Ғасырдан астам уақыт жұмыс істеген Айдабол спирт зауыты жабылмайтын болды. Бұл туралы зауыт директоры Петр Ольферт хабарлады. Оның айтуынша, жергілікті билік жағатын отын бағасын тұрақтандыруға көмектеспек,– деп хабарлайды " Aikyn.kz порталының тілшісі.
Таяу күні ауыл тұрғындарының дау-дамайынан кейін мәселеге облыс әкімі араласыпты. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев зауыт басшысын кездесуге шақырып зауыттағы мән-жай толық талқыланған.
«Зауыт жұмысын одан әрі де жалғастыра береді. Барлық жұмыс орындары мен олардың жалақылары толықтай сақталатын болады. Біз мазуттың бағасына қатысты Энергетика министрлігіне алдағы апта басында арнайы хат жібереміз. Қазіргі уақытта облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетик мамандары қажетті мазут мөлшерін, қандай тәртіпте беру мәселелерін есептеп жатыр. Сонымен қатар, зауыттың құрылтайшы компаниясымен де келіссөз жүріп жатыр" , – деді Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мырзабек Мырзахметов.
"Біз жұмыс бұрынғы режимде істеуді жалғастыра береміз. Дегенмен алдыда бірқатар мәселелер бар. Әкімдік жанармай – мазут бағасын төмендету бойынша жауапкершілікті өз мойнына алды. Мұндай шешім мектепті, екі балабақшаны жылытып, халыққа тегін быламық (этил спирті өндірісінің қалдықтарын) таратуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда кәсіпорын жылына 300 миллион теңгеден астам сомаға қызмет көрсетеді. Әкімдік мазутқа жұмсалатын соманы бюджет желісі бойынша азайту мәселесін пысықтауға уәде етті", – деді спирт зауытының директоры Петр Ольферт.Атақты Айдабол зауыты классикалық технологияларды, табиғи шикізат пен ферменттерді пайдалана отырып өнім шығаратындығына қарамастан бәсекелестікті еңсере алмай отыр. Сол себепті өнімнің сатылымы азайып кеткен. Себебі бүгінде елімізде спирт шығаратын сегіз зауыт бар.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы