«Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі». Бүгін Ирактың жайы сол шыбынға ұқсас. АҚШ пен Иран арасындағы кезекті кикілжің осы елдің жерінде басталды. Иранның атышулы генералы осы елдің астанасында өлтірілді. Иранның АҚШ-қа жауабы да Ирак жерінде көрініс тапты. Бұл мемлекет енді құрбан болмаудың амалын іздеп жатыр. Бірақ қазіргі күрделі жағдайдан қалай шықпақ?
Иранның «әл-Құдыс» күштерінің командирі, генерал Касем Сулеймани 3 қаңтарда Бағдад әуежайында «Хашд аш-Шааби» шиитік ұйымының қолбасшы орынбасары Әбу Махди әл-Мухандиспен қоса өлтірілгенде бұл жанжалға Ирактың тікелей араласатыны белгілі болды. Себебі 31 желтоқсан күні «Катаиб Хезболла» ұйымының мүшелері АҚШ-тың Бағдадтағы елшілігіне шабуыл жасаған еді. Ол – шииттік қарулы топ. АҚШ билігінің пікірінше, бұл шабуылды Касем Сулеймани жоспарлаған. Көп өтпей Вашингтон осы әрекеті үшін генералды жазалағаны белгілі.
Ирак билігі өз жерінде екі мемлекеттің қақтығысып, операцияларын жүргізгеніне алаңдағаны рас. Себебі кек қайтару акциялары жалғасып кетсе, бұдан Ирак азаматтары да зардап шегуі мүмкін еді. Солай болды да. Иран генералдың өліміне жауап ретінде Ирактың Эйн-әл-Асад және Эрбил атты аймақтарында орналасқан АҚШ-тың әскери базаларын зымырандармен атқылады. Парсы еліндегі телеарналар бұл шабуылдан 80 кісі көз жұмды десе, Д.Трамп бірде-бір АҚШ азаматы көз жұмбады деп мәлімдеді. Бірақ қалай болғанда да қақтығыс процесі тағы Ирак территориясында өтті.
Бір қызығы, Ирактың парламенті генерал Сулейманидың өлімінен кейін бірден өз елінен шетелдік әскердің шығарылуы туралы резолюцияға дауыс берді. Бұл АҚШ, Британия және басқа да мемлекеттердің сарбаздары Ирактан кетуі тиіс дегенді білдіреді. Алайда мұнда атап өтетін бірнеше жайт бар. Біріншіден, қабылданған құжат –резолюция. Ол үкіметті нақты әрекетке міндеттемейді, тек кеңес береді. Сондықтан Ирак үкіметі парламенттің резолюциясын орындамаса да болады. Екіншіден, резолюцияға дауыс беру барысында парламенттегі суниттік және күрд топтардың өкілдері қатыспаған екен. Ал олардың АҚШ-пен қарым-қатынасы жаман емес. Мәселен, ДАИШ террористік ұйымына қарсы күресте күрд жасақтарын Америка армиясы жан-жақты қолдағаны белгілі. Яғни, парламентте резолюцияға дауыс берген негізінен шииттік топ өкілдері болуы мүмкін. Ал Иран халқы шиизмді ұстанатынын ескерсек, Ирак шииттері өз діндестерін осылайша қолдағаны көрініп тұр. Үшіншіден, резолюцияда Иракта әскери қимылдар тоқтап, жеңіс орнауына байланысты үкімет ДАИШ-пен күрескен халықаралық коалициядан көмек сұрау өтінішін кері қайтаруы керек делінген. Алайда бұл террористік ұйымның қалдықтары Сирия мен Ирак территориясында шашылып кеткенін ескерсек, экстремизм қаупі әлі толық сейіле қоймаған сияқты. Ал оны Ирактың өз армиясы жеңуге қауқары жете ме, жоқ па, белгісіз. Жоқ болса, халықаралық коалиция күшінің керек болары анық.
Ендігі негізгі сұрақ – АҚШ және басқа да Батыс елдері Ирактағы әскерін шығара ма? АҚШ-тың қорғаныс министрі Марк Эспер Пентагонның мұндай жоспары жоқ екенін жеткізді. Оған қоса, Д.Трамп «егер Ирак мұндай қадамға барса, ең қатаң санкция саламыз» деп ескертті. Ескертті де, қосымша 4200 десантшыны Кувейтке жіберді. Яғни, Ирак не Ирандағы жағдай ушығып кетсе, қосымша күш дайын тұрмақ. Иракта Британия әскерлері де бар. Бұл елдің қорғаныс министрі Бен Уоллес те Таяу Шығыстан кетуге құлықты емес екенін сыпайы түрде жеткізді.
Жалпы, бүгін Иракта АҚШ-тың 5 мыңдай, Британияның 400-ге жуық әскері жайғасқан. Олар көбіне әскери кеңесші рөлін атқарады және жергілікті армия өкілдерін жаттықтырады. Батыстың қос елі үшін Иракта аз да болса армия ұстау – Таяу Шығыстағы жағдайдан хабардар болып, ондағы процестерге сәл ықпал ету құралы. Сондықтан олар ресми мәлімдемеде Ирак егемендігін құрметтейтінін айтса да, бұл елден оңайлықпен кете қоймас. Әсіресе, АҚШ. Себебі 2003 жылы бұл елге басып кіргеннен бері Америка 757 миллиард долларға жуық қаражат жұмсады деген ақпарат бар. Яғни, осыншама ғаламат ақша жұмсап, АҚШ бұл елден бір сәтте шығып кете қоймас. Ирак парламенті талап етсе де.
Қазіргі жағдайда Ирак үкіметі қиын жағдайда қалды. Бір жағы өзінің шииттік азаматтары көрші парсыларға болысуға үгіттесе, екінші жағы АҚШ армиясы бұл елде әлі де өз ықпалын жүргізіп отыр. Сондықтан Бағдат билігі қос тараптың да көңілін табуға тырысатын шығар. Ал егер кеше Иранның БҰҰ-дағы ресми өкілі Маджид Тахт-Раванчи генерал К.Сулеймани өлімі үшін кек қайтару аяқталғанын мәлімдегенін ескерсек, алдағы уақытта жағдай соншалық ушыға қоймас.