Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов елордада алғаш рет құрылыс крандары шығарыла бастағанын хабарлады.
Әкім жаңалықтың жай-жапсарын instagram парақшасында жазды. Жазбасында құрылыс индустриясындағы отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған «қарапайым заттар экономикасы» жобасы аясында елордада алғаш рет құрылыс крандарын өзіміз шығара бастағаны баяндалған. Бұрын мұнаралы құрылыс крандары шетелден әкелінетін, оларды тасымалдау қымбатқа түсетінін де қосқан. 18 ақпан күні елордадағы алғашқы кран жасалған цехқа барғанын атап өткен. Оның айтуынша, құрылыстың басты драйвер екенін ескерсек, отандық материалдар өндіру біз үшін өте маңызды. Былтыр 3 млн шаршы метр тұрғын үй салып, пайдалануға берілген. Атап айтқанда, 7 мыңнан астам әлеуметтік пәтер салдық, биыл бұл көрсеткішті одан да арттыру жоспарда бар. Ал құрылыс крандарын «Лашын Фактори» ЖШС компаниясы шығара бастады. Компания «Астана – жаңа қала» АЭА мүшесі, №1 индустриялық паркте орналасқан. Кәсіпорында отандық лифтілер де шығарылады. Лифтілер EXPO кезінде қолданылып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша салынған тұрғын үй кешендеріне орнатылған екен. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инвесторларға қолайлы жағдай жасап, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін жұмыс істейміз. Пандемияға қарамастан, былтырдың өзінде 1триллион теңгеден астам жеке инвестицияларды тарту мүмкін болды. 111 инвестициялық жоба қолдау тапты. Бірінші кезекте қала тұрғындары мен қалаға қажет жобаларды қолдаймыз. Олардың қатарына өнеркәсіп, логистика, сауда және т.б. салалардағы әлеуметтік нысандар кіреді», – деді жазбасында А.Көлгінов.Айбике ЖАНАСЫЛ