Ұландықтар егде адамның тісін сындырған шетелдікті ұстады

Ұландықтар егде адамның тісін сындырған шетелдікті ұстады

Оқиға 19 ақпан күні кешкісін Шымкент қаласында болды. Қала көшелерін патрульдеп жүрген Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімнің жауынгерлеріне жергілікті тұрғын келіп, банк күзетшісін ұрып кеткен белгісіз азаматты ұстау туралы өтінішін білдірді.

Әйелдің айтуынша, жас жігіт қаладағы банк бөлімшелерінің бірінде жүріп, өзі оғаш қылықтар жасаған. Ол ғимаратқа кіріп, шығып жүрген. Осылай бірнеше рет жасаған. Оған банк күзетшісі сәйкесінше ескерту жасаған. Мұны жақтырмаған жас жігіт қызбалыққа салынып, сөз арасында бұзақылық пиғылмен күзетшіні ұрып, белгісіз жаққа қарай қашып кеткен.

Ер азаматтың түр-сипаты бойынша ұландықтар дереу іздеуге кіріседі. Араға уақыт салып, әскерилер полиция қызметкерлерімен бірге бұзақыны қолға түсіреді.
– Біз күдікті қашқан ауданда іздеу жұмыстарын жүргіздік. Ізін суытпай сипаттама бойынша келетін ер азаматты таптық. Ол бізді көрген бойда қашқысы келген, алайда үлгермеді. Оны қолға түсіре салысымен полиция қызметкерлеріне тапсырдық, – дейді әскери жасақ бастығы Нұрсұлтан Әскен.
Тексеріс барысында күдікті Ресей Федерациясының азаматы екені белгілі болды. Жағдайдың мән-жайын анықтау үшін жас жігіт Еңбекші аудандық Ішкі істер басқармасы қызметкерлеріне тапсырылды.

ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі