«ҚазАгро» агроөнеркәсіп кешенді дамытуға 477 млрд теңге бөлді

«ҚазАгро» агроөнеркәсіп кешенді дамытуға 477 млрд теңге бөлді

«ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің қаржы институттары арқылы еліміздің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру көлемдері жыл сайын артуда, – деп хабарлайды холдингтің баспасөз қызметі.

2019 жылдың өзінде «ҚазАгро» холдингі АӨК субъектілеріне 477 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Оның ішінде ауыл шаруашлығын несиелеуге және ауыл шаруашылық техникасының лизингіне 448 миллиардтан астам теңге және бидай сатып алуға 29 миллиард теңгеге жуық қаражат бағытталды.

Айта кетейік, 2018 жылы қаржыландыру көлемі 400 млрд теңгені құраған. Оның 385 млрд теңгесі несие мен лизингке, 15 млрд теңгесі бидай сатып алуға жұмсалды.

Жалпы, «ҚазАгро» Холдингінің несиелік портфелі 886 млрд теңгеге жетіп, қарыз алушылар саны 77 мыңға дейін өскен. Ұлттық холдингтің қаржылық қолдауының арқасында өткен жылы 37 мың ауыл тұрғаны жұмыспен қамтылып, жаңа жұмыс орындарына ие болды.

Былтыр жалпы құны 84 млрд теңгені құрайтын 56 инвестициялық жоба қаржыландырылды, соның ішінде 21 млрд теңге сомасына 24 жоба іске қосылып, 770 жұмыс орыны құрылды.

2020 жылы 56 млрд теңге сомасына 31 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осының негізінде 3 мың жұмыс орыны құрылатыны туралы атап өткен жөн. Қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау жалғасуда.

Сонымен қатар, «ҚазАгро» Холдингі өз қызметін реформалау мен тиімділігін арттыруға бағытталған шараларын жүзеге асыруда. Холдинг корпоративтік басқару сапасын арттыру мақсатында еншілес компаниялар санын қысқарту шеңберінде «ҚазАгроКепіл» АҚ-н «Ауыл шаурашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-на қосу, «ҚазАгроӨнім» АҚ-н «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-на қосу және «Қазагромаркетинг» АҚ тарату жұмыстарын жүргізді.

2020 жылы «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ өз қызметін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің құрамында жалғастыратыны туралы шешім қабылданды. Осылайша Холдингтің құрылымында 3 арнайы қаржыландырушы компаниялар қалатын болады:

- «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ - АӨК субъектілерін несиелендіру, несие серіктестерін, микроқаржы ұйымдарын, екінші деңгейлі банктер мен лизингтік компанияларды қорландырумен айналысады.

- «Ауыл шаурашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ – шағын бизнесті микроқаржыландыру, қарыздарды кепілдендіру, АӨК сақтандыру жүйесіне қатысу.

- «ҚазАгроҚаржы» АҚ – ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының лизингі.

Еске салайық, өткен жылы «ҚазАгро» Холдингі сыртқы валюталық борыштарын толығымен өтеп, 2020 жылдың қорытындысы бойынша пайдаға шығу мақсатында трансформация бағдарламасын қабылдаған болатын.