Валюта айырбастау бекеттері заң бұзуын жалғастырып жатқан көрінеді. Сондықтан Ұлттық банк оларға қатысты талаптарды одан әрі күшейтуге кірісті. Мысалы, жеке куәлігін көрсетпеген азаматтарға шетел валютасын сатқан айырбастаушы жаза тартатын болады. Әйтпесе, әлемде арам ақшаның айналымға түсуіне және терроризмді қаржыландыруға тосқауыл қою үшін құрылған FATF ұйымы Қазақстанға қарсы санкциялар енгізуі мүмкін.
Куәлігі жоққа құшағы ашық
– Кешіріңіз, 400 доллар сатып алуға бола ма? – Әрине, доллар сатылымда бар. – Жеке куәлігімді ұмытып кетіппін, бәрібір сата бересіз бе? – Жарайды, өз атыма жаза салармын... Бұл – елордалық айырбастау пунктінде оның қызметкері мен сатып алушы арасында жүрген диалог. Республикада бұқараның жаппай табыс және шығыс декларациясын тапсыруы әзірге енгізілген жоқ, ол 2025 жылға қалды. Халық әрбір теңгесінің билік назарына іліккенін қаламайды. Содан шетел валютасын алғанда өз тұлғасын жария еткісі келмейтін азаматтар көп. Айырбастау бекеттерінің кассирлері клиенттен айырылып қалмау үшін олардың дегеніне көнуге мәжбүр. Ал онысы заңға қайшы. Себебі Ұлттық банк басқармасының екі жыл бұрын, 2019 жылғы 4 сәуірде қабылдаған қаулысына сәйкес, кез келген жеке тұлға 500 мың теңгеден аспайтын сомаға шетел валютасын алса немесе сонша сомаға жетпейтін көлемде шетел валютасын өткізсе, онда айырбастау пункттері «Айырбастау операциялары бойынша тізілімдер журналына» ол клиенттің толық аты-жөнін және ЖСН-ін жазып алуға міндетті. Бұл үшін жеке куәлігін ұсынуды талап етуі тиіс. Ал егер азамат жарты миллион теңгеден асатын көлемде ақша әкелсе, онда қызметкер тек осы деректермен ғана шектелмей, клиенттің қайда тұрып жатқанын да анықтап, заңды мекенжайын әлгі тізілімдер журналына жазып қоюы шарт. Қарапайым қызметкерлер полицей емес, күн сайын жүздеген адамды тергеп, тексеріп тұруға және сол үшін сөз естуге психологиялық тұрғыдан дайын болмай шығады әрі оған уақыты да жоқ: халық белсенді түрде «долларлануда». Демек, кейде ұзын кезек қалыптасады. Ұлттық банктің дерегінше, 2020 жылғы желтоқсанда халық 274,3 млрд теңгеге қолма-қол шетел валютасын сатып алды. – Оның алдында, 2020 жылғы қарашада халық 283,7 млрд теңгеге шетел валютасын сатып алған болатын. Яғни, 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда (269,5 млрд теңге) сатып алу көлемі 1,8%-ға өсті. Шығыстардың негізгі көлемі, яғни 73,6%-ы не 201,8 млрд теңге – АҚШ долларын, 19,3% не 53 млрд теңге – Ресей рублін, 7% не 19,2 млрд теңге – еуроны сатып алуға бағытталды, – деді Ұлттық банк. Биліктің құзырлы органдары осы жүздеген миллиард сома нақты қандай адамдардың сейфінде не шкафында «тұнып» қалатынын білгісі келеді. Әйткенмен, айырбастау бекеттері олардан жеке куәлігін көрсетуді табанды талап етпегендіктен, билік құнды ақпараттан қағылады.Клиентті қуып жіберуге рұқсат
Осы орайда, Ұлттық банк басқармасы өзінің 2019 жылғы 4 сәуірдегі қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа қаулы жобасын әзірледі. Онда айырбастау бекеттері клиент жеке басын куәландыратын құжатты ұсынбаған жағдайда қолма-қол шетел валютасы не ұлттық валюта бойынша айырбастау операциясын жүргізуден бас тартуға міндеттеледі. Яғни, «бас тарту негізі» заңдастырылмақ. Оны сақтамағанының қызметі тоқтатылуы ықтимал. «Тәжірибеде кездескендей, айырбастау пункттері 500 мың теңгеге дейінгі операциялар бойынша клиенттердің деректерін кей кезде тізілімдер журналына жаза бермейді. Себебі клиент кассирге жеке бас құжатын беруден бас тартады. Өз кезегінде кассир операцияны жүргізуден бас тартуға негіздеме таба алмайды. Өйткені қолданыстағы қағидаларда операцияны жүргізуден бас тартуға негіз қарастырылмаған-тын», – дейді Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің директоры Жомарт Қажымұратов. Ревизорлар тексеруге іліккен айырбастау бекетінің бейнебақылау жүйесі тіркеген бейнежазбаны қарап, кассирдің тұтынушыдан жеке куәлігін сұрамағанын анықтай салмай ма? Сөйтсек, әдейі, әлде аңдаусыз ба, әйтеуір бейнежазбаларын бүлдіретін кәсіпкерлер бар екен. «Уәкілетті ұйымдарды тексеру кезінде ондай оқиғаларға жиі жолығамыз: олардың бейнебақылау жүйесіне қойылатын талаптарды жүйелі түрде сақтамайтыны тіркелуде. Бұзушылықтар арасындағы ең көп тарағаны – қатты дискілердің істен шығуы, айырбастау пункті қызметкерінің әлдебір ақпаратты жазбадан әдейі өшіруі болып отыр. Сол себепті бұларға аудио және видеодеректер архивін, сондай-ақ оқиғалар журналының архивін не сыртқы тасығышқа, не арнайы бөлінген резервтік серверге сақтық көшірме жасау талабын қойып отырмыз», – деді Ж.