«18 килгерц» фильмінің әлемдік тұсаукесері Варшава халықаралық кинофестивалінде өтті. Отандық туынды фестивальдың бас жүлдесін жеңіп алды. 19 ақпаннан бастап Фархат Шәріповтің фильмін қалың көрермен кинотеатрдан тамашалай алады.
Аталған фильмнің жетістігі мұнымен бітпейді. Кинотуындыны Германияның Котбус қаласында өткен 30-халықаралық кинофестивалінде үздік фильм атанды. Азиядағы Пусан халықаралық кинофестивалінде «Азия киносына терезе» атты конкурс бағдарламасында көрсетілді. Бұл фильм Зара Есенаманның «Хардкор» повесінің желісі бойынша таспаланған. Туындыда 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірі суреттеледі. Режиссер Фархат Шәріповтің айтуынша, фильмді жарыққа шығару үшін үш жыл кеткен. Көпшілік күткенімен, фильмнің жалғасын түсіру жоспарда жоқ. Бірақ режиссер қазіргі заман қыздарының бейнесін көрсететін фильм түсіруді қолға алған. Фархат Шәріпов ендігі туындысында жасөспірімдердің назарынан тыс қалатын тұстарды көрсеткісі келеді. Ал «18 килгерц» фильмінің түсірілімі Алматы қаласында өткен. Басты рөлді сомдаған жастар да үлкен кинодағы алғашқы қадамын жасаған. Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әбдікен, Камила Фун-Со есімді жастардың дебьюті сәтті шықты. Түсірілім тобының айтуынша, «18 килогерц» – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Яғни, жасөспірімдердің уақытында шешілмейтіндей көрінетін проблемасын түсіне білу. Шарасыз қалғандағы жүрек соғысы мен қорқыныш күші. Фильм аталған сәттің бәрін еске түсіруге тырысады.Айбике ЖАНАСЫЛ