Бір топ белсенді зообақ жұмысын жүйелейтін заң жобасы қажет екенін айтып, мәселе көтерген еді. Олар «сауда және ойын-сауық орталықтарындағы шағын зообақтардың жұмысын тоқтату қажет» деп санайды.
Бір топ қоғам белсендісі жаңадан ашылған зообақ иесіне осылай талап қойған еді. Олардың ойынша, сауда орталығындағы зообақта жануарлар мен құстарға арнайы жағдай жасалмаған. Ал зообақ иесі мұның бәрін реттеймін деп уәде беріп отыр.
«Almaty Mall» сауда орталығындағы жануарлармен байланыс зообағында мүлдем жағдай жасалмаған. Олар ұйықтайтын оңаша күрке де жоқ. Сауда орнында кафель төселгендіктен, маймылдар таңнан кешке дейін памперс киіп жүреді. Кішкентай бөлменің ішінде ауа жоқ десе де болады. Терезені күндіз-түні жауып қояды.
Әрине, мұндай зообақтар кішкентай балаларға қуаныш сыйлағанымен, жануарлардың күтіміне бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Зообақ иесі бұл салада өзінің тәжірибесі аз екенін ескертіп, кемшіліктер түзелетінін айтқанымен, қоғам белсенділерінің сенімі аз.
Шағын ғана аумақта еуропалық тиін, түрлі маймыл, құстар мен жыланның бірнеше түрі бар. Олар төрт мезгіл тамақтанады. Арнайы жеміс-жидек беріледі екен. Дегенмен қанша күтім жасалғанымен, қуықтай бөлме жануарларға еркіндік сыйламасы анық.
Бұл мәселе әкімдіктің де құлағына жетіпті. Олар: «Өкінішке қарай, мұндай мекемелердің іс-қызметі заңнама бойынша реттелмеген. Сондықтан біздің тарапымыздан Ауыл шаруашылығы министрлігіне хайуанаттарға етене жақын болу зообағының жұмыстарына тыйым салу жөнінде заң әзірлеу бойынша ресмихат жіберіледі» деп отыр.
Жан-жануарларға жанашырлық танытып отырған еріктілердің ендігі үміті – Парламентте. Олар зообақ жұмысын жүйелейтін заң жобасын Парламентке ұсынғалы отыр. Әйтпесе, жабайы аң-құсты қолда ұстайтын бизнесмендердің көбі «тиісті талапты толық орындамауы мүмкін» деп ойлайды.
Гүл БЕКЗАТ