«Сергек»-тің еншісінде – 42 млн теңге

«Сергек»-тің еншісінде – 42 млн теңге

Құлтемір «әке-көкеге» көнбейді, оған айрықша ереже жүрмейді, параны қажетсінбейді. Жоғары тех­нологияның ереже-заңның әр әрпін қатаң сақтайтын өз әділеттілігі бар. Алматыдағы «Сергек» камера­ларының жаңа жыл басталғалы, 8-ақ күн ішінде көшеде 42 миллион теңге айыппұл тіркеуі қоғамдағы тәртіптің жай-күйінен хабар береді.

Жол жүру ережелерінің бұзылуын тіркеуге арналған «Сергек» Алматы қаласында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап тәртіп бұзушыларға айыппұл салуға кірісті. Бір аптадан артық уақыт ішінде бұл жүйе жүргізу­шілердің жол қозғалысы ереже­лерін 2 564 рет аяқасты еткенін байқаған. Сол заңбұзушылық үшін автокөліктердің «тәртіпсіз» иелеріне 42 миллион 10 мың 397 теңге айыппұл салынды.

Жалпы алғанда, қала бо­йынша оның 400 аппараттық-бағдарламалық кешені орна­тылған.

Адами фактордан бір ерек­шелігі – «Сергек» кешені қай іс-қимылдың заңбұзу­шы­лыққа жататынын өз бетінше айқын­дамайды: барлығы оның бағдар­ламасына жазылған. Тиісінше, бейнекамералар жыл­дамдықты асыру, бағдаршамның қызыл көзіне өтіп кету, жол бел­гілері мен таңбаларының тала­бын сақ­тамау, көлікті тоқтату немесе тұ­раққа қою қағидаларын бұзу, сон­дай-ақ Bus line қоғам­дық кө­лік жолағы­мен рұқсатсыз жүру се­кілді қай­шы қарекеттерді тіркейді.

Бұл ретте Алатау бөктеріндегі әсем шаһарда жылдамдықты сағатына 10-20, 20-40 және 40 шақырымдық межеден артты­ру – биылғы ең көп тіркеліп үлгерген заңбұзушылықтың бірі саналады. Жол қозғалысының кейбір қатысушылары жол белгілері мен таңбалары талап­тарын елемеген.

Айыппұл ауыртпалығын арқаламау үшін полиция де­партаменті барлық жүргізу­шілерді мегаполис көшелерінде жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

2017 жылы Алматыда жол-көлік оқиғаларында 136 адам қаза тапқан. 2018 жылы тағы 133 адамның ажалы жол жүру ережелерін сақтамаудан болды. 2019 жылдың сәуірінде алғашқы аппараттық-бағдарламалық кешендер енгізілді. Алматы әкімшілік полициясының бастығы Жандос Мұратәлиевтің мәліметінше, былтырғы 8 ай бойы бейнебақылау арқасында айыппұлы жарты миллиард тең­геден асатын 45 мыңнан астам заңбұзушылық әшкере­леніпті. Осы көрсеткіш «Сергекті» биыл толыққанды әрі жаппай қолда­нысқа беруге ықпал етіпті.

Алғаш рет 2017 жылы елор­дада тестілік режимде іске қо­сылды. Бір жыл ішінде Нұр-Сұл­тан қаласында ЖКО кезін­дегі өлім-жітім 43 пайызға азай­ған: 2017 жылы 60 адам, ал 2018 жылы 34 адам жантәсілім етті.

«Сергек» жүргізушілердің жиі ашу-ызасын тудырады. Мысалы, Өскеменде ер адам оның бейнекамераларын скотч-желіммен жауып жатқан әрекеті үстінде ұсталды. Бірақ полиция­ның байламынша, бұл кешен «темір тұлпар» айдаушыларды тәртіпке келтіруге және ереже­лерді сақтауға тәрбиелеуі тиіс.


Елдос СЕНБАЙ