Экология министрлігі 19 ақпан күні Теміртау қаласында болған оқыс оқиғаға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-қа жоспардан тыс тексеру жүргізбек. Теміртау қаласында атмосфераны ластаушы заттар шығарындылары рұқсат етілген нормадан асып кеткен.
23 ақпан күні Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-қа жұмыс сапарымен барып қайтты. Қарағанды облысында ауаға зиянды газ тарататын алып екі кәсіпорынның бірі «АрселорМиттал Теміртауда» кейінгі жылдары апат жиілеп кетті. «19 ақпанда сағат 16.30-да №2 конвертерді үрлеу кезінде алғашқы газ тазалайтын пресс-скруббердің қабырғаларына жабысып қалған шаң опырылып құлады. Балқыту дереу тоқтатылды. Осындай фактілерге қатысты жедел іс-шаралар қабылданатын болады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі. Министр Бейбіт Атамқұлов конвертер цехын аралап көрді. Министр кәсіпорынға жаңа Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес, зауытқа ауқымды жаңғырту жүргізу және технологиялық жаңартуға инвестициялауды ұлғайтуды міндеттеді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Бас директоры Бижу Наир кокс батареяларындағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы баяндады. 2021 жылы №3 және 4 кокс батареяларын жөндеуді толығымен аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар алдағы уақытта ЖЭО – бу-ауа стансасын, ЖЭО-2, Көмір департаменті шахталарын жаңғырту және көмір метанын қайта өңдеу бойынша жобаны іске асыру туралы баяндады. Министр еліміздегі құрылыс көлемі айтарлықтай қарқынмен өсіп келе жатқандықтан, ішкі нарықты металл прокатымен көбірек қамтамасыз ету қажет дегенді айтты. Жаңа жылдан бері комбинатта бірнеше апат болды. 2021 жылғы 13 қаңтарда сағат 21.53-те «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты Ленин атындағы шахтада апат болып, 137 адам жоғарыға шығарылған болатын. Апат салдарынан машинист қаза тапты. Бұл шахтада осыдан 15 жыл бұрын метан жарылып, 41 кенші қайтыс болған еді. Қаңтар айында компанияға қарасты аумақта тағы бір апат болған еді. 23 қаңтарда күндіз «АрселорМиттал Теміртау» №11 жылыту пешінің үстінде жалпы ауданы 72 шаршы метр болатын екі жабын плитасы опырылып құлады. Апат демалыс күніне сәйкес келмеуінен құрбандар мен зардап шеккендер болмады. 2019 жылдың қазан айында «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы шығарындыларды 2023 жылға дейін 30%-ға төмендету туралы Меморандумға қол қойған болатын. «Жылына 6 миллион тонна өндіру жоспарда болды. Тиісті меморандумдарға қол қойылды. Қазір, өкінішке қарай өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл үш-төрт миллионды ғана құрап отыр. Оны 4 миллионға жету жоспарда бар. Өткен жылы пандемияға байланысты комбинат инвестициялар көлемін 70 миллиард теңгеге дейін төмендетті. Биыл инвестицияны 140 миллиард теңгеге арттыру көзделіп отыр. Өткен жылы сәуір-мамыр айларында өндіріс екі есе азайса, қазір өнімділік жақсарғанын көріп отырмыз. Бағалар тұрақты. Ресей мен Қытай нарығы өсіп келеді. Менің ойымша, олар 5 миллионға дейін өсуі керек. Бұл үшін барлық мүмкіндіктер бар. Сондай-ақ оларға сортаментті ұлғайту – автомобиль шикізатын және басқа да көптеген өнімдер шығару қажет, – дейді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ 3,25 миллион тонна болат және 3,1 миллион тонна шойын балқытты. 2020 жылы шығарылған өнім көлемі: ыстықтай тапталған прокат – 1,2 млн тонна, суықтай тапталған прокат – 646 мың тонна, мырышталған про-кат – 489 мың тонна, сорттық прокат – 373 мың тонна, полимермен қапталған прокат – 117 мың тонна, құбырлар – 47 мың, бұрыштар мен профильдер – 3,7 мың тонна, ақ қаңылтыр – 58 мың тонна.Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы