Түркістан облысында үш баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды

Түркістан облысында үш баланы қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды

Түркістан облысында кәмелетке толмаған балаларды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті. Күні кеше әлеуметтік желіде 14 ақпанда Түркістан облысы Жетісай ауданында кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алып, оған кінәлі күдіктінің іздестіріліп жатқаны туралы ақпар тараған болатын. Бүгін жергілікті полиция қызметкерлерінің тиянақты жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталды. Нақтырақ айтар болсақ, 14 ақпанда Жетісай аудандық полиция бөліміне ауруханадан түрлі дене жарақатымен 3 бірдей кәмелет жасына толмаған баланың жеткізілгені туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына жедел жеткен полицейлер сол күні кешкі сағат 17:50 шамасында Жетісай қаласындағы С.Ерубаев көшесі бойында белгісіз автокөлік оңтүстіктен солтүстік бағытына қарай жүріп бара жатып, 3 жасөспірім баланы соғып кетіп, жол апатын жасағанын анықтады. Оқиға салдарынан үш бала да ауруханаға жеткізілді. Яғни 16 және 13 жас шамасындағы балалар түрлі дене жарақатымен емханада ем қабылдаса, небары 4 жасар бүлдіршін жансақтау бөліміне түсіп, көз жұмды. Аталған жайт Жетісай аудандық полиция бөлімінде екі бірдей баппен, ҚР ҚК 345-бабы және күдіктінің оқиға орнын тастап кеткені үшін ҚР ҚК 347-бабы бойынша тіркелді. Бұл қылмысты жедел ашу мақсатында аудан полицейлері күдіктіні анықтауға қатысты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнын тиянақты тексерген тәртіп сақшылары сол орыннан белгісіз автокөліктің артқы жарық шамдарының сынықтары мен айна сынықтарын алды. Бұл заттар «Ауди-100» маркалы автокөлігіне тиесілі және көліктің түсі сұрғылт қара болуы ықтимал деп болжанып, іздестіру жұмыстары жоғары деңгейде атқарылды. Нәтижесінде оқиғаға қатысты күдікті ретінде жасы қырық шамасындағы Жетісай қаласының жергілікті тұрғыны құрықталды. Полицейлердің көлікке қатысты жасаған болжамы да расталып, күдіктінің «Ауди 100» маркалы автокөлігі бар екені анықталды. Қазіргі уақытта ұсталған азамат қамауда, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал көлік айыптұраққа қойылды. Сараптама тағайындалды.

«Оқиға орнынан қандай жағдай болса да қашып кетуге болмайды. Сонымен қатар жол ережесін мұқият сақтау маңызды», – деп ескертеді полицейлер.