Мұстафа Шентоп – Түркия Конституциясы бойынша президенттен кейінгі екінші тұлға. Оның саяси ықпалы да сол деңгейде деген пікір бар. Саяси өмірге араласқанға дейін ол бірнеше университетте дәріс оқыды. Кейін Реджеп Тайып Ердоған басқаратын әділет және даму партиясында төраға орынбасары қызметін атқарды. Бірнеше рет парламентке депутат болып сайланды. Ал 2019 жылдың ақпан айында Түркия парламентінің спикері қызметіне сайланды. Түркия сапарында Мұстафа Шентопты «Айқынның» сұхбатына шақырған едік.
– Күзде Түркия парламенті АҚШ Конгресінің армян геноцидіне орай қабылдаған резолюциясын сынға алды. Бұл мәселеге қатысты ресми Анкараның ұстанымы қандай? Аталған мәселеде барлық партиялардың пікірі бір жерден шықты ма?
– Түркия парламентінде 5 партия бар. Аталған мәселе қарастырылғанда оның төртеуі Конгресс резолюциясын сынға алды. Тек бір партия ғана қалыс қалды. Олар өз ұстанымын білдірмеді. Не қолдамады, не қарсы шықпады. 1915 жылы Бірінші дүниежүзі соғысы Түркияның (Осман империясы) шығыс бөлігінде жүрді. Соғыс болған соң түрлі жағдаяттар болған. Ол кезде түрік, араб, күрд ұлтының өкілдері де мыңдап қаза тапты. Сондықтан геноцид болды деп айта алмаймыз. Қазіргі президентіміз 2005 жылы премьер-министр қызметін атқарып тұрғанда осы мәселеге қатысты архивті ашайық деп ұсыныс айтқан болатын. Өзім құқық тарихшысы ретінде 1326 жылға дейінгі құжаттарды қарадым. Себебі бізде мұрағат жақсы сақталған. Онда ақпарат мол. Біз бұл тақырыптың ақ-қарасын анықтау үшін Армения тарихшылары бізге келсін, Түркия тарихшылары Арменияға барсын деп ұсындық. Алайда біздің архив ашылғанымен, армян тарапы өз мұрағатын толық ашпады. Сондықтан геноцид болды дегенге келіспейміз, оны құжатпен дәлелдей аламыз.
– Түркия парламенті қазан айында Түркия әскерін Сирияда одан ары қалдыруға рұқсатын берді. Бұл шешім Таяу Шығыстағы ушыққан геосаяси жағдайды одан ары қиындатып жібермей ме?
– Негізі, бұл жаңа шешім емес. Бұл түрік қарулы күштерінің шет жерлерде әскери қимыл жүргізуіне берілетін рұқсат. Біз оны тек ұзарттық. Түркия бұған дейін шет жерде үш операция жүргізді. Парламенттің сол рұқсатты беруі үшінші операцияның жүзеге асу мерзімімен сай келіп қалды. Сондықтан ол жаңалық ретінде таралып кетті. Мәселен, біздің армия Күрд жұмыс партиясына (Partiya Karkerên Kurdistan) қарсы қимылды жүргізу үшін де парламенттің келісімін алуы керек. Ал егер Сирия топырағында жүргізіліп жатқан операцияларымызды алсақ, олар БҰҰ-да жасалған келісімнің негізінде жүзеге асып келеді. 1988 жылы Сирия мен Түркия арасында Адана қаласында Адана келісімі жасалды. Оған сәйкес, Сирия Түркияға қарсы күресетін террористік топтарды өз топырағынан шығаруы міндет. Егер Сирия оны жүзеге асыра алмаса, онда Түркия қажетті шараларды қабылдайды. Бұған байланысты тағы бір дүниені айта кеткен жөн. Егер АҚШ, Франция, Британия коалиция ретінде Сирияға заңсыз басып кірсе, Түркияның әрекеті халықаралық нормаларға сай жүруде.
– Ал Түркия әскері Сирияда әлі қанша уақыт қалуы мүмкін?
–Бұл күрделі сұрақ. Оған жауап біреу. Қазір Түркия жерінде тұрып жатқан Сирия азаматтарына өз еліне оралуға жағдай жасалып, қауіпсіздік кепілдігі берілмей, Түркия шекарасының бойы қауіпсіз болмай, Түркия әскері сол елде қала бермек. Жалпы, біз мәжбүрлі түрде әскер ұстап отырғанымызды айта кеткен жөн. Себебі Сирия өз шекарасын қорғай алса, бейбітшілікті қамтамасыз ете алса, біздің бұл іске араласуымыз қажет болмас еді. Енді өзге елде неге әскер ұстайсыздар деген сұрақ туындауы мүмкін. Оған жауабымыз мынадай. Егер АҚШ сияқты елдер террористік ұйымдарға қарсымыз деп, алыстағы елде өз армиясын жасақтап жүрсе, онда біз де террористерден қорғану үшін шекарамызды қорғауға толық құқымыз бар.
– Түркия парламенті 2016 жылы Конституцияға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік басқару формасын президенттікке ауыстырды. Мұндай реформаға не түрткі болды?
–Негізі, бұл реформа 2017 жылы қабылданды. Мен ол кезде парламент мүшесі ретінде аталған реформамен айналысқан комиссияның құрамында болдым. Бұл аяқастынан шыққан шешім емес. Жалпы, Түркияны парламенттік республикадан президенттік республикаға өзгерту туралы алғашқы жиындар 2012-2013 жылдары өтті. Ол кезде комиссияға барлық партия мүшелері тең қатысты. Бұл мәселе тың дүние емес. Себебі мұндай идеялар 1960 жылдардан бері көтеріліп келе жатқан. Не десек те, бәрін халық шешті. Яғни, тек азаматтардың дауыс беруі арқылы ғана жүзеге асты. Ал реформаның себебіне көшсек, Еуропаның Германия, Нидерланд, Бельгия секілді елдерінде парламенттік жүйелер дағдарысқа ұшырап жатыр. Мәселен, Германияда сайлаудан кейін үкімет құру қиынға соқты. Бельгияда үкіметтің орнығуында біраз проблема бар. Парламенттік мемлекеттің үлгісі деп білетін Ұлыбританияда да Брексит мәселесінде қандай кедергілер туындағанын көріп отырмыз. Түркия дағдарыстарды көріп, оның алдын алу үшін жүйені өзгерту туралы шешім қабылдады.
– Арада біраз уақыт өтті. Қазіргі нәтиже қандай, бұл саяси реформадан түрік халқы не ұтты?
– Реформаның өткеніне 1,5 жыл ғана өтті. Яғни, жүйеміз жас. Оған баға беру ертелеу секілді. Бірақ қазіргі бар мәліметке қарасақ, дұрыс бағыттамыз. Осы реформаны ұсынғанда жүйе толық іске қосылу үшін 2023 жылға дейін 5 жылдық мерзім қажет деп жоспарлағанбыз, яғни әлі біраз уақыт керек. Егер осы уақытта кемшіліктер табылса, олар түзетіледі. Ал жаңа жүйе толық орнығуы үшін өзіндік дәстүр де қалыптасуы керек.
– Желтоқсан айының соңында парламентте 2020 жылғы Түркия бюджеті талқыланып, бекітілуі мүмкін. Бұл мәселеде Ақ партияның ұстанымы қандай? Бюджет талқыланғанда парламенттегі қалған 4 партияның, әсіресе оппозицияның мүддесі ескеріле ме?
– Өзім Ақ партияның мүшесімін. Бірақ парламент спикері ретінде басқа партиялардың жұмысына пікір білдіруім дұрыс болмас. Ал егер бюджеттің бөлінуіне қатысты айтсам, барлық мекемелер келер жылғы шығындарын шілде айынан бастап жоспарлап, ұсына бастайды. Содан кейін бұл жоспар бюджет комиссиясына ұсынылады. Ал қараша айынан бастап барлық партиялар мүше болатын басқа комиссия бюджет ұсынысын қарастырады. Осы комиссияда оппозициялық партияның да пікірі ескеріледі. Содан кейін ғана парламенттің негізгі құрамына ұсынылады. Негізгі жұмыс 20 желтоқсан мен 1 қаңтар арасында жүреді. Биылғы бюджет 2002 жылдан бері Ақ партия тарапынан жоспарланып отырған 18-бюджет. 2002 жылы бюджеттің қарыз көлемі 42 пайыз болса, қазір біз оны 10 пайызға дейін төмендеттік. Бұл жағынан Түркияның қарызы Еуропа елдерімен салыстырсақ, ең төменгілердің бірі болып есептеледі. Ал сыртқы қарызға келсек, ол ІЖӨ-нің 60 пайызынан аспауы керек. Еуропаның кейбір елдерінде бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен, Түркияның қарызы 30 пайыз көлемінде.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбат 2019 жылы 11 желтоқсан күні жазылды.
Сұхбаттасқан Нұрмұхамед БАЙҒАРА