Атырау қаласының «Авангард» шағынауданында көпқабатты үйдің жылу беру жүйелері маңынан жаңа туған шақалақ табылды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 қаңтар күні таңертеңгілік жылу жүйесі маңында жаңа туған шақалақ жатқаны туралы көпқабатты үйдің бірінде тұратын тұрғын жедел жәрдемге хабарлаған. Жедел жәрдем жедел жетіп, шақалақты балалар ауруханасына жеткізген. Оның қыз бала екені және мерзіміне жетіп туғаны белгілі болды. Орамалға ғана оралып далада жатып қалғандықтан «суық өткен» деген диагноз қойылып, дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазіргі уақытта нәрестенің жағдайы тұрақты. Ол арнайы кувезде жатыр.
Ал полиция департаменті бұл оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 119-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу-тексеру амалдарын жүргізуде.
Жарық дүниеге келе сала тағдыры қоғамда талқыланып отырған шақалақтың анасы кім екені әзірге анықталған жоқ.
Атырау облысы