Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы жан түршігерлік оқиғадан жұрт әлі есін жия алар емес. Бір күнде бес баласынан бірдей айырылған ата-анаға біреулер көңіл айтып, қайғысына ортақтасса, енді екіншілер өрттің шығу себебін болжаумен әлек. Арнайы құрылған комиссия да бұған қатысты нақты байлам айтпады. Бір ғана нұсқа, балалар көрпе үстінде сіріңкемен ойнап отырып, абайсызда өрт шығып, бесеуі бірдей түтінге тұншығып қалған.
19 ақпан жамбылдықтардың жүрегінде жарасын қалдырды. Ай-күннің аманында 1991 жылы туылған Нұрсұлтан мен 1993 жылғы Меңсұлу бес баласынан айырылып қалды. Балалардың үлкені 6 жасар болса, кенжесі – 8 айлық. Ал Жаңатас қаласына арнайы құрылған комиссияны бастап барған облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек балалардың ата-анасына билік тарапынан барынша көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ ол әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды. Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев өрт-техникалық зертханасының алдын ала зерттеу мәліметтерін жариялады. Оның сөзіне сүйенсек, өрт туралы хабар 19 ақпан күні сағат 15.15 минут кеткенде түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан бөлме жылытқыш электр құралын немесе жарамсыз тоқтар таппаған. Ал аталған үйдің өзі орталықтандырылған жылыту қондырғысына қосылған. Яғни, мамандар өрт электр жылыту құралынан немесе жарамсыз электр сымынан туындауы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды. Облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бақыт Ратаев болса, өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша, сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. Яғни, болжам бойынша, өрт балалардың көрпе үстінде сіріңке жағуынан тууы мүмкін. Көрпеге тиген жалын бүкіл бөлмеге тез таралып, соның салдарынан бүлдіршіндер түтінге тұншығып, қаза тапқан. Тексеріс тобының әзірге болжамы осындай болып тұр. Ал бес баласы бірдей қаза тапқан отбасының тұрмысы жақсы. Көпбалалы отбасы ретінде мемлекеттен жәрдемақы алып, «Бизнес бастау» жобасы бойынша грантқа да ие болған. Балалардың анасы (мұғалім) бала күтімімен үйде отырса, отағасы орталық ауруханада дәрігер болып істейді. Жуырда бөлім басшысы қызметіне тағайындалған. Өртенген үйдің өзі үш бөлмеден тұрады. 40 шаршы метр тұрғын үйдің 16 шаршы метрін өрт шарпыған. Яғни, өрт балалар бөлмесінен шыққан. Үйдің өртеніп жатқаны туралы балалардың анасына көршісі хабар берген екен. 15 минутта жеткен ол есікті өз кілтімен ашып, балаларын құтқаруға жанталасқан. Ал үш бөлмелі үй қыздың анасының атына тіркелген екен. Жалпы, Жаңатастағы оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде түрлі ақпарат желдей есіп тұр. Белгісіз біреу YouTube каналында «Бес балалы отбасы 16 шаршы метр үйде тұрған, Үкімет осындай адамдарға көмектеспей қайда қарап отыр?» деп дәйексіз ақпарат таратып, елді митингке шығуға шақырса, Бейсекүл Сәгетаева есімді тұрғын «Өрт үйде қосылып тұрған тоқ пештен шыққан» деген аудиожазбаны әртүрлі топтарға жіберген. Алайда кейін белгілі болғандай, Бейсекүл Жаңатас қаласының емес, Тараз қаласы Шөлдала алқабының тұрғыны болып шықты. Аталған тұрғын жалған ақпарат таратқаны үшін көпшіліктен кешірім сұрады. Бұдан бөлек, «өрт болған кезде балалармен бірге үйде жасы егде тартқан әйел болған» деген ақпарат та жоққа шығып отыр. Сондай-ақ «Өрт шыққан үйде үш күн бойы жылу болмаған, сол себепті тұрғындар тоқ пешпен отырған» деген де ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы тұрғындардың өздері айтып отыр. Ал Меңсұлудың әпкесі Назира Шонбаева кеше балаларды жерлеу рәсімі туралы жазбасын әлеуметтік желіге жариялады. «Бес бірдей бүлдіршінінен айырылған Меңсұлу сіңлімнің жанында болып, өзімді қоярға жер таппадым. Жылаған ана жүрегінің қақ айырылғанын көру мен үшін қиын болды, қолымнан келгенше сабырға шақырдым. Шомылдырып болған соң балаларын көруге рұқсат берген имамның сөзі жүрегін елжіретіп, балаларға қарай жүгірді, балапандарын көрген Меңсұлу әрқайсысының маңдайынан сүйіп құшақтағаны, кіршіксіз періштелер қаз-қатар әп-әдемі боп жатқаны көз алдымнан кетпейді. Бес баланың мәйітін мың қаралы адам көтеріп бара жатқан көріністі көргенде еңіремеген ел, жараланбаған жүрек, жыламаған жанар қалмады десем болады. Сарысу ауданына танымал Есмахановтар әулетіне, нағашы еліме тағы да қайғыра көңіл айтамын. Тас түскен жеріне ауыр, әрине Меңсұлу сіңлім мен Нұрсұлтан күйеу балаға Алла сынақ берген екен, енді сабыр бере көрші! Елімізде әр отбасында балалар аман болсыншы, аналар жыламасыншы. Бүгін адамзат түгілі табиғат ана да демін ішке тартқандай түнеріп тұрды. Ол да бүкіл елмен бірге құлазып, қайғырып тұрғандай. Өте ауыр жағдай» деген Назира жазбасында. Назира Шонбаева – Меңсұлудың жақын туысқаны екен. Ол да Бейсекүл Сәгетаева сияқты кей тұрғындардың өрт тоқ пештен шыққан деген сияқты аудиожазбалары жалған екенін айтты. Ал оқиға орнында жүрген сенімді дереккөздің сөзіне сүйенсек, өрт шыққан бөлмеден «зажигалка» табылыпты. Осы факті балалардың шын мәнінде абайсызда ажал құшқанын дәлелдеп тұрғандай. Ауыр қазаға қатысты Мемлекет басшысы көңіл айтуын жолдаса, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданы Үшарал ауылындағы Әбдімәліковтер әулетінің қара шаңырағына көңіл айтып шықты. Сондай-ақ аймақ басшысы Президент тапсырмасына орай қара жамылған отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін жеткізді. Қалай дегенде де, Жаңатастағы жағдай бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырғаны анық. Әлеуметтік желілерде көңіл айтып, отбасының қазасына ортақтасып жатқан халықтың қарасы қалың. Тіпті, кейбіреулер балалардың ата-анасына көмек көрсету үшін есепшотын да сұраған. Ажал айтып келмейді. Алланың ісіне араласу да әмірімізде емес. Жазмыштан озмыш жоқ. Енді тек балалардың ата-аналарына Алла сабыр берсін деп тілейміз. Періштелердің аруағы пейіште шалқысын!Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы