Биыл Қазақстанның Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Бұл – артта қалған жолды бағамдап, жеткенді салмақтап, болашағымызды болжауға мүмкіндік берер ерекше меже. Бұл – өткенге салауат айтып, келешекке сенім артар кезең. Ұлтымыз үшін ұлық мерейтой аясында біз Отанымызға бейбітшілік, тұрақтылық пен береке, ал халқымызға игілік, ынтымақ пен ырыс әкелген ұлы бетбұрыстарды, ірі жетістіктерді сараптауға бел будық. Алдымен Елбасының жаһандық өзгерістерге жол ашқан, адамзат тарихының көшін түзеткен ғажайып бір бастамасын сөз еттік. Бәрі 1991 жылдан басталып еді.
Тіршілік ұстыны – қауіпсіздік
Жер бетінде адам баласы пайда болғалы оның алдынан ас табудан кейінгі туындаған басты түйткіл – қауіпсіздік болған. Қазір де пенденің басты қажеттіліктерінің тізімі көп өзгере қойған жоқ. ХХ ғасыр тәмамдалар тұста өз тәуелсіздігі жолында қадам жасаған жаңа қазақ мемлекетінің алдында да дәл осы мәселе кесе-көлденең тұрды. Өйткені бұл – әлемдегі алыс-жақын, жас-кәрі мемлекеттердің әртүрлі қақтығысқа кезігіп, азаматтық соғысқа бас ұрып, қанға бөгіп жатқан аса ауыр кезі болатын. Көркем тілмен түйсек, қазақ елінің кемесін айдындағы әртүрлі алапаттан аман сақтап, теңіз дауылдарынан басы бүтін күйде алып өтіп, бейбіт айлаққа жеткізу Қазақстанның тағдыры үшін жауапкершілікті өз мойнына алған Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан келді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті осы жолда ядролық қарусыздану, әлемдік держава саналатын алпауыт мемлекеттерді шекара бөлісуге иліктіру, Ұлттық армияны қалыптастыру, сепаратизммен, лаңкестікпен күресу бойынша байыпты қадамдар жасап, пәрменді шешімдер қабылдады. Әрине, мұның бәрі жеке-жеке талдап, ой елегінен өткізуді қажет ететін тақырыптар. КСРО-ның ядролық арсеналының қомақты бөлігінің Қазақстан еншісіне тиюі – құндылық емес, ауыр мұра болатын. Салдарынан республикамыз жетекші державалардың «қатаң бақылануы тиіс объектісіне» айналды. – Басында біздегі ақиқатты білмеген державалар Қазақстанды ядролық қаруы бар және бүкіләлемдік қоғамдастыққа қатер төндіретін ислам мемлекеті деп қабылдады. Бұл жағымсыз образ бізге ғана емес, сондай-ақ біздің болашақ әріптестерімізге де кедергі келтірді. Қиындық мынада еді: іс жүзінде Қазақстанда күрделі сыртқы саяси міндеттерді шешуге өкілетті кәсіби дипломаттар болмады. Кеңестік дәуірде Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде негізінен хаттамалық шаралармен және халықаралық мәдени әріптестікпен шектелген бірнеше адам ғана жұмыс істеді», – деп еске алды кейін Елбасы. Өйткені еліміз әлі тәуелсіздігін жариялап үлгермеген, ал КСРО болса, күйрей бастаған. Бұл кезде Қазақстанның шетелде бірде-бір өкілдігі, елшілігі болмады. Бұған қоса, білікті дипломаттар да тапшы-тын.Жарқын күнді жақындатқан «Жақұт»
Осы орайда, ядролық қарудан және оны сынаудан түбегейлі бас тарту – еліміздің беделін өсірген, оған сенімді күшейткен және экономикасының дамуына жол салған маңызды бетбұрыстардың біріне айналды. Себебі мамандардың бағалауынша, ядролық арсеналды ұрысқа қабілетті күйде ұстау үшін жыл сайын он миллиардқа жуық доллар шығындауға тура келеді. Мәселен, «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық қозғалыс» (ICAN) ұйымының есебінде айтылғандай, 2019 жылы 9 ядролық держава ядролық арсеналдарын ұстап тұруға және жаңғыртуға 73 миллиард доллар шығындаған екен. Соның ішінде АҚШ – 35,4 млрд доллар, Қытай – 10,4млрд доллар, Ұлыбритания – 8,9 млрд доллар, Ресей 8,5 млрд доллар жұмсады. Айта кету керек, ядролық арсенал – ешқашан қолданылмайтын қару. Егер әлдеқалай қолданыла қалса, ядролық соғыс болса, адамзат үрім-бұтағымен жер бетінен жойылады, дүниежүзі бір сәтте тып-типыл болады. Жаппай қырып-жою қаруларын «ақырзаман қаруы» деп атайтыны да содан. Демек, ел қауіпсіздігін қорғауға еш қажет болмайтын қару-жараққа миллиардтаған доллар ел қаржысын босқа шығындау орынсыз. Оның үстіне, бұл тәуелсіздігіне енді ғана қол жеткізіп жатқан ел үшін көтере алмас ауыртпалық болатын. Оң мен теріс тұстарын таразыға тең тарта отырып, 1991 жылдың 28 тамызында Қазақстанның көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл тарихи оқиға еді. Осыдан кейін әлемнің әр түкпірінде ірі сынақ полигондары жабылды. Бірақ бұл аяқастынан қабылданған асығыс шара емес, жүйелі, бірізді қадам болатын. Өйткені осының алдында, 1990 жылғы 25 қазанда ел басшылығы мақұлдаған және Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің қаулысымен бекітілген «Мемлекеттік егемендік туралы декларацияда» ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігін жариялаған соң Қазақстан әлемде қуаты жөнінен 4-орында болған ядролық арсеналдан бас тарту рәсіміне кірісті. Бұл процесс 1992 жылы қарқын алып, аяғына жеткізілді. Кеңес Одағынан Қазақстанға 1 мың 216 ядролық оқтұмсық түріндегі ғаламат арсенал мұраға қалды. Жалпы саны жөнінен сол кездегі Ұлыбритания, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де асып түсетін. Оның үлкен бөлігі 1995 жылға дейін шетелге әкетілді немесе өз еліміздегі полигонның қойнауында химиялық тәсілмен жойылды. Осылайша, жер-жаһан орасан көлемдегі ядролық жаппай қырып-жою қаруынан құтылды.Қаруланған елден – дамыған елге
Қазақстан төл ядролық қаруын көзсіз жоя салған жоқ, одан саяси, экономикалық дивидендтер көрді. Осыдан кейін елімізге батыстық ірі инвесторлар келді. Елімізде жаңа нарықтық экономика өркен жайды. Бұдан бөлек, 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы меморандумға қол қойды. Соңынан мұндай кепілдікті Қазақстанға Франция мен Қытай сияқты басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап ретінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдірді. – Аумағымыздағы Семей сынақ полигоны, мұраға қалған кеңестік қару-жарақ тәуелсіз республиканың меншігіне өткенде, бізге үлкен таңдау жасау қажет болды. Осынау күрделі таңдау алдында тұрған кезде Алматыға Маргарет Тэтчердің келгені есімде. Ол өзін еркін ұстайтын, тік мінезді әрі ашық адам болатын. Тэтчер бірінші кездесудің өзінде маған: «Сіз ядролық қаруды не істемек ойдасыз?» деген сауалды тікесінен қойды. Іштей кесімді шешім қабылдап қойсам да, әлі де ойлану үстіндегідей қалып таныттым. Тэтчердің бұл сауалды өз атынан ғана емес, сондай-ақ батыстағы тұтас саясаткерлер ортасы атынан қойып отырғанын түсіндім. Ал негізгі келіссөз процесі әлі алда еді. Сондықтан картаны алдын ала ашып тастауға да болмайтын, – деп еске түсірді кейін Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан көшбасшысы мәртебелі мейманға Қазақстанның қару-жарақтың таралу қаупіне жауапкершілікпен қарайтынын, әйткенмен бізге ядролық мемлекеттердің кепілі қажет екенін түсіндіреді. – Сонымен бірге елеулі инвестиция алуға да есеп жасап отырғанбыз. Онсыз біз нақты келіссөздер жүргізе алмайтын едік. Осы әңгіме барысында Тэтчер мені мұқият бақылады. Бірінші кездесудегі сол ойлы да қатаң көзқарасы есімде жақсы сақталыпты. Өзімді рентген сәулесі арқылы тексеріп жатқандай болды. Тэтчер менің ашықтығымды жоғары бағалады. Алматыдан аттанарда Тэтчер маған: «Меніңше, Сізбен әлі де көп жайды талқылауға болатын сияқты», – деді. Шынында да, солай болды. Бұдан кейін онымен бірнеше мәрте кездестік. Лондонға барған сайын мен міндетті түрде оған соғатынмын. Осылайша, Қазақстанның «ядролық мәселеге» байланысты таңдауы біржола шешілді: 1991 жылдың 29 тамызында мен Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойдым, – дейді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Н.Назарбаевтың сарабдал саясаты арқасында елге мол инвестиция құйылып, содан еңсе тіктеген экономика тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің тірегіне айналды. Әйтпесе, көрші Ресейдің саясаткерлері мен экономистері 90-жылдары «Қазақстанның банкрот болып, Ресей Федерациясы құрамына қосып алуды өзі сұрайтынын» болжап жатқан. «АҚШ мемлекеттік хатшысы Қазақстанға сапарында шахталардағы ядролық зымыран қондырғыларын жою жөніндегі келісімшартқа жылдам қол қойғызу үшін тізеге салмақ болды, мен оны тоқтаттым. Әрине, біз АҚШ-тың алаңдаушылығын түсіндік және өзім де келісімге қол қоюға дайын едім. Бірақ дәл мұндай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады? Оның есесіне Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға, қорғаныс кәсіпорындарын бейбіт мақсатқа пайдалануға және басқа да қажеттіліктерге керекті америкалық инвестициялардың келуін талап еттім. Ал біздің АҚШ-пен арада экономикалық әріптестік жөніндегі мемлекетаралық келісіміміз жоқ-тын. Мұнай бизнесі ғана емес, басқа да америкалық бизнес түрлерінің Қазақстанға келуін қаладық. АҚШ үкіметі оған мүмкіндігінше септесуге тырысты, – дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Осы орайда, мына мәліметке мән бере кеткен жөн. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде – 1991-2003 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына 40 миллиард долларға жуық шетелдік инвестиция келіпті. Тұтастай алғанда, азаттықтың 30 жылдығы ішінде шетелдік инвестиция көлемі 350 миллиард доллардан асты. Ал EBRD Transition Report дерегінше, бұрын «социалистік лагерьге» кірген, бірақ дәл Еуропаның ортасында отырған Словакия 1990-2003 жылдар аралығында небәрі 9 миллиард 619 млн, Венгрия – 24 миллиард 123 млн доллар ғана инвестиция тарта алыпты. Осыдан-ақ Елбасының Семей полигонын жауып, ядролық қарудан бас тарту шешімінің экономикаға мультипликативтік тиімділігін байқаймыз. «Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделде», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті. Ұзақмерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық заманда да өзгелерге үлгі-ұлағат бола бермек. Осының арқасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз есімін адамзаттың мәңгілік тарихына жазып қалдырды.Айхан ШӘРІП