Еліміз электр энергиясын көбірек пайдалана бастады. Қуат көзіне деген қажеттілік бір жылда 2%-ға өскен. Былтыр қаңтар-қараша аралығында 96,7 млрд кВт-сағат электр энергиясы өндірілген, бұл 2018 жылдың осы кезеңінен 0,4%-ға аз.
Сарапшылар Қазақстанда электр энергиясын тұтыну көрсеткіші тұрақты түрде өсіп отыратынын болжап отыр. Мәселен, 2030 жылға қарай сұраныс 136 млрд кВт-сағатқа өссе, 2025 жылға қарай 172 млрд кВт-сағатқа жетеді деп күтілуде.
Еліміздегі ең көп электр энергиясын өндіретін өңір – Павлодар, облыс республикадағы жалпы өндіріс көлемінің 40,6%-ын (39,3 млрд кВт-сағат) беріп отыр. Одан кейінгі орында Қарағанды (14 млрд кВт-сағат), Шығыс Қазақстан (8,9 млрд кВт-сағат) және Атырау ( 5,5 млрд кВт-сағат) мен Маңғыстау (4,7 млрд кВт-сағат) облыстары тұр. Аталған бес өңірде елдегі электр энергиясының 74,8% өндіріледі. Дегенмен өндірісті аймақтарда электр энергиясына сұраныс та жылдан-жылға өсуде.
АЭС САЛУ ТАҚЫРЫБЫ
ТАҒЫ КӨТЕРІЛЕ МЕ?
Әдетте, электр энергиясы тапшылығы туралы айтылса, атом электр стансасын (АЭС) салу тақырыбы қоса көтерілетіні бар. Ең алғаш Қазақстандағы АЭС құрылысы жайлы әңгіме 1997 жылы шықты. Сол кездегі білім және ғылым министрі Владимир Школьник Маңғыстауда АЭС салудың тиімділігін бірінші болып мәлімдеп, біраз жылдан соң «Қазатомөндіріс» компаниясын басқарған тұста да жиі ескертіп отырғаны есімізде.
Кейіннен сол кездегі Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев АЭС-ін Курчатов қаласында салуды ұсынды. Тағы бірер жыл өте Курчатовпен қатар Балқаштың Алматы облысы жақ жағалауындағы Үлкен ауылына құрылыс жүргізу жөнінде айтыла бастады. Бір анығы, шенеуніктер тарапынан әр кезеңде бой көрсетіп жүрген АЭС тақырыбына Қазақстан қоғамы үнемі қарсылық білдіріп келген. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та да түрлі пікір қайшылығы туындады.
Айтқандай, атом стансасы керек деушілерге 2016 жылы сол кездегі энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың мәлімдемесі нүкте қойғандай болғаны бар. Бозымбаев Қазақстанда алдағы 7 жылда АЭС салуға еш негіз жоқ деп кесіп айтты. Әйтсе де айтуын айтқанымен, бір жыл өткенде оның аузынан «атом стансасы құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі қаралып жатыр» деген де сөз шығып қалды. Осыған қарағанда, біздің Үкімет мүшелерінің кейбірінің аузына «белгісіз бір күштер» АЭС туралы салып тұра ма деп те қаласың...
Атом стансасы туралы соңғы деректің бірі өткен жылдың сәуірінде шықты. 2019 жылы 3 сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге ресми сапарында Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанда ресейлік технология бойынша АЭС салу туралы ұсыныс жасады. Бір қызығы, ертеңінде-ақ сол кездегі энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев «егер АЭС салу туралы шешім шығатын болса, ол Алматы облысындағы Үлкен ауылында салынады» деп мәлімдеп, стансаның орнын да нұсқаған. Әйтсе де, бұл тақырып әдеттегідей қоғамның қарсылығын тудырып, Үкімет тарапынан қайта қозғалмады.
Айта кетерлік жайт, Қазақстанда өндірілген электр энергиясының 69,7%-ын көмір, 20,0%-ын газ, 9,0%-ын су электр стансалары (кішігірім СЭС-ті қоспағанда), 1,3%-ын жаңартылатын энергия көздері береді. Демек, жел мен күннен және судан алынатын қуат көздерін ұлғайта түскен жөн.
