Мерейтойға 3 млрд теңге жұмсайтын кім?

Мерейтойға 3 млрд теңге жұмсайтын кім?

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту үшін жұмсалатын қаржы көздері анықтала бастады. Биыл өтетін мерейтойға тек қана Мәдениет және спорт министрлігінің өзі әжептәуір сома әзірлеп отыр. Бұл туралы Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов айтты.

Вице-министр Абай­дың 175 жылдығын атап өтуге 3 млдр теңге көлеміндегі қар­жы қарастырылғанын айтты.

«Абайдың 175 жылдық ме­рей­­тойына арналған шара­лар Мәдениет және спорт ми­­нистрлігінің 3 млрд тең­ге кө­ле­мін­дегі жылдық жоспарланған қаржысы есебінен өтеді. Мыса­лы, Абай атындағы опера және балет театры гастрольдік сапар­ларына бөлінген жыл сайынғы қаржыны Абай жылына арнап, Мәскеу, Түркия, Қытайға барып өнер көрсетеді», – деді Нұрғиса Дәуешов.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, мерейтой аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік тарихи-мәдени жә­не әдеби-мемориалдық му­зей-қорығын түрлендіру жә­не ақын есімімен байла­ныс­­ты тарихи-мәдени мұра объек­­тілеріне ғылыми-рес­тавра­циялау жұ­мыстарын жүргізу қарас­ты­ры­лыпты. «Бұл жұ­мыстардың бә­рі «Қазрес­тав­рация» ұйы­мы­­на бө­лінген қаражат есе­бі­­­­нен жасалады. Мысалы, Абай­­­­дың Семей қала­сын­дағы му­зейі­­нің ішкі жөндеу жұмыс­та­­рына 30 млн теңге бөлінді», – деді вице-министр. Ал ұлы Абай мерейтойының ашы­лу сал­танаты 21 қаңтар күні Нұр-­Сұлтан қаласында өтеді. Де­генмен осынау қаржы ме­рей­­тойға бас-көз болатын бір ғана министрлік бөліп отыр­ған ақша. Вице-министр бұл Қар­жы министрлігінің жыл са­йын кон­церт­тер мен гас­троль­дер­ге және басқа да шараларға бөліп келген қаржысы екенін, биыл оның барлығын ақын мерей­то­йын атап өтуге бағытта­ға­нын айтты.

Министрлік осынау қара­жат­қа бірқатар шаруаларды тындырып тастамақ екен. Атап айтқанда, биыл тамызда Семей қаласында «Абай мұрасы және әлемдік руханият» деп аталатын ха­лықаралық конференция жос­парланыпты. Сонымен қа­тар Абай шығармаларының жинағы 10 тілге аударылатын болыпты әрі ақын жайлы үш деректі фильм түсірілмек екен. Бұл сомадан бөлек мерейтойға облыстар да белгілі мөлшерде қар­жы қарастыруы мүмкін. Мәселен, бір ғана Шығыс Қа­зақстан облысында Абай мерей­тойына арналған 560 шара жос­парланған. Олардың 24-і халықаралық деңгейде өтеді.