Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Samruk Business Forum отандық тауар өндірушілерді қолдау форумына қатысты.
Ол форумның отандық бизнес өкілдері мен «Самұрық-Қазына» қоры үшін маңызды басқосу екенін айтты. Атап айтқанда, жалпы сомасы 67 миллиард теңгеге тікелей офф-тейк немесе алдын ала жасалған келісімшарттар мен стратегиялық келісімдерге қол қойылған. Президент қордың жұмысына оң баға берді. – 15-тен астам бағыт бойынша өте жақсы және мазмұнды жоспарлар бар. Атап айтқанда, холдингтің сатып алуларын оңтайландыру жөнінде ауқымды жұмыс атқарылған. Кәсіпорындарды, оның ішінде, тұралап қалған компанияларды қолдау бағдарламалары әзірленген, – деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның экономикалық салдарымен күрес кезінде мемлекеттік ірі корпорациялар мен бизнес өкілдері арасындағы серіктестікті қолдаудың маңызы арта түскенін атап өтті. Президенттің айтуынша, отандық өндірісті дамытуда квазимемлекеттік секторға, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорына өте маңызды міндет жүктеліп отыр. Мемлекет қор арқылы бизнестің кез келген түріне қолдау көрсете алады. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті өнімді анықтайтын әдістің өзін жетілдіру керек деп санайды. Ал онда екіұштылық пен әртүрлі түсінік болмауы керек. Бұл өнеркәсіп саясатын дұрыс құруға, қолдау механизмдерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сатып алу процесінің барлық кезеңін ашық өткізу – маңызды жұмыстың бірі. – Жұрттың сатып алу жоспары мен шарттары туралы ақпаратқа қол жеткізе алмауы, құпия сөз байласып шешім қабылдау деген сияқты әрекеттің бәрі өткен күннің еншісінде қалуға тиіс. Бұл маңызды мәселеде оң өзгерістер басталғанын айта кеткім келеді. Аталған саланы цифрландыру «қисынсыз» шешімдерді тез анықтауға және сүзгіден өткізуге, артық бағалардың алдын алуға және сапалы тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға мүмкіндік береді. Тендерлер мен конкурстық комиссиялардың шешімдері арасында келіспеушілік туындаған жағдайда ондай дауларды шешудің ашық механизмін әзірлеу қажет. Осы және басқа да аспектілер «Квазимемлекеттік сектордағы сатып алу туралы» заңда бекітілуі керек. Заң жобасы Парламентке жіберілді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы мемлекет меншігінен шығару жолында нақты жұмыстар істеліп жатқанын атап өтті. Бұл отандық кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тағы бір мүмкіндік. 2025 жылға дейінгі жекешелендірудің жоспарына 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын енеді.