Достық үйінде «Жасампаз бастамалар: жаңа формат, айқын көзқарас, ортақ келісім» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
«Тәуелсіздік - біздің бар байлығымыз, баға жетпес құндылығымыз. Мемлекет басшысы айтқандай, биыл - қоғам мүддесіне арналған игі шаралар жылы. Тәуелсіздік жолындағы жасампаз жұмыстар өздеріңізбен бірге іске асып келеді. Осыған орай тәу етер қастерлі Тәуелсіздігіміздің құндылығы жастарымыздың санасына терең орнығуы керек. Мұны баршамызға жүктеліп отырған жауапты міндет деп есептейміз», - деді Бақтияр Мәкен.
Жаңадан сайланған мәслихат депутаттарына сәттілік тілеген зиялы қауым өкілдері оларға жүктелген міндеттердің де ауыр екенін еске салды. Сонымен қатар елордада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға ризашылығын білдірген зиялы қауым өкілдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және басқа да елордадағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.«Өткен жылы Нұр-Сұлтанда ауқымды шаралар өтті. Атап айтқанда, елордадағы бірқатар көше мен мектептерге ұлы тұлғалардың есімі берілді. Олардың қатарында Смағұл Сәдуақасов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин, әл-Фараби, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы сынды ірі тұлғалар бар. Сонымен қатар Әбіш Кекілбайұлы мен Фариза Оңғарсынованың атына да көше берілді. Бұл игі істер алдағы уақытта да жалғасады», - деді елорда әкімінің орынбасары.
Жиын соңында қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен барлық ұсыныс-пікірлер назардан тыс қалмайтынын жеткізді.«Қазіргі Нұр-Сұлтан қаласы бұрын Целиноград қаласы болып тұрған кезінде көшелерде қазақша атау некен-саяқ еді. Астана осы жаққа көшіп келгеннен кейін барлық көше атаулары қазақыланды. Қазақша көше аттары бойынша Қазақстанда бірінші орынға шықты. Дегенмен қазақ тілінің әлі де қолданыс аясын кеңейту керек. Мәслихат депутаттары сайлаушылармен кездескен кезде тұрғындармен ең әуелі қазақша сөйлесуі керек», - деді Оразкүл Асанғазы.