1992 жылдың күзінде 33 елден келген қазақтар Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына жиналған болатын. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі бір жылдың ішінде жүзеге асырған теңдессіз іс-шараларының қатарына осынау басқосу да қосылды.
Негізі, Қазақстан билігінің шетелдердегі қазақ диаспорасымен байланыс орнатып, олардың атажұртқа оралуын ұйымдастыру жұмыстары тәуелсіздік алардан бұрын басталған болатын. Нақты айтқанда, 1991 жылдың наурыз айында сол кездегі Талдықорған облысының Сарыөзек стансасына Моңғолиядан алғашқы 7 отбасы көшіп келді. Сол жылы жаз бен күзде «еңбек күші» ретінде келген қазақтар саны күрт артты. Ал Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі шешім қабылдап, 1991 жылдың 18 қарашасында Министрлер кабинеті «Өзге республикалар мен шетелдерден Қазақстанға келіп, ауыл шаруашылығында еңбек етуге тілек білдірген жергілікті ұлт өкілдерін көшіріп алу тәртібі мен жағдайлары туралы» қаулы қабылдады. Сол жылдың 31 желтоқсанында Елбасы радио арқылы дүниежүзіндегі қазақтарға үндеу арнады да, ол 1992 жылдың 1 қаңтарда «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған еді. Сол жылдың күзінде дүниежүзіндегі қазақ диаспораларының өкілдері Алматыға жиналды. Бұл отыз жылға жуық уақыт ішінде ұйымдастырылған 5 құрылтайдың алғашқысы еді.Жазушылар Одағына жүктелген міндет еді
Алғашқы құрылтайды ұйымдастыруға атсалысқан, сол кезде Президент Әкімшілігінің қызметкері болған жазушы Әлібек Асқар әу баста жиынды ұйымдастыру Жазушылар одағына жүктелгенін, алайда одақ іс-шараны ұйымдастыруға қауқарсыз болғанын айтады. Сондықтан жиынды ұйымдастыру үшін Үкіметтің қаулысын шығартыпты. «Құрылтайдың алғашқы қонақтары тұтас бір ұшақпен 25 қыркүйекте Германияның Ганновер қаласынан келетіні белгілі болды. Яғни, арада бір ай ғана уақыт бар. Ал қаржылық, құқықтық, кедендік, тағы басқа толып жатқан кедергілері бар халықаралық масштабтағы мұндай іс-шара үшін бұл тым аз уақыт еді. Жазушылар одағынан біздің аппаратпен жақсы араласып жүрген елгезек ағамыз Сұлтанәлі Балғабаевты шақыртып, дереу Үкімет қаулысын дайындауға кірістік. Қаулысыз қаржы да бөлінбейді, қаулысыз басқа министрліктер сенің құрылтайыңа пысқырып та қарамайды. Қаулыға министрлердің визасын алу деген ол кезде де оңай шаруа емес болатын. Әр министрлік бес күн қарауы тиіс. Өйтер болсаң, әлі екі ай виза жинаумен сандаласың. Шүкіршілік, қаулының мәтіні дайын болған кезде Мырзатай ағамыз барлық министр мен ведомство басшыларын бөлмесінде жинады да, мәселенің мән-жайын түсіндіріп, белден басып, бәрінің қолтаңбасын күшпен алып берді. Сөйтіп, 1992 жылғы 27 тамызда Премьер-Министр Сергей Терещенко қол қойған Үкімет қаулысы жарыққа шықты. Құрылтайды әзірлеп, өткізу жөнінде Мырзатай Жолдасбеков басқарған Үкіметтік ұйымдастыру коммиссиясы құрылды» деп еске алады Әлібек Асқар. Сөйтіп, 1992 жылы күзде әлемнің 33 мемлекетінен келген 800-ден астам қазақ Алматыда бас қосты. Жалпы, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары қандастардың атажұртқа оралуына, келгендердің жаңа ортаға бейімделуіне, диаспоралармен әлеуметтік, экономикалық, рухани-мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған шараларды талқылап, пысықтайтын алаң еді. Оның үстіне, алғашқы құрылтайда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылған болатын. Жиынға қатысушылар қауымдастықтың Төрағасы етіп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты сайлаған еді. Ал екінші құрылтай араға он жыл салып, 2002 жылы Түркістан қаласында өтті. Одан кейінгі құрылтайлардың барлығы елордада 2005, 2011 және 2017 жылдары өткен еді. Бұл құрылтайларда түрлі шешімдер қабылданғанымен, олардың арасында жүзеге асқандары немесе аяқсыз қалғандары да болды.Көші-қон саясатын жүйелеуге ықпал етті