Көп ұзамай сәуір айының соңында Семейге жұмыс сапарымен барған Қ.Тоқаевтың қоғам өкілдерімен кездесуінде АЭС салу мәселесінің анық-қанығы сауал ретінде қойылды. Мемлекет басшысы электр энергиясының тапшылығы үлкен мәселе екенін, Қазақстанда 2030 жылға қарай жетіспеушілік болатынын айта келе, егер қоғам АЭС салуға қарсы болса, онда шешім қабылданбайтынын атап өткен. Сонымен бұл тақырыпқа уақытша болса да нүкте қойылғандай болды.
АЭС НЕСІМЕН ТИІМДІ?
Ашығын айту керек, атом электр стансасы құрылысын аждаһадай елестетудің де жөні жоқ. Себебі әлемде 200-дің үстінде атом электр стансасы жұмыс істеп, электр энергиясын өндіріп тұр. Кейбір мемлекеттерде бірнеше АЭС жұмыс істеп жатса, Бангладеш, Беларусь, Түркия, Өзбекстан секілді елдер алғашқы атом стансасын салуға кірісуде.
Бұл тұрғыда Қазақстанның да мүмкіндігі мол екені анық, себебі елімізде көмірден бөлек уранның да үлкен қоры бар. Жыл сайын әлемде 60 мың тонна уран өндірілсе, сол көлемнің үштен екісі Австралия, Қазақстан, Канада секілді көшбасшылардың үлесінде. Өз жерінде уранның үлкен қоры бар әрі ірі экспорттаушы Қазақстан үшін АЭС салып, ядролық отын түрінде сыртқа сатса, мол пайдаға кенелері де айқын мысал.
Ашығын айту керек, атом электр стансасынан экологиялық таза өнім өндіріледі. Бірақ бетін аулақ қылсын, жарылатын болса, табиғатқа миллион есе қауіп тудыратыны сөзсіз. «Жаман айтпай, жақсы жоқ», дегенмен Жапониядағы Фукусима стансасындағы апаттан кейін әлем АЭС салудан аяғын тарта бастады. Әсіресе, Германия, Испания, Швейцария, Бельгия, Австрия және Тайван секілді елдер атом энергетикасына көшуді біртіндеп басқа көздерге ауыстыруды қолға алуда. Өйткені АЭС салу айтуға оңай болғанымен, үлкен тәуекелді қажет ететін мәселе. Оның үстіне стансаны жұмыс барысында суытып тұру үшін көлемді су көзі қажет. Қазақстанда станса суытпақ түгіл ауызсу мен егістікке су тапшылығы болады деп экологтар дабыл қағып отырғанын есепке алсақ, дәл қазір атом энергетикасының ауылы бізге алыс.
Екіншіден, дәл қазір Қазақстанда АЭС салуға Ресейден басқа ұсыныс білдіріп, құмартып тұрған мемлекет те аз. Рас, әлемде атом электр стансасын салудан тәжірибесі бар елдер жетерлік, дегенмен Жапониядағы апаттан кейін бұл салаға қызығушылық біршама төмендеді. Осының өзі-ақ энергетика нарығы атом өндірісінен «жасыл экономикаға» қарай ауыса бастағанын білдірсе керек.
Оған қоса, соңғы уақытта Ресейдің «Росатом» компаниясы да өз ішінде диверсификацияға көшіп, жел электр стансаларын орнатуды қолға алды. Айтпақшы, Қазақстанда АЭС салу ісі ұзаққа созылып кеткен соң ресейлік компания стансаны өзбек жерінде салуға талпынып жатыр. Кейбір деректерде Өзбекстанда алдағы екі жылда ресейлік технологиямен салынады деп отырған АЭС-тің жобалық құны 11 млрд доллар болады делінеді. Ресей құрылыстың негізгі шығынын өзі көтеріп, ұзақ жылға жеңілдетілген несие негізінде ұсынатыны айтылып қалды. Айтпақшы, Ресей үкіметі Түркияға АЭС салып беру үшін пайызсыз несие ұсынған болатын. Осыдан-ақ көрші елге АЭС салу экономикалық тұрғыдан емес, саяси бағытта тиімдірек екені байқалып тұрғандай.
Сонымен, Қазақстанға АЭС керек пе, жоқ па? Керек болса, оны кім салуы керек? Бұл сауалдарға да нақты жауапты алу алдағы күндердің еншісінде қалған секілді.
БАҒА КӨТЕРІЛЕ МЕ?
«Электр энергиясына сұраныс өскені анықталды, енді оның бағасы қымбаттай ма?» деген сауал туындайтыны анық. Табиғи монополияларды реттеу комитетінің хабарлауынша, биыл тұрғын үйлерді электр энергиясымен жабдықтауға тариф 2018 жылғыдан сәл төмен болады. Яғни, электрмен жабдықтау 1 кВт-сағат үшін – 12,36 теңге (2018 жылы бір кВт-сағат үшін 12,61 теңге) болады. Осы орайда айта кетейік, 2020 жылы жылумен қамтамасыз ету – 1 Гкал үшін 3115,6 теңге (2018 жылы Гкал үшін – 3 761,2 теңге), сумен жабдықтау – текше метр үшін 67,82 теңге (2018 жылы текше метрге 72,25 теңге), суды бұру – бір текше метр үшін 46,6 теңге (2018 жылы текше метрге 49,51 теңге) көлемінде бекітіледі.
Баға демекші, атом электр стансасынан қуатты энергия өндіруге болады. Дегенмен оның бағасы дәстүрлі энергия көздерінен алған электр энергиясының бағасынан қаншалықты айырмасы болуы мүмкін? Ресейлік БАҚ-та жазылған деректерге сүйенсек, Ресейдегі Нововоронеж АЭС-2 стансасынан өндірілген 1 кВт-сағаттың құны 5,53 рубльді (0,087 доллар) құрайды. Ал Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін қолдау тарифіне келсек, 1 кВт-сағаты үшін 31,68 теңге (0,081 доллары). Демек, заманауи атом электр стансаларының электр энергиясы жаңартылатын энергия көздеріне қарағанда сәл де болса қымбатқа түсетіні көрініп тұр.
НЕГІЗГІ ҮМІТ БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІНДЕ
Энергетика министрлігінің дерегіне сүйенсек, елімізде электр энергиясы 138 электр стансасынан (оның ішінде ЖЭК нысандары да бар) өндіріледі. Бұл электр стансалардың белгіленген қуаты 21 673 МВт-қа тең (1 МВт – 1 млн ватт).
Соңғы бес жыл ішінде электр стансаларының қуаты 2470 МВт-қа артты. 2018 жылғы мәлімет бойынша, республикадағы электр стансалары жабдықтарының пайдалану мерзімі орта есеппен 32 жылды құраса, ең ескісінің уақыты 70 жылдан асып кеткен.
Айта кетерлік жайт, Қазақстанда өндірілген электр энергиясының 69,7%-ын көмір, 20,0%-ын газ, 9,0%-ын су электр стансалары (кішігірім СЭС-ті қоспағанда), 1,3%-ын жаңартылатын энергия көздері береді. Демек, жел мен күннен және судан алынатын қуат көздерін ұлғайта түскен жөн. Бұл тұрғыда ел Үкіметі үлкен жобаларды бастаған. Мысалы, осы жылдың аяғына дейін Қоршаған ортаны қорғау министрлігі экономикалық және энергетикалық дамудың әртүрлі сценарийлерінде көмір мен газды ауыстыру немесе пайдалануды азайту мүмкіндіктері мен артықшылықтарын қарастыратын Қазақстан үшін 2050 жылға дейін төмен көміртекті даму стратегиясын әзірлеуі тиіс. Төмен көміртекті дамуға көшудің маңызды аспектісі жаңартылатын және балама энергия көздерін дамыту болады. Тұтастай алғанда, стратегияны іске асыру парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал етеді, бұл Париж келісімінің талаптарын 2030 жылға дейін орындауға мүмкіндік береді. 2020 жылдың аяғында Қазақстанда жаңартылатын энергияның 95 нысаны іске қосылуы керек. Энергетика министрлігі өндіріс көлемін 3 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Париж келісімі демекші, қаңтардың соңында Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумға жиналатын әлемдік көшбасшылар мен инвесторлар бұл тақырыпты тағы бір пысықтап, 2015 жылы Парижде уәде етілген міндеттемелер сұралады. Оған қоса, бұл жолы форумға Грета Тунберг бастаған жас белсенділер де қатысып, нақты іске көшу туралы талап күшейеді деп күтілуде.