Анау екен, мынау екен

Анау екен, мынау екен

Біздің қазекең сол, ру сұрасып, руға бөлініп жүреді. Руыңды құдалығыңда сұра, құдаңыздың құлағын бұра, ол өз еркіңіз! Ал қараптан қарап тұрып бөлінгенді бөрі жейді емес пе? Бәріңіз білесіздер, Ресей пашалығы біздің осынау осал тұсымызды оңай пайдаланып, бір-бірімізге айдап салды емес пе? Бір күнің досым айды аспанға шығарды. – Білесің бе, Американың қазіргі президенті Байден ұлы жүзден екен! – Қойшы? – Шын айтамын, тарихтан тауып алдым. Оның әкесінің әкесі18 ғасырда Шымкентке ке­ліп, бір байдың Әйгерім деген қызы­на ғашық болады. Күнде  бұлақтың басында кездеседі екен. Бірақ бір бірімен сөйлесе алмай­ды. Тілдері бөлек. – Абыдыжықы!» – дейді аме­рикалық жігіт Ричард. Сөйлесе алмаған соң айта салғыны ғой. Содан қыз да қарап тұрмай: – Мыбыдыжықы! –дейді. Сөйлесе алмаған соң, тілін тістеп, бірдеңе істеп, іштен тынған түрі ғой. Бір кезде Әйгерім ұлы ақын Абайдың «Ғашықтың тілі-тілсіз тіл» деген өлеңін есіне түсіріп, тілін сумаң еткізіп шығарады. Анау да сөйтеді. Сөйтіп, екеуі қосылады. Қыздың әкесі көнбеген соң, Америкаға қашып, белден бел асып, үйлеріне жетеді. Үйлеріне жеткенше Әйгерім жеті бала туып береді. Сол бір баланың баласының баласы Бәйкен екен! Президент Байден өзінің тегін өзгертіп Бәйкен деп алыпты. Өзін ұлы жүздің жанысымын дейтін көрінеді. Мен таң қалып, өтіріктің өрігін жеп тұрмын. Бірдеңе дейін десем, өкпелейтін түрі бар. – Білесің бе? – деп сұрадым мен де, – Ресей патшасы Путин қоңырат екен, Путиннің әкесінің әкесі он сегізінші ғасырда  қозы­құйрық теруге қазіргі Бәйдібек ауданындағы Ақтас ауылына келе­ді. Қозықұйрық теріп, ең­кейіп келе жатса, басына бірдеңе тақ ете қалады. Қараса, қазақ қызы екен. Шәуілдірден осын­дағы нағашысына келсе керек. – Как зовут?–деп сұрайды. Қыз түсінбей: – Біздің ауылда зауыт жоқ, – дейді. – Неет, не завод, а зовут? – деп екеуі тырқылдап күледі. Сөйтіп, екеуі көздерімен махаббат ұшқын­дарын «быды­жың,быдыжың!» жібереді ғой! Маха­б­баттары сол жерде оянып, өліп қала жаздайды. Сап-сары орыстың махаббат отына күйгені соншалық, сары білегі қара күйе болады. Содан, оны Есберген деген емшіге апарады. Ол сиыр­дың  жапасын жағып, жеті күнде жазады. – Мынау не? – деп сұрайды Иван. – Құрт қой, құрт. – Неет, я не курд, я русь, рус. Калай жа.. жасайд? – Әйелдер қолтықтарына сүзбені салып, былай қимыл­датып, домалақтайды, – деп әзіл­дейді қыз қолдарын ербеңдетіп. – Ой, ужас! – Жооқ, у қоспайды! – Мама! – Мә мә деп берші дейсің бе? Ала бер! Содан екеуі құрт жеп отырып, Ресейге қашып кетеді. Алты қыр­дан асып кетеді. Иваннан Диван, Диваннан Миван, Миваннан Саша, Сашадан президент Путин туады. Путин де кейде мен орта жүздің қоңыратымын деп мақтана салады екен! Менің қисыннан қиыстыр­ғаныма досым мәз болып қалды. Бірақ санамда «Осы біз билікте, қызметте неге руға бөлінеміз? Түбі бір қазақпыз ғой, миллиондар ғана, аз-ақпыз ғой?» – деген ой сана­ма сурет салды. Шынында, солай, күні кеше бір журналис­тсымақ аты әлемге танылған әнші Димаш Құдайбергенді қырғыз екен, қырғыз руынан деп соқты. Сол екен, сайттар сайтан ұстап алғандай, жамырай жазысты. Ұят енді. Жердің тесігіне кіріп кетейін десем, сыймаймын. Қалай бол­ғанда да, Димаш баламыз өзіміздің қазақ емес пе? Қазақтың атын шетелге паш етіп, қазақ тілінің абыройын асқақтатып жүр ғой? Оны да көп көрдік пе?  Әй, қазақ болу өте қиын, ә?

Мұхтар ШЕРІМ