Дегенмен соңғы құрылтай көші-қон саясатын жүйелеу, шетелдердегі қазақ диаспораларын қолдаудың тың тетіктерін қарастыру тұрғысынан маңызды болды. «Отандастар» қоры құрылып, жұмыс істеп жатыр. «Оралмандардың республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің» төрағасы Қайрат Бодауханның айтуына қарағанда, Дүниежүзі қазақтары құрылтайлары шеттегі қазақты қолдаудың, олардың атажұртқа оралуын қолдауға ықпал ету тетіктері қарастырылатын жиын ретінде құнды. «Ел экономикасының нарықтық қатынастарға аяқ басып, адамдар санасының өзгеріп, экономикалық қайта құру басталған сәттерде құрылтайлардың мән-мақсаты заман талабына сай өзгере түсуі керек еді. 90-жылдардың аяғынан құрылтай осы өзгерістерге сай жаңа бетбұрыстар жасай алды деп айту қиын. Соңғы құрылтай осы жайттарға қорытынды жасап, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жаңа сатыға көтеру мақсатын алға қойды. «Отандастар қоры» КеАҚ құру жөнінде шешім қабылдады. Бұл шеттегі қазақты қолдаудың, елге оралуға ниетті ағайындарға ықпал етудің, келген қандастарды дұрыс жайғастырудың заман талабына сай тетіктерін жасау, мемлекеттің көші-қон және демографиялық саясатына ықпал ету мақсатындағы маңызды шешім болды деп есептеймін», – дейді Қайрат Бодаухан. Алайда кейде құрылтайлар өз миссиясын атқармай қалған да кездер болды. Әрі соңғы жылдары этникалық көші-қон да саябырсыған. «Соңғы құрылтайдың маңызды шешімдері іс жүзінде көңіл көншітпейді. Оның да түрлі объективтік және субъективтік себептері бары айқын. Дегенмен 4 жыл уақыт ішінде шеттегі қазақтың квота арқылы Отанға оралуы бұрынғыдай сан мыңдаған отбасы емес, тіпті мыңжарым адамнан да аспауы (жылына 300-400 отбасы) осының айқын дәлелі», – дейді «Асар» қоғамының төрағасы. Әрине, дүниежүзі қазақтарының басын қосып, олардың атажұртқа оралуына ықпал ету, көші-қон процесін дұрыс ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен Дүниежүзі қазақтары құрылтайларын ұйымдастырудың моральдық-психологиялық астары бар екенін де назарда ұстаған дұрыс. Осынау іс-шараларды ұйымдастыру арқылы Қазақстан әлемдегі қазақтарға ғана емес, олар мекендейтін мемлекеттердің ресми органдарына месседж жолдайды. Тіпті, диаспораларды түрлі мемлекеттермен қарым-қатынас жасауда байланыстырушы тетік ретінде пайдаланудың да мүмкіндігі бар. Сонымен бірге этникалық көші-қон саясатын жүргізуде жастарға көбірек көңіл бөліне бастағанын да атап өту керек. Қазақстан қазір шетелдегі қазақ жастары үшін жоғары білім алуға мол мүмкіндік ұсынып отыр. Бұл да диаспорамен байланыс үшін таптырмас тетік. Ал мұның барлығы алғашқы құрылтайдан басталған еді.Шетелдегі қандастарды қолдау тәжірибесі
Отыз жылға жуық уақыт ішінде еліміз шетелдердегі қандастардың атамекенге оралуына мүдделі болумен қатар, оларға түрлі деңгейдегі қолдау көрсету мәселесін де назардан тыс қалдырған емес. Ширек ғасырдан астам уақыт ішінде Қазақстан бұл бағыттағы іс-шараларды жүйелеу үшін бірнеше бағдарлама мен жоспар әзірлеген болатын. Айталық, 1992 жылы «Көшіп келу туралы» заң қабылданса, 1996 жылғы 31 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың №3308 Жарлығымен «Қазақстанның шет елдердегі отандастарды қолдауының мемлекеттік бағдарламасы» бекітілді. 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заң қабылданып, 2005 жылдың 21 қарашасында Президенттің №1673 Жарлығымен «Шетелде тұратын отандастарды қолдаудың 2005-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» бекітілді. Соңғы бағдарлама 2009 жылға дейін жұмыс істеп, сол жылдың 18 маусымында Елбасының №829 Жарлығымен күші жойылды. Дегенмен 2018 жылғы мамырда Үкіметтің №280 қаулысымен «Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдау жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» бекітілген еді. Қазір Үкімет аталған жоспар негізінде әрекет етіп жатыр. Міне, бұлар шетелдегі қазақтарды қолдаудың құқықтық-нормативтік негіздері. Одан бөлек, Қазақстанның ұрымтал сәттерде диаспораның мәртебесін көтеріп тастаған кездері де болды. Айталық, Майра Мұхамедқызы, Шұғыла Сапарғалиқызы тәрізді өнерпаздардың, Қанат Ислам тәрізді спортшылардың, Дөрбетхан Сұраған қатарлы ғалымдардың атажұртта еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін паш етулеріне ықпал етті. Ал 2016 жылы Баян-Өлгей аймағында болған селден азаматтар зардап шеккенде Елбасының тапсырмасымен сол кездегі Премьер-Министр К.Мәсімовтің аталған өңірге баруы да диаспораға қажет кезінде материалдық қолдау көрсетуге даяр екенімізді дәлелдеген оқиға еді. Жалпы, шетелдердегі қазақ диаспораларын қолдау мен этникалық көші-қонды ұйымдастырудың нәтижесінде 1991-2021 жылдар аралығында атажұртқа 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келді. Олардың атажұртта өсіп-өнгені тағы бар. Бұл тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұйымдастырылған алғашқы құрылтай мен этникалық көші-қонның жемісі болса керек.Ардақ СҰЛТАН