Жақында Өскеменнен Зайсан ауданына бағыт алған АН-2 санитарлық авиация ұшағының қозғалтқышы істен шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болды. Зайсан қаласында инсульт алған әйелге көмек көрсету үшін жолға шыққан ұшақтың бортында екі медицина қызметкері мен үш экипаж мүшесі болыпты. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Барлығы дін аман.
Бұл – облыстағы алғашқы оқыс жағдай емес. Бір жыл бұрын, яғни 26 ақпанда Өскеменнен шыққан ұшақтың дәл осылай қозғалтқышы істен шығып, қалың қарға құлаған еді. Ол кезде санитарлық ұшақ Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылындағы 4 айлық нәрестені облыс орталығына жеткізу үшін шыққан-ды. Ұшақ қала іргесіндегі оппа қарға құлағандықтан, адам шығыны болмаған. Осы сала мамандарының деректеріне сүйенсек, бұл – Шығыс Қазақстан облысында АН-2 санитарлық ұшақтарының қатысуымен болған төртінші төтенше жағдай.Ұмытуға болмайтын ұшақ апаттары
Өкініштісі сол, бұған дейінгі санитарлық ұшақтардың апаттарынан тиісті сабақ алмай отырған секілдіміз. Содан да болар, бұл салада түйіні тарқамаған мәселе көп. Мәселелерді жіпке тізбес бұрын сәл шегініс жасап, санитарлық авиация саласында болған апаттарға көз жүгіртіп көрсек. 2010 жыл, 12 наурыз. Осы күні Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының Мақаншы ауылының маңынан Ми-8 тікұшағының сынықтары табылды. Сол кезде тікұшақта болған 8 адамның – ұшқыштар Владимир Столбовский, Юрий Тюрников, борт-механик Сергей Барабанов және дәрігерлер Анжела Стрельник пен Валентина Тюктаева, Мақаншы және Келдімұрат ауылдық округтерінің әкімдері Ерболат Сағынбеков пен Болат Ыбраев және 17 жастағы Қуаныш Қалиев есімді науқас бала қапыда қаза тапты. Бірнеше отбасын қайғы жамылдырған осы оқиғадан кейін Үкімет оянғандай, ес жиғандай болып, тікұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеретін үкіметтік комиссия құрылған болатын. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов санитарлық авиация паркін жаңалауды және алғашқы медициналық көмек көрсететін мобильді бөлімшелерді құруды тапсырғаны есімізде. Осы оқиғаның дүмпуімен 2011 жылы Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ашылды.Одан бері жылжып 11 жыл өтіпті...
2016 жыл, 28 қаңтар. 2016 жылғы қыстың алғашқы айында Алматы облысында UP-MD 600-N маркалы санитарлық тікұшақ 5 адамның өмірін қиды. Тікұшақта ұшқыш Виталий Кондратюк, врач-гематолог Б.Қайсанова, фельдшер Г.Хамитова, 2015 жылы дүниеге келген науқас сәби Бағым Әбілқасым мен оның анасы Қарлығаш болған. Осы жантүршігерлік оқиғадан кейін санитарлық авиацияны мұқият, жан-жақты тексеруге тапсырма берілді. «Прокуратура осы қызметтегі тікұшақтарды түгел қарап, бюджеттен бөлінген ақшаның әр тиынына дейін санап шығады» делінген еді сол кезде. Айтпақшы, сол кезде бұл тікұшақтың бір ай бұрын ғана дәрігерлердің пайдалануына беріліп, көкке екінші рет көтерілгені және әуе көлігінің 86 млн теңгеге сақтандырылғаны айтылған болатын. Содан бері сырғып 5 жыл өтіпті... Не өзгерді?Қазіргі жағдай қандай?
Көп ештеңе өзгермеген секілді. Премьерлер өзгергенімен, проблемалар өзгермеген сияқты. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір шегініс жасайық. 2010 жылы 19 мамырда сол кездегі Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықов сол кездегі Премьер-Министр К.Мәсімовке депутаттық сауал жолдап, санитарлық авиация саласындағы қордаланған мәселелерді жеткізген-ді. «Осы жылы Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында болған апаттар мұндай жағдайда тікұшақтардың өте қажет екенін айқындап берді. Қанша адамның өмірі тікұшақтың арқасында аман қалды. Сол секілді жай күндерде де ауыл тұрғындары қатты сырқатқа тап болған жағдайда оны ауруханаға жеткізудің қиындығы өте көп. Мәселен, қала тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсеткенде шетелдік автокөлікті жібереді, ал ауылдарда тек қана ескі «УАЗ» машиналары жүреді. Әйелдер жүктiлiк кезеңінде ондай машинамен ауруханаға қалай жетеді деп ойлайсыз? Меніңше, мемлекетіміз Конституция бойынша барлық азаматтарымызды бірдей қорғап, қамқорлыққа ала білуі керек. Себебі біздің адамдарымыздың саны сонша көп емес қой, біз үшін әрбір адамның өмірі қымбат!», – деген-ді депутат. Жақында осы мәселе Парламент қабырғасында тағы да көтерілді. 11 жылдан кейін. Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулысының сөзінен түйгеніміз, бұл салада шешілмеген мәселе жетерлік. Біріншіден, ұшақтар ұсынатын авиациялық қызмет тарифтері 2016 жылғы деңгейде қалып қойған. Осы салада қызмет көрсететін АН-2, Як-40, Ан-24 ұшақтары ескірген. Орташа қызмет ету мерзімі шамамен 40-45 жылға жеткен. Ең сорақысы, олардың ұшу-техникалық, санитариялық-экологиялық сипаттамалары (шуыл, діріл, салондағы температуралық режим) халықаралық стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді. Екіншіден, еліміздегі медициналық авиация паркі соңғы рет 2013 жылы жаңартылған. Үшіншіден, медициналық қызмет тарифі 2014 жылдың деңгейінде қалып қойған. Осындай мәселелерді айтқан депутат тек 2017-2021 жылдары медициналық көмек көрсету барысында әуе кемелерінің техникалық ақауларына байланысты 14 әуе көлік оқиғасы болғанын жеткізді. Ал Шығыс Қазақстандағы санитарлық ұшақтардың жайын білмек ниетпен облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жайық Жұмахановқа хабарласқанымызда: «Қазір санитарлық ұшақтардың техникалық мәселесін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындап жатырмыз. Өйткені қадағалауды республикалық «Санитарлық авиация» мекемесі жүргізеді», – деген келте жауап алдық.Азамат ҚАСЫМ, Өскемен қаласы