Елімізде кинематография саласына бөлінетін қаражаттың қай жанрға көбірек жұмсалатыны белгілі болды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәлімдеуінше, қаражаттың 70 пайызы тарихи, патриоттық картиналарға бағытталады.
Министрдің айтуынша, 2021 жылы кинематография саласында жыл сайынғы мемлекеттік қаржыландырудың жалпы көлемінің 70%-ын тарихи, патриоттық және имидждік картиналарға, ал қалған 30%-ы мөлшеріндегі қаражатты жеке киножобаларды және жас таланттардың дебюттік фильмдерін қаржыландыруға бағыттау күн тәртібінде тұр. Мұның бәрі киноөндіріс саласында жаңа бюджеттік саясатты іске асыру жөніндегі жұмысты жандандырады. Сондай-ақ кино өндірісіне жыл сайын бөлінетін мемлекеттік қаражатты күрделі қойылымды тарихи фильмдер шығару үшін кемінде 50%-ын «Қазақфильм» киностудиясына жіберуге мүмкіндік беретін норманы заңнамалық деңгейде реттеу қажет. Оған қоса Президенттің тапсырмасын іске асыру аясында жақын арада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ модернизациясын сапалы жүзеге асыруды қолға алу керек.А.АЙДАРҚЫЗЫ