Шығыс Қазақстанда қыс нағыз күшіне «мініп» тұр. Боран мен желдің қатты соғуына байланысты барлық бағыт бойынша жолдар жабылған. Облыстағы құтқарушылар бір түнде қар құрсауында қалған 137 адамды құтқарған. Оның ішінде он бірі – бала.
Облыс аумағында қазір күшті боран мен жел секундына 28 метрге дейін соғып тұр. Соған байланысты барлық бағыт бойынша жолдар жабылды. Ал одан бұрын үйден шығып кеткен адамдар жолда қалып қойған. Әсіресе, Семей – Қарауыл, Өскемен – Семей және Семей – Алматы тасжолында жағдай нашар. «28 ақпан күні түнде Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайларды бақылау департаменті қызметкерлері 137 адамды құтқарды, оның 11-і – бала. Бұлақ ауылындағы мектепке 30-дан аса адам, төрт бала және қонақүйге 33 адам орналастырылды. Семей қаласында құтқарушылар 18 көлікті жақын елді мекендерге, 40 жолаушысы бар тағы 2 автобусты Семейге дейін шығарып салды» деп хабарлады ШҚО ТЖД өкілдері. Құтқарушылар азаматтарға әлі де көмек көрсетіп жатыр. 15 жол учаскесі жабық, оның 10-ы – республикалық, бесеуі – облыстық маңызы бар жол. Төтенше жағдайлар департаменті Шығыс Қазақстан облысы тұрғындарына ауа райына байланысты ескерту жариялап, елді мекеннен шұғыл қажет болмаса, шығуға болмайтынын хабарлады.Ж.АҚҚАЙЫР