Әдетте Тәуелсіздік жылнамасын сөз еткенде сонау 1991 жылғы оқиғалардың еске түсетіні бар. Бәлкім сол кезеңнің тарихи, саяси, әлеуметтік-экономикалық шарттары мен сын-қатерлерін бүгінгі ұрпақ сезінбегендіктен бе, кейде азаттықтың алғашқы жылдарындағы оқиғаларға, түрлі келісімшартқа үстірт қарайтын кездеріміз де болады. Әсіресе, 1991 жылғы 21 желтоқсандағы Алматы декларациясының егемен елдің болашағы үшін қаншалықты маңызды болғанына назар аудармай кететініміз бар. Алайда дүбірге толы 91-дің желтоқсанындағы сол құжат кейін Қазақстанның болашағын айқындаған еді.
1991 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстанның астанасы Алматыда бұрын КСРО құрамында болған 11 республиканың басшылары маңызы жоғары стратегиялық шешім қабылдаған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси ерік-жігерінің нәтижесінде сол күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылған-ды. Әрине, сол кездің өзінде «бір одақтан шығып, тағы бір ұйым құрудың қажеті қанша?» дегендер болды. Кейін де бұл сауалды көлденең тартқандар кездесті. Алайда Алматы декларациясының нәтижесінде дүниеге келген ТМД кейін бұрынғы одақтас елдердің өзара қарым-қатынасының сақталуына септігін тигізіп, бір-біріне аумақтық талаптар қоюының алдын алды. Бұрынғы одақтастардың бейбіт өмір сүруіне кепілдік болды. Қазақстан үшін де Алматы декларациясы айрықша маңызды болатыны содан. Жалпы, Кеңес Одағының құрамында болған елдердің экономикасы, шаруашылығы бір-бірімен тығыз байланысқан, тіпті матасып жатқан жүйеге негізделген болатын. Егер 1990-1991 жылдардағы «тәуелсіздік шерулері» кезінде осынау күрделі қарым-қатынас реттеліп, байланыстар белгілі мөлшерде сақталмаған болса, кейін тәуелсіз елдердің өзара қарым-қатынасы қалай өрбитіні белгісіз еді. Содан да болар, алып одақ ыдырайтын тұста көптеген саясаткер өзара байланысты сақтап қалудың түрлі жолын іздегені бар. Әу баста одақты сақтап қалудың жолын қарастырған саясаткерлер егемендік туралы декларацияларды қабылдап үлгерген мемлекеттердің жаңа одағын қалыптастыру үшін әрекет жасаған-ды. Өйткені одақ құрамында болған елдердің өзара байланысын бірден шорт кесіп, үзуге болмайтын еді. Оның үстіне, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық байланыстар, КСРО-дан қалған мұраларды дау-жанжалсыз бөлісу тәрізді күрделі мәселелер тұрды. Айталық, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның көптеген ірі өндірістері тікелей Мәскеуге бағынатын. Олардың қатарында Қарағанды облысындағы ірі металлургия зауыттары, Екібастұздың көмір разъездері тәрізді ірі кәсіпорындар болды. Мұндай жағдайда өзара байланыстарды үзуге болмайтын еді. Одан бөлек, КСРО-ның ыдырағанын ресми түрде құжат арқылы бекіту қажет еді. Ал ондай құжат Алматы декларациясы болатын. Әрі декларация одақтың бейбіт түрде ыдырауына жол ашқан құжат еді. Әрине, өткен күндер жайлы «әйтер еді, бүйтер еді» деп сөйлеу қисынсыз. Дегенмен 1986-1991 жылдар аралығында одақтың түкпір-түкпірінде болған толқуларда тұрғындар қанының төгілуі, одақтас республикалардың бірқатарының арасында бір-біріне қырғи қабақ ұстанымдардың пайда болуы одақты бейбіт түрде таратып, экс-одақтастарды өзара кетіспейтіндей ету маңыздылығын көрсетті. Сонымен қатар кейбір мәселеде құрылымдық біртұтастық сақтап қалу қажет еді. Мәселен, одақ ыдырағанға дейін оның сыртқы шекарасын ортақ әскер күзетіп тұрды. Бірақ КСРО қарулы күштерінің жеке құрамында Ресейдің, Украина мен Беларусьтің үлесі басым еді. Егер ТМД құрылмай, тәуелсіз мемлекеттер жан-жаққа кеткен болса, ортақ сыртқы шекараны күзету әркімнің жеке ісі болып қалар еді де, жаңадан азаттық алған, мемлекетті енді қалыптастырып жатқан елдер түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуі мүмкін еді. Әсіресе, оңтүстік шекарадан төнетін қауіп аз емес-ті. Сонымен қатар бірқатар мемлекеттің аумағында орналасқан баллистикалық зымырандар, ядролық оқтұмсықтар ұстағанның уысында, тістегеннің аузында кетуі де ықтимал болатын. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың белсенді әрекеттерінің нәтижесінде 1991 жылдың 21 желтоқсаны күні кеңестік 11 республиканың басшылары Алматыда бір үстелдің басына жиналды. Өткізілген келіссөздердің қорытындысында «ТМД-ның Алматы декларациясы» қабылданып, онда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғаны жарияланды, оның тең құқылы бірлестікке ұмтылысы айқындалып, мақсаттары мен ұстанымдары нақтыланды. Кейін Қазақстан ШЫҰ, АӨСШК тәрізді ұйымдардың құрылуына, түркі тілдес мемлекеттердің интеграциялық процестеріне ұйытқы болды. Біздің пайымдауымызша, «Алматы декларациясы» тәуелсіз елдің жаһандық интеграцияға араласуының басы болған сыңайлы.Ардақ СҰЛТАН