20 ақпанда Ресейдің Самара қаласында Open Fighting Championship халықаралық жекпе-жек турнирі өтеді. Жоспарланған 17 жекпе-жекте әлемнің 9 елінің файтерлері бақ сынайды.
Турнир андеркардында екі қазақстандық өнер көрсетеді. Атап айтқанда, қарағандылық Константин Чередниченко (65,8 келі) жергілікті спортшы Данил Конновқа қарсы шықса, атыраулық Талғат Жұмағалиев (56,7 келі) пен ресейлік Гусейн Халиков өзара мықтыны анықтайды. Тағы бір қазақстандық – Atyrau Top Team командасының мүшесі Самат Жағыпаров турнирдің мейнкардын ашып, лиганың OFC чемпиондық белбеуі мен жүлде қоры 1 млн рубль (шамамен 6 млн теңге) болатын Гран-придің ¼ финалында жекпе-жекке шығады. Жағыпаровтың қарсыласы – армениялық Айк Казарян. Салмақ дәрежесі – 61,2 келі. Open Fighting Championship-тің басты жекпе-жегі ресейлік Виктор Колесник пен нокаутшы Элисмар «Карраско» Лима арасында өтпек. Сондай-ақ негізгі айқастың бірінде көпшіліктің сүйіктісі тәжікстандық Шараф Давлатмуродов бразилиялық Адриано Балбиге қарсы шығады. Самарада өтетін микстфайт кешін FullHD сапасында қазақстандық INSPORT – insporttv.kz спорттық телеарнасынан тегін тамашалауға болады.Жадыра АҚҚАЙЫР