«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры емес». Қаймағы бұзылмаған қазақ ауылында орыс сыныптарын ашу туралы мәселе көтерілген. Алғашқыда ауыл арасындағы сыбыр сөзден басталған тартыс аудан әкімдігінен бастап облыстық Білім басқармасына, одан кейін Білім және ғылым министрлігіне дейін жеткен. Он сегіз мыңнан астам халық тұратын бұл ауылдың негізгі бөлігі – қазақтар. Қалған өзге ұлт өкілдерінің саны шамамен 2 пайызға жетпейді. Олардың өзі сауатын қазақ тілінде ашып, қазақ мектебін бітірген. Даулы мәселе ауыл халқын жік-жікке бөліп, өзара дау-дамай туғызған. Тіпті, әлеуметтік желілерде де желдей есіп, мәселе төңірегінде түрлі ойлар айтылған. Орыс сыныптарын ашу туралы мәселе көтергендер «Ауылда мектеп тұрып, балаларымызды неге жібереміз? Орыс сыныптарын неге ашпайды?» дегенге саяды. Аталған мәселе бойынша ауыл тұрғындары редакцияға хабарласты. Мән-жайды анықтамақ болып, жағдайды зерттеп көрдік.
Ауылда екі мектеп бар. Екеуінде де білім мемлекеттік тілде беріледі. Алғаш рет ауылда орыс сыныптарын ашу туралы мәселе сонау 2013-2014 жылдары көтеріліпті. Дәл осы тұста елордада ауылға жақын тұстан №69 жаңа орта мектеп ашылып, ауылдағы орыстілді балалар осы мектепке жіберілген. Ал жақында бұл мектепте де бала саны көбейіп, мектеп басшылығы қараөткелдік балаларды өз ауылдарында оқыту туралы ұсыныс жасаған. Ұрымтал тұсты мүлт жібермеуге тырысса керек, ауылдағы жергілікті қауымдастық өкілдері дәл осы тұста орыс тіліндегі сыныптарды ашу жайын тағы көтерген. Бұл жергілікті халықтың наразылығын туғызып, тіпті жергілікті сала басшылары мен халық қалаулыларына дейін қысым көрсетілгенге ұқсайды. Даудың тым тереңдеп ушығып кетпесі үшін қазір түсіндіру жұмыстары қолға алына бастаған. «Ауылда орыс сыныптарын ашу туралы мәселені жақында жергілікті қауымдастықтағы екі-үш әйел тағы көтерді. Олар аталған мәселені қозғап, Білім және ғылым министрлігіне дейін барыпты. Заңға сәйкес, өтініштер түссе, мектепте орыс сыныптары ашылуы тиіс. Орыстілді балалар астанада №69 орта мектепте білім алуда. Қазір шамамен екі жүз бала орыс тілінде оқиды. Қараөткелдіктердің сол мектепке беруінің маңызды бірнеше себептері бар. Біріншіден, елордада мектеп-гимназия болғандықтан халықтың ұғымында білім сапасы жоғарырақ болады деген түсінік қалыптасқан. Екіншіден, мектептің автобусымен балалар білім ордасына тасымалданады. Үшіншіден, №69 мектепте қараөткелдік балаларға тегін ыстық тамақ ұйымдастырылады. Төртіншіден, ауылда жалпыға міндетті оқуға 19 мың теңге бөлінсе, қала мектебінде 42 мың теңгеден бөлінеді. Міне, осындай себептерге байланысты ауылдықтар балаларын қалаға оқытып жатыр», – дейді Қараөткел ауылынан Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Нұрғали Тоқабаев. Ауыл тұрғындарын екіге жарған мәселенің төркінін №2 мектеп директорынан да білмек болдық. Ауыл арасында мектеп директорын да орнынан тайдыру керек деген сыбыс шыққан көрінеді. Мұны директордың өзі де бір-екі адамнан естігенін айтады. «Қараөткел ауылында екі мектеп те таза қазақ тілінде. №1 орта мектепте 812, ал біздің №2 орта мектепте 1 400 бала оқиды. Заңға сәйкес, өтініш түскен жағдайда орыс сыныптарын ашуға тиіспіз. Біздің ауылдан жалпы саны 644 бала елордадағы №69 орта мектепте оқиды. Олардың тек екі жүзі ғана орыс тілінде білім алады. №69 орта мектеп басшылығы мектепте орын санының азаюына байланысты бізден қараөткелдік балаларды өзімізде оқытуға ұсыныс жасады. Біз қазақ тілінде оқытылатын 444 баланы қабылдауға дайынбыз. Ауылда аталған мәселе төңірегінде түрлі наразылықтар болып жатқаны рас. Бәрі заң аясында қарастырылып, шешілгені жөн болады деген ойдамын. Сондықтан халықпен тікелей түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр» – дейді Қараөткел ауылдық №2 орта мектебінің директоры Ислам Боянұлы. №69 орта мектеп 1 200 орынға шақтап салынған. Ал қазір 3 200 бала білім алып жатыр. Келер жылы бала саны бұдан да артып, үш ауысымда оқу мәселесі туындауы мүмкін. «Қараөткелден мұнда екі жүз бала орыс сыныптарында оқиды. Дегенмен егер балалар осында оқуын жалғастырғысы келсе, біз еш қарсылық жасамаймыз. Оларды ешкім қуып жатқан жоқ. Мектепте мұғалімдер жетеді. Екі автобусымыз бар. Қараөткелдік балаларды осы автобустармен тасымалдаймыз. Қараөткел ауылының №2 мектебіне тек мектепте бала санының өскеніне байланысты ұсыныс жасадық», – дейді №69 орта мектептің директоры Марс Сапарұлы. Халық арасында шу тудырған мәселе жөнінде 17 ақпан күні аудандық және облыстық білім саласы басшыларының қатысуымен жиын өткізілген. Жиынның қандай мәселелер қарап, нендей шешім қабылдағанын білу мақсатында облыстық Білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіповпен тілдестік. «Аталған мәселе осыған дейін де көтерілген. Ауылға барып, халықпен емен-жарқын сөйлесіп, жағдайды толықтай түсіндірдік. Қазіргі уақытта №69 орта мектепте оқитын 644 баланың екі жүзі ғана орыс тілінде білім алады. Оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің саны – 38 бала. Қалғаны –өзіміздің қаракөздер. Қараөткел ауылындағы №2 орта мектеп 1 200 орынға шақталған. Қазір 1 385 бала оқып жатыр. Ал екі ауысымда 2 400 оқушы қабылдай алады. Егер ауылдағы ата-аналар тарапынан орыс тілінде оқытуға өтініштер түссе, онда біз заңға сәйкес әркімнің оларды қабылдап, 1 сынып ашуымыз керек. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес әркімнің орта және арнаулы білімді қай тілде алғысы келсе де құқығы бар. Әрине, барлығы заң аясында қарастырылып, шешілуі тиіс. Мектепте барлық жағдай жасалған. Балаларды қабылдауға әзір, – дейді облыстық Білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов. Бастама көтерген жергілікті қауымдастықтың өкілдері облысты қойып, Білім және ғылым министрлігіне хат жазған. Хатқа вице-министр Шолпан Каринова жауап берген. Министрліктің жолдаған ресми хатында заңға сәйкес 2021-2022 жылдары бастауыш сыныптарда орыс тілінде оқытатын сыныптарды ашу мәселесі қарастырылатынын мәлімдеген. Ауылдағы ағайынның өзара тартысына себеп болған орыс тіліндегі сыныптарды мектепте ашу мәселесін көтерген қауымдастық өкілдерімен де тілдестік. Олар өз мәселелеріне жауап берілгенін, енді басқа жайларды көтеруге бел буғандарын жеткізді. Ал жергілікті Қараөткел ауылының әкімі бұл жағдайдың қозғалғанын, бірақ ресми ұсыныс түспегенін айтады. «Бізге ресми ешқандай хат түскен жоқ. Бәрі тек сөз жүзінде болып жатыр», – дейді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Саят Қаханов. Сонымен, білім ордасындағы түйінді мәселе осылай болып тұр. Жауапты органдар егер өтініш берілсе, алғашқы қыркүйектен бастап 1 сыныпты ашатынын жеткізді. Қалай болатынын алдағы уақыт көрсете жатар...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы