Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапханада «Аманат» қазақ күйлері антологиясының» тұсаукесері болды. Жинақ қазақ, орыс және ағылшын тілінде шықты. Сонымен қатар кітапта әр күйдің анықтамасы ғана емес, тыңдауға қолайлы етіп цифрлы тасығышпен жабдықталған. Жинақ «Сауап» қоғамдық қорының қолдауымен шыққан.
– Күй – қазақ халқының асыл мұрасы. Төрткүл дүниенің төрт бұрышын жайлаған өзге жұртта кездеспейтін өнер. Әр күйден халқымыздың бет-бейнесін, даналық келбетін, ұлтымыздың өшпес рухын, көруге болады. Сол асыл мұраны болашақ ұрпаққа қаз-қалпында сақтап жеткізуіміз керек. Сондықтан ұмыт болған жазбаларға жаңа өмір сыйлады. Айтжан Тоқтаған, Жанғали Жүзбай, Саян Ақмолда, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы секілді зерттеушілеріміз еліміздегі қорларды ғана емес, шетелдік архивтерден көне күйлердің жазбаларын тап-ты, – дейді «Сауап» қоғамдық қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бақытбек Смағұл. Оның айтуынша, бірегей әрі баламасы жоқ жобаны осыдан 8 жыл бұрын қолға алған. «Әр күйдің көшірмесі сатып алынып, ыждаһаттылықпен өңделіп, реставрацияланды. Цифландырылып, аудио тасығышқа көшірілді. Антология толығымен «Сауап» қорының қаржыландыруымен шығып отыр. Бюджеттен ешқандай ақша бөлінген жоқ», – деді ол. Осы антологияда белгілі күйші-зерттеуші Ардаби Мәулетұлының жеке мұрағатынан алынған Шыңжаңдағы Алтай-Тарбағатай, Іле қазақтарының сыбызғыда ойналған күйлері бар. Әсіресе, «Мұсаның күйі», «Шәужіңнің күйі» сияқты авторлық шығармаларға ғалымдар «сыбызғы дәстүріндегі тың туынды» деп баға берді. Оған қоса, Зұпар Кәбенұлының орындауындағы Қошанай Елікбайұлының «Бозінген», «Бурыл аттың жүрісі», «Жетім қыздың зары» сияқты күйлер осы жинақта тұңғыш рет жарияланды. Жобаның бірлескен авторы, зерттеуші, PhD докторы Мүслім Хасеновтің сөзінше, антологияға 500-ден астам күй жинақталған. – Бұрынғы таспаға басылған күйдің өзі 100 жыл ғана сақталады. Ал оларды көшіріп басу қиынның қиыны. Дұрыс көшірілмесе, таспа түбегейлі жойылып кетеді. Соған қарамастан көнерген таспалардағы күйлерді сақтап қалуға тырыс-тық, – дейді ол.Анар ҚОНЫС