Ақмолада алаяқтық тыйылмай тұр

Ақмолада алаяқтық тыйылмай тұр

Алаяқтық белең алып барады. Әсіресе, интернет арқылы танысып, адамдарды алдап-сулап, құжат­тарын алады да, сыртынан несие рәсімдеп жіберетіндер де көбейген. Сондай алаяқтардың құрбанына айналғандардың қатарында ақмола­лық тұрғындар да бар.

Зардап шеккен бес адамның да атынан бөтен біреулер алаяқтықпен онлайн қарыз рәсімдеген. Ал «қарызға батқандар» ол туралы ештеңе естімепті. «Менің атыма 2019 жылы несие рәсім­депті! Бірақ ол туралы  тек биыл 25 қаңтарда ғана есепшотым бұғатталғанда  білдім. Осы уақытқа дейін ешкім қарыз туралы қоңырау шалған жоқ. Несие Алматы қаласында алынған. Ал  дәл сол кезде Көкшетау қала­сында жұмыс істейтін едім», – дейді Рима Бұхарбаева. Ал есепшоты бұғатталғаннан кейін келесі күні-ақ сот орындаушысы Нұрбек Әліпов Риманың «Каспи Голд» картасынан 53 мың теңге, ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде сақталған есепшотынан 97 мың теңге шешіп алған. Бірақ жәбірленушінің айтуынша, ол ешқандай атқарушылық іс қағаздарын алмаған. Тиісінше, уақытында әрекет жасап, наразылық білдіре алмаған. «Құжаттарды  талап етіп, мазалаған соң ғана жіберді. Кейін маған жалпы сомасы 293 мың теңге болатын төрт бірдей онлайн несие рәсімделгенін білдім. Сот орындау­шысы жазбаны кері қайтаруға тиіс екенімді айтты. Біз нотариусқа барып куәлан­дырдық. Бұл кезде-ақ нотариус Алмагүл Мусина өзінің лицензиясынан айырылған. Біз Қарағанды палатасына өтініш жазып, барлық төрт бірдей атқарушылық жазбалар кері алынды. Атқарушылық жазбаларды кері қайтару туралы Нұрбек Әліповке хат жолдағанмын. Бірақ ол менің кешігіп қал­ғанымды айтты. Банк картасын тек 10 күн­нен кейін ғана бұғаттан босатты. Алай­да менің ақшамды кері қайтармады, – дейді Рима Бұхарбаева. Ал сот орындаушысы Нұрбек Әліпов зардап шегушіге берген жауабында егер атқарушылық құжат кері қайтарылса, өндірілген қаражатты қайтара алмайтынын айтқан. «Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжат кері қайтарылған жағдайда өндіріл­ген ақшаны қайтаруды былай қойып, аталған әрекетке баруға құқығы жоқ», – дейді ол. Ал қаражат өндірушінің шотына аударылып та қойған. Рима өз құқығын қорғау мақсатында сот орындаушысы Нұрбек Әліповтің әрекетіне шағымданып, сотқа жүгінген. Алаяқтың арбауына ілініп, қарызға белшесінен батқандардың бірі – Айнұр Мұхамбет. «Мен әділдіктің орнағанын қалаймын. Үкімет бізді алаяқтардың заңсыз әрекет­терінен қорғауы тиіс. Бұған дейін ешқашан несиеге жолаған емеспін. Бірде маған Көкшетау қаласының сот орындаушысы Мейрамбек Аябеков WhatsApp-пен несие бар екені туралы хабарлама жіберді. Бірден өзімнің адвокатыма хабарламаны жібердім. Тексере келе менің атыма жалпы сомасы 300 мың теңгеден асатын үш несие рәсім­делгені белгілі болды. Осыған дейін менің барлық есепшотым бұғатталып, жұмыс орныма жалақымнан ұстап тұру үшін анық­тама жолданыпты. 28 тамызда поли­цияға арыз жаздым. Полицияның әрекет етуін желтоқсан айына дейін күттім. Олар микронесиелік ұйым Алматыда болған­дық­тан, барлық құжатты Алматыға жө­нелт­кен. Одан қайтадан Көкшетауға алдырған. Тек желтоқсан айында ғана Көкшетауда іс қозғалып, 10 күннен кейін тоқтатылды, – дейді Айнұр. Онлайн несиеден зардап шегушілердің тағы бірі – Ахат Нұртай мен  оның әкесі. Оларға 700 мың теңге несие рәсімделіп кеткен. «Бір досым OLX жарнамалық сай­тында жұмыс тапқанын айтты. Негізгі жұмыс мекемелерде қызмет көрсетілуін тексеруге бағытталған. Ешқандай арам ойсыз өз куәлігімді суретке түсіріп жібер­дім. Ал келесі күні жаңағы адам телефонын көтермеді. Оған қоса, ол маған басқа да адамдарды тарта алатынымды айтты. Мен бес танысымның жеке куәлігін суретке түсіріп тағы жібердім. Кейін Еуразиялық