Бүгінде Шымкент қаласындағы мектеп оқушыларына қатысты сот отырысы білім беру ғимараттарында өтетін болған. «Бұл тәсіл мектеп оқушыларын жаман әдеттен, қылмысқа барудан бойын аулақ етуге септігін тигізбек», – дейді мамандар.
Жуырда Шымкент қаласындағы №65 мектептің акт залында үкім оқылды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы 3 күдіктіге қатысты үкім оқыды.
Аталған қылмыстық оқиға оқу жылының басында болған еді. 9 қыркүйек күні қаладағы №38 және №46 мектептің үш оқушысы №65 мектеп-гимназиясына барып, соңы көпқабатты үйлердің артында жаппай төбелеске ұласады. Балалардың қолында тас және әртүрлі суық қару да болған. Бірнеше мәрте оқ та атылған. Жедел жеткен тәртіп сақшылары төбелеске қатысқан 17 оқушыны ұстайды. Абырой болғанда көз жұмғандар болмағанымен, дене жарақатын алғандар бар.
17 баланың басы-қасында жүргендер қамауға алынып, бұзақылардан пышақ, шолақ мылтық және травматикалық тапанша тәркіленеді. Міне, осынау қарулы қақтығыстың соңы ана сүті аузынан кеппеген жасөспірімдердің сотталуына әкеп соқты.
Әрине, үкімді оқу Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Даурен Сайхановқа оңай соқпасы анық. Дегенмен қолымен істегенді мойнымен көтеру керек.
Қанша жерден олардың бұрын сотты болмағаны, өздерінің кінәсін толық мойындағаны және кәмелетке толмағаны ескерілгенімен, олардың өмірбаянында «сотты болғандығы» қалады. Жасөспірімдердің біріне бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалса, екеуі 3 жылға бас бостандығынан айырылып, оларға ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданылып, шартты түрде жаза тағайындалды. Енді олар 1 жыл бойы пробациялық бақылауда болады.
Бізді сот залының мектеп қабырғасында жиі өтіп жатқаны өкінтеді. Мұндайды жиі бастан өткізе берген бала да мәселеге немқұрайды қарай бастамасына, бойын үйретіп алмасына кім кепіл?!
Бетін ары қылсын, дегенмен атыс қаруын қолданушы жастар да көбейіп барады. Мәселен, осыдан бір ай бұрын ғана Жетісай қаласындағы мектеп-лицейдің жеткіншегі №8 мектептің 10-сынып оқушысының басына пышақ сұғып алады. Тәртібі қиын оқушылар қатарында болған жасөспірім мұның алдында да мектепке тапанша әкеліп жазаланған екен. Жазаланғаны сол, бар болғаны ата-анасына әкімшілік шара қолданып, бозбала мектебін ауыстырған. Бұл жолы ешкіммен қақ-соғы жоқ құрдасына пышақ сілтейді.
Есепте тұрған жасөспірім қалайша қару ұстап жүреді? Мектеп инспекторының қатаң қадағалауында болмай ма? Енді мәселе ушығып, қылмыс жасалғанда ғана екі айға сот санкциясымен қамауға алынып отыр. Болары болып, бояуы сіңгенде кімді кінәлайсыз?! Мұндайда хәкім Абайдың «қолымды мезгілінен кеш сермедім» өлеңі еске түседі.
Оңтүстік өңірде мұндай сорақы әрекеттерге таңғалатындай болмай қалды. Бізді де қынжылтатыны – осы. Өткен жылы Шымкент қаласында кәмелетке толмағандарға қатысты 136 қылмыс тіркеліпті. Ал жасөспірімдердің қолымен 179 қылмыс орын алған. Шымкент қаласы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, алдыңғы жылмен салыстырғанда қылмыстың төмендігі байқалады. Дегенмен Шымкент қаласы 2018 жылдың шілде айынан бері ғана облыстан дербес республикалық маңызы бар қала болғанын да ескере кеткен жөн шығар. Сонымен қатар былтыр мегаполисте суық қарумен 2 бұзақылық әрекет орын алыпты. Тәртіп сақшыларының алдын алу шаралары бойынша жүргізілген рейдтері мен акциялары кезінде 3 078 жасөспірім ұсталып, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 762 бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
Жыл басында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев орталық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мектептегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектеп инспекторларының штат санын арттыратынын айтқан болатын. Ендеше, бұдан былай қылмыстың себебін мектеп инспекторлары жетіспейді деген сылтаудан іздеудің қажеті шамалы. Ал соттың мектеп ғимаратында өтуі жастарға қаншалықты тәрбие беретіні тағы күмәнді?!
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы