Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында Мәжіліс депутаттары, Nur Otan партиясы фракциясы мүшелері Нұрлан Әбдіров, Нұрлан Дулатбеков, Гүлнар Бижанова Global Сity көтерме-тарату орталығында болды. Мәжілісмендерге орталық жұмысының мүмкіндіктері баяндалды.
Көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі кезде қоймалар, кросс-доктар дайын және сауда павильондарындағы жұмыстар да түгесілді.
– Біздің кросс-доктарымызда 164 фурадан сауда жасауға болады, ол үшін қажетті барлық нәрсе бар. Қоймалар жемістер мен көкөністерді, сондай-ақ ет, балық және сүт өнімдерін арнайы бокстарда сақтауға мүмкіндік береді. Олардың температурасы -24 градусқа дейін төмендейді, – дейді Global Сity ЖШС коммерциялық директоры Наиль Мунасипов.
Депутаттар орталықтың құрылысы тұтынушыға арналған тауарлардың қорытынды бағасына қалай әсер ететінін сұрады. Наиль Мунасиповтың айтуынша, логистиканы оңайлату есебінен баға шамамен 15-20%-ға төмендеуі тиіс.
Жаңа орталықта көкөніс, жеміс-жидек, ет-сүт өнімдері сатылады. Нысанның ашылуы биылғы жылдың 1 наурызына жоспарланып отыр.
Жалпы алғанда, Мәжіліс депутаттары Қарағанды облысында 10 күн өткізді. Олар мектептерде, колледждерде және кәсіпорындарда болып, жұмыс ұжымдарымен кездесіп, заңнамаға енгізілген жаңалықтарды түсіндірді.
– Сапар барысында бірнеше нысанды аралап, кәсіпорын қызметкерлерімен кездестік. Тұрғындардың да сұрақтарына жауап бердік. Олардың көпшілігі негізінен мемлекеттік сатып алу, тұрғын үй-коммуналдық сала, зейнетақы заңнамасы, денсаулық сақтау жүйесіне қатысты болды. Әрине, біз осы мәселенің барлығын Үкіметке қарауға жеткіземіз. Барлық азаматтың көкейіндегі мәселелерін қарастырып, ешкімді назардан тыс қалдырмауға тырысамыз, – деді депутат Нұрлан Әбдіров.
Бұған дейін делегация Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбековпен кездескен. Олар өңірдің дамуына қатысты өзекті мәселелерді және оларды шешу жолдарын талқылады.