Қажымұратов. Жаңа қаулы жобасында: «Айырбастау пунктінің операциялық кассасы бейнедеректер архивінің резервтік көшірмесін жасауды және архивті жою мен редакциялаудан қорғауды қамтамасыз ететін техникалық құрылғыларда ақпаратты жазу мен күнтізбелік 30 күн ішінде сақтауды қамтамасыз ететін бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Бұл ретте бейнебақылаудың көріну аймағында кассирдің жұмыс аймағы мен клиент болады. Ал тиісті құрылғылар бейнебақылау үшін кедергілердің болмауын қамтамасыз ететін орындарда орнатылады» деп жазылған. Демек, валюта айырбасы саласынан нәпақа тауып жүрген бизнесмендерге тағы қосымша шығын шығаруға тура келеді. Сонымен бірге мұның артында резервтік сервер немесе «бұлтты технологиялар» қызметін ұсынумен айналысатын аты «ай-ти», заты делдал отандық компаниялардың мүддесін ілгерілету, лобби жасау тұруы да мүмкін.Жоғары білімсізге жол жабық
Құжат тағы бір «қулықтың» жолын кеспек ниетте. Ұлттық банк әлдебір бұзушылық тауып, тексеріс бастаса болды, айырбастау бекетінің қожайыны өз лицензиясын ерікті түрде қайтарып бере салатын. Артынша ондай жосықсыз құрылтайшылардың лицензия алу туралы өтінішпен қайта-қайта жүгіну фактілері көбейіпті. Сол себепті Ұлттық банк тексеріс бітпеген компаниялардың қожайындарына 3 жыл бойы лицензия бермеуді заңдастырмақ ниетте. Жаңа қаулы жобасында «Ұлттық банктің бастаған тексеруі жарамды лицензиясын ерікті түрде қайтару себебі бойынша аяқталмаған жағдайда» үш жыл өткенше, уәкілетті ұйымның құрылтайшысына, қатысушысына жаңа айырбас бекетін ашуға рұқсат етілмейтіні жазылған. Олар осы мерзім ішінде тіпті өтініш бере алмайды. Құжатта Досаев командасы айырбастау пункттерінің басшысы болғысы келетін кандидаттарға да талап бекітеді. Оған сәйкес, біріншіден, жоғары білімі жоқтар, екіншіден, терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіндегі тұлға, үшіншіден, сот шешімімен қаржы ұйымының, банк және сақтандыру холдингінің басшысы қызметкері лауазымын атқаруға тыйым салынған адамдар енді осы салада құрылтайшы ғана емес, басшы да бола алмайды. Бұл неге керек? Жоғары білімі жоқ басшы басқаратын компаниялардың айырбастау бекетін сатып алу деректері бой көтеруде. Ұлттық банктің Қолма-қол ақша айналысы департаментінің түсіндіруінше, мектеп не колледжден (ПТУ) басқа ештеңе бітірмеген, жоғары білімі жоқ адамдар қолма-қол ақша айналатын нарыққа қол жеткізуде. Сондықтан университет бітірмеген директорлар тізгінін ұстаған компаниялардың валюта айырбастауға қатысты лицензия алуына тыйым салынады. Жомарт Қажымұратовтың мәліметінше, бұл FATF (Financial Action Task Force on Money Laundering) ұсынымы. Өзге сарапшылар деструктивті ағымдарда жүргендердің көбінің жоғары білімі жоқтығына да назар аудартады. «FATF, яғни Қаржыны жылыстатуға қарсы қаржылық іс-қимыл тобы арнайы нұсқаулық шығарды. Ол мемлекеттерден коммерциялық емес ұйымдарды реттейтін заңдар мен ережелерді қайта қарауды талап етуде. Террористік ұйымдарға заңды, легальді мекемелерді бүркеншік ретінде қолдануына жол бермейтін шаралар қабылдауымыз қажет. ФАТФ-тың арнайы ұсынымын сақтау мақсатында банктік емес айырбастау пункттеріне қойылатын нормативтік біліктілік талаптарын күшейтіп, оларға терроризм мен экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен тұлғалар тізіміндегі адамдардың басшы болып келуіне тікелей тыйым салу ұсынылады» деп түйді Ұлттық банк өкілі Ж.Қажымұратов.Айхан ШӘРІП