Қазақстанда 2019 жылдың 27 желтоқсанында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Қаржы министрі Әлихан Смаиловтың бұйрығымен Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер енгізілді. Ол бойынша 2020 жылы мемлекеттік қызметтердің 90%-ын автоматтандыру ісі аяқталуы тиіс.
Сонымен мемлекеттік сатып алу қағидаларына еніп отырған өзгерістің бірі – «Электронды әмиян». Аталған тетік мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өнім берушінің электронды әмиянында жеткілікті қаржысының болуын міндеттейді. Ал электронды депозитарий бойынша жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттар тек электронды түрде анық ақпарат алуға көмегін тигізеді. Одан бөлек, конкурстық баға ұсынысына әсер ететін жаңа критерий және шартты бағалар тең болған кезде жеңімпазды анықтаудың жаңа тәсілі секілді автоматты режимдегі тетіктер веб-порталдың жұмысын айқындай түспек.
Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қызметтер порталын бүкіл республика бойынша енгізбек. Яғни, мүмкіндігі шектеулі адамдар мемлекеттік мекемелерде техникалық оңалту құралдары мен арнаулы әлеуметтік қызметтердің 24 түріне тапсырыс бере алады. Айта кетейік, бұған дейін жоғарыда жазылған өзге де қызметтер мемлекеттік сатып алулар арқылы ұсынылып келді, ол көп уақытты қажет ететін. Енгізгелі отырған портал бизнес-процестердің уақытын 8 айдан 1-2 аптаға қысқартады. Ресурс 400 мыңнан астам пайдаланушы мен 200 мың жеткізушіні қамтиды деп күтіліп отыр.
ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІС АШЫҚТЫҚҚА КЕПІЛДІК БЕРЕ АЛА МА?
Қазақстанда Мемлекеттік сатып алу процесі заңда көрсетілгендей бірнеше тәсілмен жүзеге асырылады. Ол баға ұсынысы, конкурстық негізде, өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден алу, тікелей келісімшарт жасау арқылы бір көзден сатып алу, аукцион және тауар биржалары деп бөлінеді.
Алайда заңда бірнеше түрі көрсеткенімен еліміздегі мемлекеттік сатып алулардың ең аз дегенде 70%-ы бір көзден сатып алу тәсілі бойынша жүргізіледі. Мәселен, 2018 жылы бір көзден сатып алу 77%-ды құраған. Оның ішінде 48% тікелей келісімшарт жасау арқылы сатып алынса, 29% өткізілмеген сатып алу бойынша жасалған. Демек, сатып алуды басқа тәсіл арқылы өткізуге, нарықтың тепе-теңдік заңдылығын сақтауға мән берілмей келеді. Осылайша, бір көзден сатып алудың үлесі мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жүзеге асыратын мемлекеттік сатып алу саласындағы негізгі проблема болып қалып отыр.
Салыстыра қарасақ, Грузияда бір көзден сатып алу тәсілі тұтас мемлекеттік сатып алу жүйесінде 15%-дан аспайды. Сонымен бірге сатып алу процесіне қатысушылардың шағымдарын қарайтын арнайы орган жұмыс істейді. Ал Арменияда шағымды қарау отырысынан онлайн трансляция жүргізіледі.
Айта кетейік, Грузия – посткеңестік елдердің ішінде мемлекеттік сатып алу порталын алғашқы болып енгізген мемлекет. Кейіннен олардың тәжірибесіне қарап Украина енгізді.
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының дерегінше, Украинадағы мемлекеттік сатып алу порталын үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері жасап, барынша ашық, айқын жүйеге негіздеген. Transparency Ukraine үкіметтік емес ұйымы Prozorro порталын әзірлеп, үкіметке тегін ұсынған. Кейіннен саладағы сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында Dozorro атты жаңа жоба жасалады.
Бұл тұрғыда алыстан ақыл сұрамай-ақ, мемлекеттік сатып алудағы ашықтыққа қол жеткізген Украина тәжірибесін зерделесек те жететіндей. Себебі біздің елде дәл осы саладағы көлеңкелі келісімдерді тоқтату мүмкін болмай отыр. Былтырдың өзінде мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлықтан 2,5 млрд теңге ел бюджетіне залал келтірілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2019 жылдың басынан бері 383 іс қозғалып, 92 азамат сотталған.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ – АҚША АЙНАЛЫМЫНЫҢ КӨЗІ
Сөз жоқ, мемлекеттік сатып алу саласы үлкен ақша айналымы жүретін алаң. Бірақ ол бюджет қаржысы, халықтың игілігі. Сондықтан оған бақылаудың болуы шынайы нарық жүйесінің заңдылығы. Қазақстанда мемлекеттік сатып алуға бөлінетін қаражат көлемі жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2016 жылы оның мөлшері – 3,1 трлн теңге болса, 2017 жылы – 3,9 трлн, 2018 жылы – 4,1 трлн теңгеге жеткен. Былтыр мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржы 4,6 трлн теңгені құраған. Былтыр жалпы республикалық бюджет көлемі 12,4 трлн теңге болғанын есепке алсаңыз, бұл (4,6 трлн) үлкен қаражат. Яғни, тұтас бір жылдық бюджеттің төрттен бірінен артық сома. Демек, жоғарыда жазғанымыздай осы қаржының 70%-ы тек бір көзден сатып алу тәсілі арқылы беріліп келеді. Сондықтан Мемлекеттік сатып алу саласында жүзеге асуы тиіс жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, мемлекеттік сатып алу ісіндегі ашықтық пен айқындыққа қол жеткізу азаматтық қоғамның белсенділігінің арқасында мүмкін болмақ. Мұны Украина мысалынан анық көре аламыз.