«Орақ пен балға» ауыл тұрғындарын екіге бөлді

«Орақ пен балға» ауыл тұрғындарын екіге бөлді

Қарағанды облысында 35 жыл тұрған Орақ пен балға ес­керткішін алуға халық қар­сы шықты. Абай ауданы Ақ­бас­тау ауылында екі метрлік Орақ пен балға ескерткішін алу үшін үш күн тартыс бол­ды. Түн ішінде бір топ тұрғын алып ескерткішті құлатып тас­тап, орнына көк байрақ ор­натса, келесі күні түнде бас­қа бір топ Орақ пен бал­ғаны мызғымайтындай етіп дәнекерлеп бекітіп қой­ған. Үшінші түні тағы бір бел­гісіз топ ол мүсінді түсіріп, енді бой көтермейтіндей етіп ке­сіп-кесіп тастайды. Ал әкім­дік өткізген қоғамдық тың­даудан кейін ауыл тұр­ғын­дары қиратқан жанды жа­залату үшін полицияға ша­ғым түсірді.

Ақбастау ауылының шыға берісіне коммунистік жүйенің белгісіндей болған қып-қызыл мүсінді ауылдың байырғы тұрғын­дары орнатқан екен. Ол кезде Қазақстан Кеңес Одағының құ­рамында, елді коммунизм елесі кезіп жүрген болатын. Кейін жет­піс жыл үстемдік еткен қызыл ре­жим құлады. Бұл мүсінді орнат­қандар да ауылдан тайлы-тұяғы қалмай көшіп кетті. Бүгінде орақ пен балғаны қимай, құлаған ескерт­­кішті қайта тұғырға қойып жүрген жергілікті қазақтар. Аспандия Сейсеновтің бұл ауылға көшіп келгеніне 18 жылға жуықтады. Сырттан келген тұр­ғын­ға бұл ескерткіш жат көрінеді. Ол ескіліктің қалдығындай көрін­ген ескерткішті алып, орнына тәуелсіз қазақ елінің байрағын орнатуға ұсыныс жасайды. Алайда көшіп келген азаматтың ұсынысын жергілікті тұрғындар қабыл­дама­ды. Олар үшін Орақ пен балға – келмес кезеңнің ыстық естелігі, кеңестік кездің көзіндей қастерлі. Аспандия мырзаның бұл мү­сін­ді алып тастау туралы жергілікті әкімдікке ұсыныс жасағанына үш жыл өтіпті. Орнына қазақтың бай­рағын орнатып беретін демеушіні де табады.  Алайда ауыл әкімі ескерткішті алып тастауға құзыры жетпейтінін алға тартады. Шенеу­ніктің айтуынша, ескерткішті ха­лық қолдаса ғана алып тастауға бо­лады. Осыдан бір жыл бұрын ауыл тұр­ғын­дары арасында осы ес­керткіш­ке қатысты тыңдау өтеді. Сол жиын­да коммунизм елесін алып тас­тауға ауылдың кейбір мек­теп мұғалімдері қатты қарсы­лық т­а­ныт­ты дейді тұрғындар. Олардың пайымынша, бұл – та­рих. Тәуелсіз қазақ елінің жас ұр­па­ғына білім нәрін сусындатып отыр­ған ұстаз­дар қауымының ком­мунистік ре­жим­нің естелігін осылай қорғаш­тағанынан-ақ қан­дай идеология­ның исі мүңкіп тұр­ғанын аңғаруға болады. Ауыл тұрғыны Марат Кәлит­кенов  та бұл ескерткіштің тау басында қалғанын  қаламайды. «Оны алып тастауымыз керек. Өз егемендігіміз қайда? Қазақстан тәуелсіздік алғалы ескерткішті орнатқандар Мәскеуге кетті, ал біз жүр­міз қарапайым жұмыскер бо­лып. Оның орнына өзіміздің қазақ­тың Туы ілінсін», – дейді тұрғын. Ал ауыл әкімі Рымбек Тұяқбаев бар билікті халыққа берген. «Орақ пен балға – мемлекеттің қарауындағы ескерткіш емес, еш­кім­нің балансында жоқ, қор­ғауында емес. Дегенмен осы Орақ пен балға Кеңес Одағы кезінен бері тұр. Өзім үш жылдай осы жерде әкіммін. 2007 жылдан бері осы ауылда тұрамын. Халықты жинап, қоғамдық талқылау өткіз­дік. Халықпен кеңесіп, орақ пен балғаның орнына заманауи ес­керт­кіш орнату туралы талқыла­дық. Қазір халық тыныш, толқу жоқ», – дейді әкім. Ешкімнің балансында тұрма­ған ескерткішті алуға билік шама­мыз жетпейді деп үш жыл қол қу­сырып сыртынан бақылап келген. Ақыр соңында осы ескерткіш ауыл тұрғындарын екіге бөліп, арасына сына қақты. Біреулері түнделетіп мүсінді құлатып ту тіксе, екін­шілері бұрын алты болтпен ғана бе­кітілген мүсінді тас қылып дәнекерлеп, техникамен сүйреп әкеліп, қайта тұғырға орнатады. Көк Ту құлағаннан кейін ғана шенеуіктер тұрғындарды жинап жиын өткізді. Шенеуніктер ауыл тұрғын­дарымен өткен жиында мәмілеге келдік деп есеп беріп жатыр. Нә­тижесінде, бір топ тұрғын ескерт­кішті алып тастаған топтың үсті­нен полицияға шағым түсірді. «Нұрбек» шаруа қожалығының жетекшісі Нұргүл Сәкенованың айтуынша, ескерткішті алып тас­тағанда оған ауыр тиген. «Монументті ауыл тұрғындары өздері орнатқан болатын. Алып тастағанда бізге ауыр тиді. Ес­керткішті жойғандарға қатысты ішкі істер органдары тергеу жүр­гізеді деген ойдамын. Құқық қор­ғау органдары вандализммен, қи­ратумен айналысқан жандарды тауып жазалайды деп ойлаймын. Олар Ақбастаудың символын жой­ды», – дейді. Ал Абай ауданы әкімінің бас­пасөз хатшысы Ольга Цойдың ай­туынша, коммунизм елесін қират­қан азаматтар заң алдында жауап беруі мүмкін. «Абай ауданының Ақбастау ауылындағы металл тұғырды рұқ­сатсыз бұзу жағдайы бойынша аудандық Полиция басқармасына кінәлілерді анықтау туралы өтініш берілгенін хабарлаймыз. Бұл мә­селе кеше жиын барысында ауыл тұрғындарымен талқыланды. Жиын барысында жаңа естелік бел­гісінің тақырыбы да талқы­ланды», – дейді Ольга Цой. Ескерткішті қиратқандар қалай жазалануы мүмкін деген сұра­ғымызға әкімдік өкілі «Бұл туралы мен айта алмаймын. Залал­дың моральдық сипаты басымдау», – деп жауап қатты. Қазір қыраттың басында еш­қан­дай белгі жоқ.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы