«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және тұрақты даму қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен алғаш рет «Altyn oimaq» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауы мәресіне жетті. Байқаудың мақсаты – жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілерді қолдау, жаңа есімдерді шығару және өндірістік кәсіпорындарды дизайнерлермен байланыстыру.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен дерлік үміткерлер қатысты. Қатысуға кәсіпорындар мен дизайнерлерден 284 өтінім келіп түскен. Олардың қатарында ісін жаңадан бастаған дизайнерлер де, ірі кәсіпорындардың өкілдері де бар. Сондықтан бәсеке өте жоғары деңгейде болғанын айта кету керек.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша арнайы құрылған комиссия мүшелері 12 үміткерді анықтады. Әр аталым бойынша екі үміткерден суырылып алға шықты. Екінші кезеңде қоғамдық онлайн дауыс беру арқылы ең көп дауыс жинаған алты үміткер іріктелді. Комиссия осы алты үміткердің ішінен біреуін гран-при иегері деп таныды. Алматылық үміткерлер – гран-при иегері Алина Данилова мен байқау лауреаты Эльмира Битөрееваға 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Алина Данилова «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімінің үздік дизайны» аталымы бойынша, ал Эльмира Битөреева «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
– Бұл конкурсқа көптеген талантты суретші мен дизайнер қатысқанына қуаныштымын. Өте тамаша нәтижеге қол жеткіздік. Көптеген қызықты аталымдар болды. Үш кезеңнен тұратын іріктеу әділ өтті деп ойлаймын. Бұл конкурс ары қарай жалғасын табуы тиіс. Ол қатысушылардың деңгейін көтереді. Бүгін қос жеңімпазды көргеніме қуаныштымын. Олар өз жүлдесінің лайықты жеңімпаздары. Елімізде қазақстандық брендті қалыптастырып келе жатқан осындай мықты дизайнерлердің бар екенін мақтанышпен айтуға тиіспіз. Жеңімпаз дизайнерлер алдағы уақытта жаңа белестерді бағындырады деп ойлаймыз, – деді байқау комиссиясының мүшесі, Қазақстан қолөнершілер одағының төрайымы Айжан Бекқұлова. «Атамекен» осы байқау арқылы дизайнерлердің өндірісшілермен байланыс жасауына мүмкіндік тудырды. Тіпті жүлде алмаған дизайнерлердің өзі бастамаларын іске асыруға тігін шеберханаларымен байланыс орнатты. Бұл жобаның ерекшелігі – байқауға көбіне жастар, тіпті мектеп оқушысының қатысқандығы. Демек, жастар дизайнерлік жобаларға бейжай қарамайды деген сөз.
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында «Altyn oimaq» ұлттық киім дизайнерлерінің байқауынан бөлек әйел кәсіпкерлерді қолдайтын бірнеше бағдарлама бар. Атап айтар болсақ, «Жас кәсіпкер», «Бизнес бастау» бағдарламалары бойынша әйелдер, оның ішінде көпбалалы аналар бір айлық оқу курсынан өтіп, шәкіртақы алып, оны бітіргеннен кейін 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант немесе тиісті 6 пайыздық үстемақымен несие ала алады. Бұл бағдарлама бойынша өткен жылы 4 мыңнан астам адам оқып шықты. Оның жартысынан астамы грант пен несиелерге ие болды, – деді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Айтуар Қошмәмбетов. – «Altyn oimaq» байқауының негізгі мақсаты тек кәсіпкерлерді қолдау емес, дизайнерлердің жұмысына көңіл аудару. Байқауға 200-ден астам адам қатысып, өз жұмыстарын көрсете алды. Оларға үлкен мүмкіншілік туды. Біздің ойымызша, дизайнерлердің жұмысы беделді жұмыс болуы керек. Қазақтың ұлттық стилі әлемдік деңгейге шығуы керек.
«Атамекен» конкурсқа қатысушыларға арнайы шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл конкурс жергілікті дизайнерлерге де шабыт сыйлады. Байқау алдағы уақытта да жалғасын таппақ.