Айлығымыз көп, қайтеміз?

Айлығымыз көп, қайтеміз?

Құдайым-ау, бұ дүниеде айлығың көбейіп кетсе жаман екен ғой? Оны санап жатуға да уақытың кетеді. Ақшаның буы тағы бар. Шіренесің де қаласың! Не аларыңды білмей, дал болатының тағы бар. Көз тиіп, ауырып қалатыныңды айтсаңшы! Қалай болғанда да, айлығыңның көбейгені  мүлде лұрыс емес, Ақшасы көптің проблемасы да көп. Одан да аз айлықпен ақылды бас болып, кейде тоқ, кейде аш болып, кейде жылы, кейде тоңып, кейде өсіп, кейде солып, «без проблем» өмір сүргенге не жетсін? Бүгін біздің мекеме айлығымызды өсіріп жіберіпті. Жынымыздың жүні жығылып, қала әкімдігі алдына наразылыққа шықтық. Мұнда басқа мекемеледрдің жұмыс­шылары де келген екен. – Айлығыңыз қанша? – деп сұрадым бір кісіден. – Бар болғаны, екі миллион теңге ғана! Не деген масқара! Бірден өсіріп жіберді! –  Қай жерде жұмыс істейсіз? –  Автобус жүргізушісімін! –  Депутаттардан да жоғары екен айлығыңыз! –  Құрысын! Сонша айлықты қайтеміз? Үйіміз азық-түліке толып кетті! Итіміз де, битіміз де семіріп барады! –деді әлгі кісі кісінейтін айғырдай болып. Жаным ашып кетті. Өйткені, менің де жетісіп тұрғаным шамалы, айлығым алты жүз миллион! –  Сіз де наразысыз ғой? – деп сұрадым бір әйелден. –  Ия, поштада істеймін. Айлығымды алмай қойдым. –  Е, неге? – деп сұрадым мен. – Қырық мың теңгеден екі жарым миллионға өсіріп жіберген ғой! Масқара емес пе? Бұл не деген қорлау? Үкімет айлық өсіруді қойсын! – Қайта жақсы емес пе? – дедім мен әдей қитығып. – Қайдағы? Анау да келіп қарыз сұрайды, мынау де келіп қарыз сұрайды. Ұйықтай алмайтын болдық! – Ия, айлықтың көптігі денсаулыққа зиян. Саусағыңды жалап санағанда микроб жұғады. – Бір қапшық ақшаны әлі санай алмай жатырмыз! Менің бұл әйелге де жаным ашып кетті. Құдайым-ау,айлығымзды азайтатын кім бар өзі? Дәл осылай ешкім де наразы болмайтын шығар? Наразы болса, оңбайтын шығар? Ақпанның басында Шымкенттегі  «Shymkent bus» компаниясы ғимараты алдында жүздеген автобус жүргізушілері  наразылық шеруіне шықты. Олар айлықтарының көптігіне емес, тым аздығына наразылық танытып келді. Бар жоғы 110 мың теңге алатын жүргізушілерге шынында обал-ақ екен. Көлікті жуатыны бар, түскі тамағы бар, кассаға төлейтіні бар, анаусы бар, мынаусы бар, өздеріне  жетпіс, сексен мың теңге қалады екен. Кондуктордың айлығы тіптен аз, бар-жоғы жетпіс мың! Ал, күндік жоспар, жезөкше сияқты күнде өзгеріп отырады екен. – Бүгін жоспарға үш мың теңге қосылады! – Кеше ғана мың теңге еді ғой? – Нарық, нарық болған соң, біздер қарық! – Ойбай-ау, біздер олай болса, суы жоқ арық! Наразылық танытушыларға сол күні таңертең қала әкімі М. Әйтеновтің өзі келді. Ашулы. Қолын сермей сөйледі. – Талаптарың орынды. Бірақ тараңдар, тарамасаңдар, жағдайларың қиын болады! Басқаша шешеміз!  – деді. – Айлығымызды өсірсін! – Мен мұны білмейді екенмін., – деді әкім ұялып. Шынында қаладағы хал-ахуалды неге білмейді екен? Енді ғана білгені ме? Корпорация бастығы Азат Фархатов жүргізушілердің айлығын екі жүз мыңға, кондукторлардың айлығын жүз мыңға көтеруге уәде берді. «300 мың теңге айлық бере алмаймыз, жағдайымыз нашар» деп қойды. Айта берсек, ауызға алты жара шығатын сияқты. Жалғыз Шымкент емес, Семейде де автобус паркінің жұмысшылары айлықтарын көбейтуді талап еткен еді. Сонда дейміз-ау, жүргізушілер наразылық танытпаса, өздері біліп, айлық мәселесін май шаммен қарауға болмайды ма екен?

Мүхтар ШЕРІМ