Көпшілікке «Қолтырауын», «Монополия» сияқты үстел ойыны жақсы таныс. Осындайда қазақ тіліндегі үстел ойыны бар-жоғын іздестіресіз. Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы Айнамкөз Рафихова да ұлттық мазмұндағы үстел ойынын ойлап тапқысы келген. Нәтижесінде, «Зерек» атты үстел ойынын құрастырған.
«Зерек» үстел ойыны мақал-мәтелдерді, ертегілер, жаңылтпаштар, ырым-тыйымдар мен тұрақты тіркестерді қамтиды. Яғни, қатысушылардың білім деңгейі сыннан өтеді. Ойынның ережесіне келсек, мұнда қозғалыс тәртібі, уақыт, ойыншы саны мен түрлі бонустар басымдыққа ие. Үстел ойынында барлығы 57 ұяшық бар. Арасында тұзаққа (от пен су) түсуіңіз, бонус пен ақылы ұяшықтар көмекке келуі мүмкін. Бұл қалай деп таңырқасаңыз, ойыншы сүйекті лақтырып, ойынды бастайды. Осылайша, 100 сұрақ картасының бірін таңдап, оған жауап беруі қажет. Егер тұзақ ұяшықтарына тап болса, ойыншыны от ұяшығынан Көлтауысар, су ұяшығынан Желаяқ құтқара алады. Алайда оған қажет кейіпкер түспесе, ойыншы сол ұяшықта қалып қояды. Ал басқа ойыншының кезегі келгенде бонус түріндегі қағаз банкноттар арқылы айыппұл төлеп, ойынды әрі қарай жалғастыра алады. Айта кетерлігі, тұзақ ұяшықтары үшін айыппұл – 2 500 теңге. Мәреге кім бұрын жетсе, сол жеңімпаз атанатыны тағы бар. Ойын сұрақтары «суреттегі мақал-мәтелді жалғастыр/тап», «фразеологизм, ырым-тыйым мағынасын ашу, «жаңылтпашты қайталау», ертегілер мен аңыздар бойынша эрудицияны тексеру, жұмбақтарды шешу сияқты тапсырмаларға құрылған. Үстел ойынының баланың дамуына қосар үлесі зор. Сондықтан Айнамкөз «Зеректі» сыныптастарымен бірге ойнап көрген. Оған қоса, ойынның қағаз нұсқасын Орал қаласындағы балалар ауылы тәрбиеленушілеріне таныстырып, сыйлық ретінде табыстаған. Олай дейтініміз, аталған ойынның электронды нұсқасы да бар. Болашақта ол ойынды жан-жақты дамытқысы келеді.Айбике ЖАНАСЫЛ