банктен хабарласып, менің атыма карта ашуға өтінім беріліп жатқанын айтты. Мен барып, қандай нөмірден өтінім жасалғанын қарадым. Карта ашудан бас тартатынымды жазып, арыз бердім. Бірақ оны бәрібір ашты. Ашылған картаны ешкім келіп алмады. Картаға Көкшетаудан тапсырыс берілмеген болып шықты. Ал менің атыма несие алғанда ақша осы картаға аударылып, одан Киви-әмиянына түскен. Менің атыма 400 мың теңге, ал әкемнің атына 200 мың теңгеден астам несие рәсімделген. Мұны картаның қосымшасын жүктеп қараған кезде бір-ақ аңғардым», – дейді Ахат Нұртай. Жәбірленуші бірден полицияға жү­гінген. Бірақ арыз жазылғанымен, олар мүлде хабарласпаған. Ал телефон шалса, тұтқаны көтермепті. «Бұдан кейін  нөмірімді ауыстырып, банкке менің атыма карта ашпауымды және банктен бұдан былай ешқашан да несие алмайтынымды айттым. Оларда тіпті менің карта ашуға келісім бергенім туралы әңгіменің жазбасы да қалыпты. Сонда адамның дауысы немесе телефон нөмірі арқылы бұл адамның кім және қайдан екенін анықтауға мүмкін болмағаны ма?», – дейді Ахат Нұртай. Дегенмен жәбірленуші жігіттің есеп­шотынан сот орындаушысы Нұрбек Әлі­пов арқылы бірнеше мәрте ақша шешілген. Дәл осыған ұқсас жағдайдан Ахат Нұртай­дың достары да зардап шегіпті. Мәселен, Думан Қазрахметовке Қарағанды қала­сында 134 мың теңге мөлшерінде несие рәсімделіп кеткен. «Мен полицияға арыз жаздым. Ары­зым­ды koke.kz қаржылық ұйымына да жолдап, менің атыма бұдан кейін несие бермеулерін сұрадым», – дейді Думан. Қызылорда қаласында тұратын әпкесі Ақмарал Сүлейменова да зардап шеккен. Бір жыл ішінде бұл адамның басына жарты миллион теңгеден астам несие рәсімделген. Істе жеті бірдей микроқаржылық ұйымдар бой көрсеткен. Олардың әрқайсысынан әйел 50-60 мың теңгеден «қарыз алған». «Менің әпкем мемлекеттік балабақшада жұмыс істейді. Оған тұрақты түрде коллек­торлардан қағаздар келіп тұрды. Біз оны­мен бірге полицияға, прокуратураға бар­дық. Соңғысы онымен қаржылық ұйым­ның арасындағы келісімшарттың жарам­сыз екені жөнінде жауап берді. Енді істі сотқа бермекпіз», – дейді жеке куәлік­терді суретке түсіріп жіберген жігіт. Алаяқтардың құрығына ілінгендердің тағы бірі – Ирина Иващенок. Ұзаққа созылғанымен, бүгінде ол өз ақшасын кері қайтарып, есепшоттарын қайта ашқызып алған. «2019 жылы менің атымнан «Fincap»-тан несие алынған. Ал өткен жылдың ақпан-наурыз айларында коллекторлар телефон шала бастады. Алғашқыда бұлар алаяқтар екен деп ойладым. Қыркүйек айында полицияға арыз жаздым. Алғашқы­да менің өтінішімді қабылдағысы келмеді. Одан кейін тергеуші нөмірін қате жазған­дықтан, оны мүлде жоғалтып жіберді. Ал осы жылдың 25 қаң­тарында менің шот­тарымды бұғаттап, кас­пиден 62 мың тең­гені шешіп алды. Тек осыдан кейін ғана Нұр­бек Әліпов маған атқарушылық парақ­тарды жолдады. Бірақ атқарушылық жаз­баны кері алып, оны Нұрбек Әліповке жібер­геннен кейін ол бірден ақшамды кері қайтарды. Енді ақшамды картада сақта­майтын болдым. Айтпақшы, менің барлық құжаттағы мәліметтерім өзгертілген болып шықты. Құжатта  Алматыда тұрады деп көрсе­тілген», – дейді Ирина. Расында да, соңғы кездері көбейіп кет­кен микроқаржылық ұйымдар жұмысын республикалық деңгейде Үкіметте және Парламентте көтеру қажеттігі туған сияқты. Өйткені ғаламторды аша қалсаңыз, несиені рәсімдеу тіптен жеңілдеген. Ал ол елімізде алаяқтар санын көбейтіп жатқан жоқ па деген заңды сұрақ туғызады. Несие рәсімдеуде қандай да бір биометриялық параметрлер енгізген жөн шығар?! Қазіргі онлайн заман болып тұрған карантин уақытында бұл үдеріс тіпті күшейіп кетері хақ. Мұның артында қаншама адамның тағдыры тұрғанын ескерсек, мәселенің тез арада шешімін тапқаны жөн болмақ.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы