сөйлескен соң көзқарасы түзелді", - дейді психолог. Психолог орта жастағы ер азаматтар экзистенциялық сұрақтардың жауабын іздегенде, өмірге құлшынысы азаятынын айтты. Оның пікірінше, бұл кезеңді «40 жастағылардың кризисі» деп атайды.Қазақстанда суицидологиялық орталық жоқтың қасы
Суицидтен құтқаратын орталықты қарап іздеу жүйесіне жазған едік, тұшымды ақпарат табылмады. Орысша іздегенде Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасы жанынан ашылған шұғыл психологиялық көмек кабинеті (Суицидологиялық орталық) шықты. Алайда басқарманың ресми сайтында көрсетілген сенім телефонының тұтқасын ешкім көтермеді. Қазақстанда жүйелі жұмыс істейтін суицидологиялық орталықтың жоқ екенін Алтыншаш Макаева да растады. "Біздің сенім телефонға Ақтөбеден 18 жастағы қыз хабарласты. Анасы қайтыс болған, әкесі ішімдікке салынып, достарын үйіне шақыра бергесін, үйінен кеткен. Біраз уақыт жігітімен бірге тұрған. Онымен де ұрсысып қалғанын және өмірмен қоштасудан басқа амалы жоқ екенін айтты. Біз 18 жастағы қызға Ақтөбеде тұратын жер іздеп, таппадық. Адам өмірі рөл ойнап тұрғанда, қызды қорғайтын бір орталық таппадық. Колледж студенті екен. Сабаққа бармағанына 2 аптадай болған. Колледж әкімшілігі де қызды іздемеген. Сол кезде елімізде жөнді суицидологиялық орталықтың жоқ екенін білдім", – дейді ол.Жақынымзды суицидтен қалай қорғаймыз?
Психолог Алтыншаш Макаева жақыныңды суицидтен қорғау үшін онымен жай ғана тілдесіп, мейірімге бөлуге кеңес берді. "Адамдар бір-біріне әрдайым ықыласын, мейірімін көрсетіп жүруі керек. Әркім қоғаммен бірге болғысы келеді. Қоғамға отбасы, әріптестер, кластас, достар кіреді. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек. Бір адам қоғамнан байланысын үзсе, жалғызсырайды, шеттетіледі. Әсіресе, жасөспірімдер мектептегі буллингтен суицидке жиі барып жатады. Сондықтан олармен әңгімелесіп, мәселесін бірге шешуге тырсу қажет", – деді психолог.