Әлеуметтік желілер әлемдегі ең ықпалды байланыс құралы деңгейіне жетіп, ақпарат алмасу айдынына айналып үлгерді. Жыл сайын мұндай желілер көбеймесе, азаяр емес. Жақында ғана Clubhouse атты әлеуметтік желі көпшілікті қызықтырып әкетті. Біз әлі жатырқап жүргенімізбен, Clubhouse қолданушылары артып келе жатқанын байқадық. Сонымен, оның ерекшелігі неде, оның қауіпсіздігіне кепіл бере аламыз ба?
Мәтін теруден шаршадық па?
Алдымен кез келген әлеуметтік желі өзінің ерекшеліктеріне қарай белгілі бір міндет, мақсат жүктейтінін еске алған жөн. Ал Clubhouse-тың шығу себебіне қатысты болжам өте көп. Көбі пандемияға байланысты Clubhouse қашықтан дәріс өткізудің құралы ретінде пайда болғанын айтып жатады. Расында да, 2020 жылдың көктемінде, коронавирусқа байланысты жер жүзінде карантин күшейген тұста ашылған. Себебі өзге адаммен тікелей сөйлесіп, әңгіме айтуға қолайлы. Дегенмен мұнда қазір бизнес өкілдерінің ықпалы артқан. Енді бұл желі күнделікті қолданатын Facebook, Instagram немесе Twitter сияқты әлеуметтік желілерді ығыстыра ала ма? Негізі, Clubhouse-тың өзге желілерден айтарлықтай артықшылығы жоқ. Тек сіз өзгелермен аудиочат құрып, тікелей сөйлесе аласыз. Яғни, әңгімелесуге ғана оңтайлы. Өзге желілерді ығыстыра алатынына толығымен сену қиын. Clubhouse танымал бола бастағаны сол еді, қазір Facebook пен Twitter соған ұқсас аудиочат функциясын қосуға әзірленіп жатыр. Демек, бұрын қолданып жүрген әлеуметтік желілер мұндай функция енгізер болса, тағы бір қосымшаны үстемелеп жүктеудің еш қажеті болмай қалуы мүмкін. Алайда тағы бір нәрсе, соңғы кездері адамдардың мәтін теруден де шаршай бастағаны айтылып жүр. Егер бұл жағы шындыққа айналса, Clubhouse үлкен аудитория жинай алады. Бірақ адамдар мәтіннен жалықса да, визуалдан жалықпайды. Clubhouse ios құрылғыларына ғана орнатылады. Ал Android секілді өзге бағдарламаларға жүктелмейді. Осының өзі Clubhouse-тың кең таралуына кедергі болса керек. Қазір қолданушылардың саны 5 миллионнан енді асқан.Periscope-тың күнін кешпей ме?
2015 жылы Periscope атты тікелей эфирде сөйлесуге мүмкіндік беретін әлеуметтік желі шықты. 2016 жылы осы желінің дәурені жүрген болатын. Содан кейін не болды дерсіз? Instagram желісі Periscope-тан үлгі алып, «тікелей эфир» функциясын енгізді. Көп өтпей-ақ Instagram өз қолданушыларын сақтап қалды да, Periscope адамдарынан айырылды. Жоғарыда біз өзге желілер Clubhouse-тың қарқынын басу үшін аудиочат функциясын енгізуге әзір отырғанын жеткіздік. Демек, Clubhouse та Periscope-тың тағдырын қайталап жүрмей ме деп болжам жасадық.Clubhouse несімен қызықтырды?
Жуырда әлемге әйгілі өнертапқыш Илон Маск осы әлеуметтік желіде Ресей президентін әңгімелесуге шақырған болатын. Мұндай танымал тұлғалар желі үшін жарнама болатыны айтпаса де белгілі. Одан кейін Clubhouse-қа тіркелу құдды бір таңғажайып әлемге жолдама беретіндей әсер қалдырады. Мысалы, желіні қолданатын біреу сізге шақырту жібермейінше «таңғажайып әлемнің қонағы» бола алмайсыз. Бүгінде мұндай шақыртулар саудаланып жатыр. Olx-ке кіре қалсаңыз, төмені 2 мың теңгеден бастап, 20 мың теңгеге дейін бағаланған «шақырту билеттерін» табасыз. Тағы бір себеп – мұнда танымал тұлғалармен әңгімелесудің мүмкіндігі бар. Шынында да, арнайы ашылған аудиочаттарда белгілі бір тақырып аясында Илон Маск, Марк Цукербергпен тілдесуге болатындай мүмкіндіктер қаралған. Одан бөлек, әлеуметтік желіде әр саланың қызығушылары жиналып, әңгіме айта алады. Тіпті, әртүрлі ойын ойнатқан аудиочаттар да көп. Қазақстандық блогерлердің біразы тіркеліп үлгерген екен. Сайып келгенде, мұның бәрі жастар мен бос уақыты көп жандарды тез елітетін дүниелер секілді. Ал Clubhouse-қа тіркелген IT маман Тимур Бектұр әлеуметтік желінің қиыншылығы көп болғандықтан, оның кең таралып кететініне сенбейді екен. – Танымал желі болып кетеді деп айта алмаймын. Оған себеп болатын бірнеше тосқауыл бар. Әлеуметтік желі тек Iphone-ға орнатылады. Ал елімізде Android құрылғыларын қолданатындар көп. Оның өзінде шақырту алу қажет емес. Желі ағылшын тілінде. Ағылшынша білетін адамдар тіркелмесе, көп нәрсе түсініксіз. Clubhouse – белсенді қоғамдық талқылауға қатысқан азаматтар мен жастардың ойы тоғысатын жер. Қауіпсіздік жағына келсек, Clubhouse-та айтқан әңгімеңіз сақталмайды. Сондықтан уайымдайтын нәрсе көрмедім, – дейді ол.Желі қауіпсіз бе?
Clubhouse дегенде оның қауіпсіздігіне қатысты сенімсіздік белең алып тұр. Ең басты екі мәселе – фейк аккаунтар ашып, өзге адамның дыбыс жазбасын заңсыз пайдалану. Мысалы, жуырда осы әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жалған аккаунтар ашылғаны анықталды. Қазір АҚШ пен Қытай аталған желіден «адамдардың жеке мәліметін ұрлайды» деп секем алып отыр. Бірақ Қытайда желі трендке айналғанымен, ел үкіметі Clubhouse-ты бұғаттап тастады. Себебі елде тыйым салынған тақырыптарды осы желіде аудиочат ашып қозғағандар көбейген екен. Бұл тұста, жалпы кез келген мемлекет үшін қауіптенер дүние бар сияқты. Мәселен, діни экстремизм мен түрлі қауіпті ұйымдар көпшілікке желі арқылы өз саясатын жүргізуі мүмкін-ақ. Қазір кейбір әлемдік БАҚ-та осы тақырып көп қозғалып жүр. Жоғарыда айтқанымыздай, Clubhouse жалған ақпараттың кең таралған «мекеніне» айналып кететіні сөз болып тұр. Оған қоса, желі адамдарды еңбектен алшақтатып, құр сөзге машықтануға жеткізетін сыңайлы. Дегенмен біржақты шешім шығаруға ешкімнің құзыры жоқ екені анық. Егер қолданушылар желіні ғылым, білім мен пайдалы дүниелер хақында пайдаланса, оң ықпалы тиетіні сөзсіз. Қорыта айтсақ, Clubhouse дәурені бірсәттік отшашуға ұқсайтын секілді. Адамдарды баурап, кейіннен жоғалып кететіндей. Дегенмен толық жойылады дей алмаймыз. Аз болса да, өз қолданушыларын сақтап қалуы мүмкін. Бірақ әлеуметтік желі санатындағы өзге «гиганттар» тұрғанда, Clubhouse-ты бәрін басып озады деп болжау мүмкін емес. Ал оның қауіпсіздігі әлі де болса талас тудыратын дүние.